- Advertisement -

Қағаз жүзіндегі «сатып алулардан» құтылу керек

90

- Advertisement -

Елбасының биылғы Жолдауын­дағы денсаулық сақтау саласына жүктелген міндеттердің бірі – «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру. Жалпы қай салада болсын, басқару және қызмет көрсету ісін электронды жүйеде жүргізудің тиімділігі жоғары. Бұл бірінші кезекте жең ұшынан жалғасатын сыбайластықтың жолын кеседі. Сондықтан болар, бүгінде барлық мекемелерге мемлекеттік сатып алуларды жаңа жүйе бойынша орындау талап етілуде. Дегенмен бұл талапты толықтай жүзеге асыруға әлі уақыт керек секілді.
Осы аптада өңірімізге жұмыс сапарымен келген 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының жүзеге асырылуын бағалау және сыртқы талдау жөніндегі арнайы мониторингтік топ мүшелері бірқатар мекемелерде «конверттік» сатып алулар дерегі барын мәлімдеген еді. Солардың қатарында медицина саласына қатысты ұйымдар да аталған. Бұл мәліметті облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов та жоққа шығармайды. Алайда оның нақты себебі бар.
– Бүгінгі таңда денсаулық сақтау саласы бойынша барлық сатып алу үлгілері электронды түрде жүргізіледі. Қағаз жүзінде жүретіні – тек медициналық жабдықтар мен құрылғылар. Оның өзі Үкімет қаулысының негізінде іске асырылады, – деді өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте басқарма басшысы.
Электрондық жүйеге көшу үшін алдымен облыстағы емдеу ұйымдары тиісті құрал-жабдықтармен қамтылуы қажет. Марат Сейітбекұлының сөзіне сүйенсек, бүгінде өңірдегі 42 мекеме медициналық ақпараттық жүйемен қамтылған. Ауылдардағы 343 нысанның жүйеге қосылғаны – 232. Жалпы аймақтағы 4962 медициналық қызметкердің 3762-сі компьютермен қамтылған. Пайыздық көрсеткіші – 76. Сондай-ақ Тараз қаласы мен аудан орталықтарында интернет байланысымен қамтылуы тиіс 40 мекеменің барлығы желіге қосылған. Сондықтан салада маусым айында қағазсыз жұмыс процесіне көшу ісінде кедергі болмауы тиіс. Ал шілдеде электрондық денсаулық паспорты енгізілуі керек.

Ардақ ҮСЕЙІНОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support