- Advertisement -

Өсімдік зиянкестері өріс алмасын десек

256

- Advertisement -

Былтыр өңіріміздегі бірқатар жайылымдық жерлерді шегіртке басып, агроқұрылымдар шаруасына айтарлықтай шығын келтіргені белгілі. Алқаптарды биыл да өсімдік зиянкестері жайламауы үшін алдын алу шараларын қазірден бастамаса, кеш болатыны анық. Сондықтан арнайы мамандар шегірткенің қауіпті ошағын анықтап, дәрілеуге дәл бүгіннен бастап кірісуде. Бұл туралы Жамбыл ауданында өткен семинарда жан-жақты айтылды. Ашық аспан астында өткен жиынға Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева, облыс әкімнің орынбасары Мәден Мұсаев, сондай-ақ Алматы, Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстарының тиісті сала өкілдері, арнайы мамандар, аудан әкімдері мен орынбасарлары қатысты.
Алдымен облыстың зиянкестерге қарсы күрес жоспары мен техникалық жабдықтардың дайындығымен танысқан қатысушылар семинар барысында мәселенің өзектілігіне жіті көңіл бөлді. Гүлмира Сұлтанбайқызы өз сөзінде биылғы жұмыстардың жай-күйіне тоқталды.

– Ағымдағы жылы зиянды және аса қауіпті зиянды организмдердің және карантинді объектілердің таралуы 5,1 миллион, оның ішінде үйірлі шегіртке зиянкестері 1,92 миллион, дәнді дақылдар аурулары 2,4 миллион, саяқ шегірткелер 444,0 гектар алаңда таралады деп болжануда. Әрі оған қатысты шаралар қолға алынуда. Аса қауіпті зиянды және карантинді организмдерге қарсы қорғау іс-шараларына республикалық бюджеттен 3,57 миллиард теңге бөлінді. Бүгінгі күні зиянкестерге қарсы күресті уақтылы ұйымдастыру үшін үйірлі шегірткелерге қарсы 1,9 миллион гектар алқапта өңдеу жүргізуге пестицидтерді жеткізу жөнінде, сондай-ақ оларға химиялық өңдеулер үшін келісімшарттар жасалды, – деген вице-министр республика бойынша бұл іске барлығы 540 бүріккіш техника жұмылдыру жоспарланғанын жеткізді.
Бүгінде марокко шегірткесіне қарсы химиялық іс-шаралар көршілес Оңтүстік Қазақстан облысында қызу жүргізілуде, біздің облыста да қолға алына бастады. Бұл жұмыстарға алдағы уақытта халықаралық сарапшылар тарту көзделіп, өңдеуге жататын алқаптардың ұлғаюына әсер ететін факторларды анықтау да жүзеге асырылмақ. Айта кету керек, цифрландыру жүйесінің көмегін пайдаланып, өсімдік зиянкестерінің таралу ошақтарының электрондық картасын құру да көзделіп отыр екен. Яғни мониторинг жүргізуді бақылау үшін GPS трекерлер мен навигаторлар қолданылатын болады. Сол арқылы фитосанитарлық жағдайды, өңірлердегі шегірткелер бойынша нақты көрсеткіштерді анықтауға мүмкіндік тумақ.
Басқосуда осы және өзге де мәліметтерге қаныққан қатысушылар көкейлеріндегі сауалдары мен ұсыныстарын жеткізуге тырысты. Олардың айтуынша, былтырғы қолданылған препараттардың бірқатарының әсер ету күшінің әлсіздігі мен зиянкестерді жоюға деген қауқарсыздығы көңілді күпті еткен. Биыл да солай болып жатса, бұл таралу аймағының одан әрі ұлғаюына әкеп соғып, шығын көлемін еселеп аламыз ба деген қорқыныштың да жоқ еместігін білдік. Сондай-ақ өңірдегі техникалардың денінің тозығы жеткендігі де сөз болды. 19-60-1980 жылдардағы техникалардың ойдағыдай жұмыс жасауы мұң екенін жасыра алмаймыз. Әйтсе де қолда барды ұқсатып, күрес жұмыстарына жұдырықтай жұмылсақ, олқылыққа жол бермеуге болатыны баса айтылды.
Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты бас директорының ғылым жөніндегі орынбасары Бақытжан Дүйсембеков аталмыш семинар барысында химиялық препараттардың салдарына мән беруге шақырып, оның орнын биологиялық препараттарға ауыстырудың маңыздылығын атап өтті.
– Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан аса қауіпті зиянкестердің он бір, ал карантиндік организмдердің он алты түрі бекітілген. Солардың қатарында біз негізге алып отырған марокколық, азиялық және италияндық шегірткелер де бар. Бұл зиянкестермен күреске мемлекеттен қыруар қаржы бөлініп келеді. Аумақтарды өңдеуге, химиялық препараттар сатып алуға, сақталуы мен тасымалдау үшін жылына 3-4 миллиардтай қаржы қарастырылғанмен, олардың тиімділігіне келгенде көптеген сауалдар туындап жататыны жасырын емес. Ал олардың қоршаған ортаға, өсімдіктерге тигізетін кері әсерлерін де айтпай кетуге болмас. Сол химиялық препараттар қолданылған аумақта жайылған сиырдың зәрінен сегіз күнге дейін зиянды заттардың табылатыны анықталған. Яғни ол сүт арқылы адам ағзасына да өтеді деген қауіпті жоққа шығара алмаймыз. Осының салдарынан түрлі обыр аурулары мен аллергиялық қабынулар белең ала түсуі мүмкін, – деді ол.
Жиын соңында Бақытжан Дүйсембековпен тілдесіп, аз-кем сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Демек, бұл ретте өзіңіз атап өткендей, биологиялық препараттардың үлесін арттыру керек қой.
– Әлбетте, дамыған елдерде химиялық пестицидтерді қолдануға және өсімдік шаруашылығы өнімдерінің құрамындағы токсикологиялық қалдықтарға деген талаптарды күшейтіп, ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілерге биологиялық әдісті кеңінен қолданып, өсімдікті қорғауға мәжбүрлейді. Бүгінде Қытайда бұл бағытта биологиялық әдісті қолдануды бар-жоғы он жылда жетпіс пайызға жеткізіп, 2020 жылға жейін жүз пайызға жетуді көздеп отыр. Қазіргі таңда біз де іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізіп, осы зиянсыз әдісті қолға алып отырмыз. Атап айтсақ, аталмыш зиянкестерді жоюға арналған «Миколар – В», «Миколар – М», «Новакрит» және жұлдызқұрттарға арналған «Ақ көбелек» деген биологиялық препараттарымыз мемлекеттік тіркеуден өтіп, оны қолдануға тапсырыстар түсуде. Бүгінде сынамалы түрде бірқатар облыстар 100 гектар көлеміндегі алқаптарда осы препараттарды қолдануда. Сол сияқты бүгінгі күні Жамбыл облысынан да осынша аумаққа қолдану бойынша сұраныс түсіп отыр.
– Бұл биологиялық әдістің әсер ету күші қай деңгейде? Химиялық препараттармен бәсекелесе ала ма?
– Әрине, әсер ету деңгейі 90-95 пайыз көрсеткішті құрайды. Демек, химиялық препараттардан еш кем түспейді. Ал тиімділігі – зиянсыздығында. Жоспар бойынша біз шегірткелермен күресте биологиялық әдістің көлемін 40 пайызға жеткізуді мақсат етіп отырмыз. Алдағы 4-5 жылда тіпті еселей түсеміз деп ойлаймыз. Бүгінде ғылыми жобаларымыз бен бағдарламаларымызды мемлекет, министрлік қолдап отыр.
– Бүгінгі семинарда айтылғандай, шегірткемен күресті күшейтуді қолға алып жатқанымыз дұрыс-ақ. Әйтсе де осыған дейінгі зиянкестерге қарсы жұмыстың тиімсіздігін неден іздеуге болады?
– Меніңше, техникаларды дұрыс қолдану жағы күмән тудырады. Препараттар мен техниканың мүмкіндігін есептеп, пайдалану әдісін өзара ыңғайластыру қажет. Сонымен қатар күресті ерте бастан қолға алған абзал. Бұл орайда енгізіліп жатқан электронды картаның көмегін тиімді пайдалану да басты шарттардың бірі болса, ұтылмаймыз. Тағы бір айта кететін жайт, аталған дәрілерді бүркудің ережесіне мән берілмейтін сияқты. Шегіртке қаптаған кезде қалайда жоюдың қамымен күндіз-түні жұмыс жүргізу керек болады. Ал күндізгі +25 градус жылылықта себілген препараттар тиісті жерге жетпей буланып, текке рәсуа болады. Оның буланып, өзге бір жерге жауын болып түсуі тағы да жануарлар мен адамдардың улануына әкелуі мүмкін. Демек, жұмыс жүйелі, іс-шаралар ережеге сай атқарылуы қажет.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support