- Advertisement -

Көшеміз бен ауламызда қандай ағаш өсіп тұр?

248

- Advertisement -

немесе «Желтоқсан» аллеясына отырғызылған павловнияны көргеннен кейінгі ой

Бағамдап байқар болсаң, табиғат-ана тым шебер ғой! Адам қолымен егілмесе де, өлкемізді көмкерген көгеріш қалың. Әрбір белдеудің өзіне тән бұта-бытқыл, ағашы бар. Құмда – сексеуіл, далалық алаңқай жерлерде – қарағаш, жиде, үйеңкі, тауда – шынар, шырша, арша, қарағай балақтай өсіп, бой түзеумен тұр. Адам қолы тиюімен таудағы қылқанды жапырақтылар «ойға түсіп», жеке аула, көшелерімізді көріктендіргелі қашан! Тропиктік, қоңырқай климатты құрлықтарда өсетін сәндік ағаштар да «қолға үйретілуде». Бұл біздің өңіріміздің құнары молдығын, таяқ шаншысаң, тал болып өнетінін көрсетсе керек.

Содан ба, соңғы жылдары қалалықтардың ауласына, көшесіне сирень, сакура, қайың, айлант, олений рог (бұғымүйіз) секілді ағаш түрлерін егуі «сәнге» айнала бастады. Өзім тұратын көп қабатты үй мен оған жапсарлас жеке сектордағы үйлер тұрғындары да осындай таңдау жасапты. Әркімнің әрқалай жолмен тапқан ұрық-дәні, көшетінен көктеп шыққан әлгі ағаштар көктем келісімен тегіс гүлдеп, айналаға хош иіс таратумен тұр. Жақсы-ақ емес пе? Облыс орталығындағы «Астана» ықшам ауданындағы аяқжолдар бойында сылана бой түзеген жас қайың көшеттері де көз қуантады…
Жуырда облыс әкімі Асқар Мырзахметов бастаған табиғат жанашырлары «Желтоқсан» аллеясына өңір тұрғындары үшін таңсықтау тал-дарақтың тағы бір түрі – павловнияның жүз шақты көшетін отырғызуы айрықша оқиға болды. Аталған аллеяны қайта жаңғырту жобасын жүзеге асыруды қолға алған «Табыс-Жоба» ЖШС-ның жетекшісі Н. Махатовтың айтуынша, павловнияның пайдасы өте көп екен. Әлемдегі ең жылдам өсетін жапырақты ағаш, 3 жылда 15 метрге дейін және 7-8 жылда 22-25 метрге дейін өсетін көрінеді. Қазіргі уақытта кем дегенде 6 түрі анықталған. Жапырақтары үлкен, әсіресе бірінші жылда бір гектардан 1200 тоннаға дейін көмір қышқыл газының сіңірілуін қамтамасыз етеді, яғни ауаны тазартады.
Оңтүстік аймақта көрікті де өсімтал, ауаны тазартуға, күннің ыстығында сая болуға пайдасы өте мол осынау ағашқа сұраныс та көп-ақ. Жазда екі ай бойы хош иісті сиякөк, ақшыл түсті гүлдерімен көз жауын алып, қала ажарын да аша түсері анық. Үлкен жолдардың бойына да отырғызуға болады. Павловния өзіне ерекше күтімді қажет етпей-ақ, тақыр жерді 7 жыл ішінде орманға айналдыра алады екен. Көзін тауып, дұрыс пайдаланған адамға, мысалы жиһаз жасауда, бұл ағаш үлкен табыс көзі де бола алады. Оның жапырағының да химиялық құрамы бай. Онда 20 пайызға дейін протеин бар, жоңышқа тектес құнды мал азығы болып табылады. Әрі бауыр, өт жолдары, бүйрек, өкпе ауруларына да мың да бір ем көрінеді.
Рас, бүгінде ауылдарды қарағашсыз елестете алмайсың. Алайда шаруаға ебі бар азаматтың одан гөрі құрылыс материалына жарайтындығы үшін терек егіп, өсіруді тиімді көретіні анық. Әрине, жеміс ағаштарын өсіруге басымдық қашаннан бар. Өкініштісі, кей өңірлерден аталарымыз кезінде киіз үйдің уық, керегелерін жасауға пайдаланған бозтал, сәмбі тал-дарақтарын кездестіруің қиын. Ал қала мен дала аралығындағы күрежолдар бойының желден, қардан қорғалуы, жолаушыларға сая болуы үшін көкжелекпен көмкерілуі әлі де кенжелеумен тұрғаны қанша? Дала, түздің «жалаңаш» тәні қандай да бір көк желекпен көмкеріліп тұрғанының артығы жоқ қой.
Осындайда жерге шыбық шаншысаң өсе беретін құнарлы топырақтан тұратын облыс орталығы Тараз қаласының бас жоспарын қарағанда, тек ғимарат пен тұрғын үйлер ғана емес, қай көшеге қандай ағаштар отырғызу мәселесі де ескерілсе деген ой келеді көңілге. Әсем үй мен әдемі ғимарат қана емес, көрікті тал-дарақтар да шаһарды шаттыққа бөлейді емес пе?! Жанға дауа жасыл желек қаланың қаншалықты көрікті екендігін көрсететін басты көрсеткіші де. Павловния ағашы көшеге көрік беретін болса, саялы жапырағы да пайдалы болса, оны неге өңірімізде көптеп өсірмеске? Аудан, қала халқы да жергілікті климатқа бейімделген, әлемдегі ең жылдам өсетін осы ағаш түрінің көптеп өсірілуін таңдайтыны анық.
Ең бір қуанарлығы сол, бұл мәселеде құр текке қарап отырған жоқпыз. Бүгінде қала аумағындағы қараусыз қалған саябақтарымыз көпшілік демалатын орынға айналдырылу үстінде. Мамандар да Таразда павловниямен қатар сәндік ағаштар сакура мен магнолияны да егіп өсіруге болатынын айтып отыр. Кәрі ағаштардан құтыла алмай отырған көне шаһарымызға сәндік ағаштарды көптеп отырғызса, ол туристердің де көзайымына айналар еді. Жазы ыстық өңірде көлеңкесі жоқ шырша мен аршадан гөрі, міне, осындай сәнді де саялы ағаштар өсіру әлдеқайда тиімді емес пе?!
Ал сіздің көшеңізде ше… қандай ағаш өсіп тұр?

Баймаханбет АХМЕТ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support