- Advertisement -

Жерді тиімді пайдалану – маңызды іс

107

- Advertisement -

Апта басында Парламенті Сенаты Жер туралы Заңды қабылдағаны белгілі. Оған бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, жер ешқашан шетелдіктерге сатылмайтыны, жалға берілмейтіні, шекаралық жерлерде ешбір шетелдік компаниялар жерге қатысты қызмет ете алмайтыны тайға таңба басқандай етіп нақты жазылған.

Облыстық әкімдікте өткен жер қатынастарына байланысты заң бұзушылықтар, жерді игеру мен бақылау мәселелері бойынша жиында осы заңның талаптары түсіндірілді. Басқосуға облыс әкімдігі жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы, мемлекеттік сәулет құрылысы бақылау басқармаларының басшылары, сондай-ақ прокуратура қызметкерлері мен аудан әкімдерінің салалық орынбасарлары қатысты.
Жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Мәден Мұсаев жер телімдерін ұтымды пайдалану және оның игерілуін бақылау күн тәртібінен түспей келе жатқандығын баса айтты.
Басқосуда облыс әкімдігі жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Серікбай Тәпеев бүгінгі күні салада жер қатынастарына байланысты заңнамаларды бұзу деректері көптеп орын алып отырғандығын тілге тиек етті. Оның айтуынша, заң бұзушылықтардың басым бөлігі тұрғын үй және кәсіпкерлік мақсаттағы құрылыс нысандарына құқық берілген жер телімдерінде орын алуда. Яғни ірі елді мекен немесе осы аймаққа жақын орналасқан ауыл шаруашылық жерлерінде «бармақ басты, көз қысты» жағдайлар жиі кездеседі екен.
– Елді мекендердегі жерлерді рәсімдеу кезінде сәулет және қала құрылысы басқармасы шешуші рөлге ие. Аталған мекеменің қорытындысы болмаған жағдайда бос жер учаскелеріне алдын ала таңдау шаралары жүргізілмейді және рәсімдеу атқарылмайды. Екіншіден, жауапты мамандардың жерді бөлшектеп, тұрғын үй құрылысына беру мәселесінде заңды білмеуі елді мекен арасындағы шекараны бөлу жұмыстарын тежеп келеді. Талас ауданында тұрғын үйге арналған жер телімін кәсіпкерлік нысанға заңсыз өзгерту дерегі бойынша тиісті шаралар жүргізілмеген. Ал Меркі ауданында тұрғын үй құрылысы үшін берілген жер телімінің бір бөлігін кәсіпкерлік нысанға ауыстыру кезінде Жер кодексінің 9-бабына сәйкес мемлекеттік кадастрлыққа төлем алу атқарылмаған, – деді С.Тәпеев.
Айта кету керек, Тараз қаласында да жерге орналастыру мәселесінде түйткілдер көп. Осыған байланысты шаһардағы аталған салаға жауапты бөлімнің басшысы қызметінен кетіп, бұл жағдай қатаң қадағалауға алынған. Тараз қаласы әкімінің орынбасары Жандос Өмірзақов прокуратураның ұсынысы бойынша жұмысшы тобы құрылып, тиісті деңгейде тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқандығын айтты.
Мәден Тоқтарбайұлы мұндай кемшіліктер аудандарда ғана емес, облыс орталығында да орын алып отырғанына өкініш білдіріп, жалпы жағдай жөнінде тексеріс жұмыстары аяқталған соң егжей-тегжейлі баяндайтынын жеткізді.
Бұдан кейін Шу, Талас, Қордай аудандары әкімінің орынбасарлары жер мәселесіндегі заң бұзушылықтарға байланысты жауап берді. Алайда олардың сөзіне сенсек, мұндай кемшіліктерге жол берген жауапты мамандардың көпшілігі бүгінде қызметін ауыстырып үлгерген көрінеді. Жиынды қорытқан облыс әкімінің орынбасары М.Мұсаев жер қатынастары мәселесі бұдан әрі де жіті қадағалауда болатынын қадап айтып, қала, аудан басшыларына тиісінше тапсырмалар жүктеді.

Есен Өтеулиев

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support