- Advertisement -

Бірлік пен татулық – береке бастауы

202

- Advertisement -

Бүгін елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Бес әлеуметтік бастама – қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» тақырыбында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVI сессиясы өтіп жатыр. Ал бірер тәуліктен кейін бүкіл қазақстандықтар Қазақстан халқының бірлігі күнін мерекелейді. 

Барлық қазақстандықтарды ынтымаққа үндейтін бұл мереке 1996 жылдан бері тойланып келеді. Ол Президенттің 1995 жылғы 18 қазандағы Жарлығымен Қазақстан халқының бірлігі күні деп жарияланды. Бүгінде елімізде бұл мейрамның мән-мағынасы, мазмұны мен көтеретін жүгі мүлде өзгерді, жаңаша сипат алды. Ол – Мемлекет басшысының жүргізіп келе жатқан ізгі саясатының нәтижесінде қол жеткізілген этносаралық және дінаралық татулық пен ауызбірлікті баянды ету. «Бұл күн – біздің халқымыздың бірлігі күні, біздің татулық пен жарастықтың мерекесі. Тәуелсіздікке қол жеткеннен кейін көпшілікке үйреншікті 1 Мамыр мерекесі күнтізбенің мерекелік күндер тізіміне енді» дегені бар Елбасының.
Еліміздің ширек ғасырдан бергі қол жеткізген толайым табыстары, халықаралық қоғамдастықта танылуы, әлемде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан өлшеусіз үлесі бәрі көп елге арман болған саяси тұрақтылықтың арқасы деп айту керек. Жасыратыны жоқ, өздерінің ұлттық мерекесін тойламақ тұрмақ, тәуелсіздігін ала алмай жүрген ұлттар да бар. Оқ пен оттың арасынан, жарылыстардан бас сауғалап қашып, шетелді, жат жұртты паналаған жандар қаншама?! Президенттің тағы бірде «Бірінші мамыр – бірліктің ерекше мерекесі…
Ал тұрақтылық болмаған жерде даму да болмайтынына қазіргі жер жаһанда орын алып жатқан мысалдар жеткілікті» деп айтқаны есімізде. Расында, бейбітшілік пен тұрақтылықтың қадір-қасиетін жете ұғындыратын жағдайлар әлемде аз емес. Аумалы-төкпелі мына заманда мемлекеттік жүйесі бұзылған, береке-бірлігі қашып, ыдырауға айналған елдердің қатары көбейе түскендей. Осының біразында ұлтаралық, дінаралық келіспеушіліктің болып жатқанын жоқ дей алмаймыз. Орын алған қақтығыстар мен жанжалдардың отын тіпті беделді халықаралық ұйымдардың өзі сөндіре алмауда. Бұған мұздай қаруланған коалициялық әскери күштердің де «шамасы келмей» отыр.

Ынтымағы мен бірлігі жарасым тапқан елдің ырысы қашанда арта бермек. Қазақстандық этносаралық татулық үлгісі дәл осыған негізделген. Бұл мәселеде Елбасы Н.Назарбаевтың идеясымен құрылып, бүгінде баламасы жоқ бірегей институтқа айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының орны ерекше. Көп этносты, көп конфессиялы егемен елге дәл осындай құрылым қажет-ақ еді. Оның үстіне, сол жылдары еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайы онша емес-ті. Өндіріс орындары тоқтап, ауылда да, қалада да жұмыссыздық белең алып тұрған. Мұндай қиын кезде этносаралық дүрдараздық орын алмасын деңіз… Соңы болжап-білуі қиын жағдайға соқтыратын өрттің алдын Елбасы ауыздықтады. Ел тәуелсіздігінің бірінші жылдығына арналған Қазақстан халықтарының форумында Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын ұсынды. Сөйтіп, 1995 жылдың 1 наурызында Президенттің Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлығы шықты.
Мемлекет басшысы Ассамблеяның бірінші сессиясында жасаған тарихи баяндамасында: «Мен елімнің Президенті ретінде қоғамдық тұрақтылықты және ұлтаралық келісімді қамтамасыз етуді өзімнің басты міндетім деп санаймын. Бірлік аспаннан өзі келіп түспейді, тек қарқынды жұмыс арқылы ғана келеді. Мен кең-байтақ жерімізде татулық пен тыныштық болғанын тілеймін… Мен қайғыдан шашы ағарған аналардың балаларын жоқтамағанын, сәбилердің мүгедек болмауын, қарт адамдардың күйреген үйлерінің алдында қасірет шегіп, жыламағанын қалаймын», – деген болатын. Елбасының осы сөздері әлі күнге дейін өзекті, маңызын ешқашан жоймақ емес.
Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған кезден бастап орасан зор біріктірушілік, ұйыстырушылық міндет атқарды, елімізде саяси тұрақтылық пен этносаралық бірліктің нығаюына барынша үлес қосты. Соның нәтижесінде Қазақстан толеранттылық пен мәдениетаралық үнқатысу мәселелеріне ерекше мән беретін, оларды халықаралық деңгейге шығара алатын мемлекетке айналды. Өз кезегінде бұл еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізі болды. Себебі қоғамда береке-бірлік сақталған жағдайда мемлекеттің жан-жақты дамуына жол ашылатынын ешкім жоққа шығармаса керек.
Президент татулық пен өзара ынтымақтың ең алдымен қазақтың өзіне қажеттігін жиі айтып, есімізге салып отырады. Осыған баланысты Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясының бірінде «Ассамблеяның ең басты міндеті еліміздегі қоғамдық келісім болып саналады. Ал ұлтаралық татулық мәселесі Ассамблеяның сан қырлы қызметінің бір парасы ғана. Қазақстандағы қоғамдық келісімнің алдымен қазақтың келісімі екенін мықтап есте ұстағанымыз абзал. Татулық пен тұрақтылық ел иесі ретінде ең алдымен қазаққа керек» деп атап көрсеткені сол жиынға қатысып отырғандармен қатар, бүкіл қазақстандықтарды да ерекше тебіренткен еді.
Бүгін өтіп жатқан сессияда да ел іргесін нығайтуға, сан ұлтты Қазақстанның бірлігін, татулығын арттыруға, болашақ ұрпақтың әлеуетін, ауызбіршілігін қалыптастыруға бағытталған шаралар қабылданып, түрлі ой-пікірлер, ұсыныстар айтылатыны сөзсіз. Келелі басқосу жайында газетіміздің келесі санында кеңірек хабарлайтын боламыз.

Астанадан арнайы «Aq jol» үшін
Асхат РАЙҚҰЛ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support