- Advertisement -

Ізгілік іздері

242

- Advertisement -

Жазушы Пернебай Дүйсенбин оқырмандарымен сырласты

Кие дарып, құт қонған Әулиеата өңірі ешқашан қаламы қарымды, қадамы алымды қаламгерлерге кенде болған емес. Жуалыда туып, алаш аспанында жұл­дызы жанған Шерағаның ізін жалғаған хас таланттар ортамызда жүр.
Сарысудың самал желінен жанға қуат алған белгілі қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Еңбек Қызыл ту орденінің иегері, ауданның Құрметті азаматы, балаларға арналған Халықаралық «Дарабоз» байқауының бірнеше дүркін жеңімпазы Пернебай Дүйсенбиннің 75 жасқа толған мерейтойына орай Ш.Уәлиханов атындағы әмбебап-ғылыми кітапханасында «Қарлығаш көңіл қаламгер» атты жазушының оқырмандармен пікірлесу, сырласу кеші өтті.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған шара барысында жазушы Пернебай Дүйсенбин шешіле сөйледі. Шығармашылығы туралы, өскен ортасы жайында бүкпесіз әңгімесін жайып салды.
– Мен 1943 жылы малды ауылда туғанмын, әке-шешемнен бөлек өстім. Біз табиғат аясында жетілдік. Жазда жайлауды, қыста қыстауды көрдік. Сондықтан көпшілікпен араласа қоймадым. Біле білгенге, құстың үні, бұлақтың сыңғыры секілді табиғат тамашаларының бәрін көңіл көзінен өткіздік. Эрих Распенің «Мюнхгаузеннің бастан кешкендері» атты шығармасын қызыға оқыдым. Жүрегімнің төрінен орын алды. Бозбала шағымда салған суреттерім 5 миллион таралыммен тарайтын «Пионерская правда» газетіне шыққан. Жүздеген хаттар келіп, мерейімізді тасытатын. Суретші болар ма едім бәлкім, тек бағыт беретін адам болмады. «Лениншіл жас» газетінде Шерағаңның батасын алдық, Оралхан Бөкей «Пернебай, сенің жазғандарыңның бір сөзіне де тимейміз» деп бағасын беріп, қайран қалдырған еді», – деді жазушы өз ойын ортаға салып. Бұдан соң жазушының немерелері Асыл мен Көркем атасының «Таза бұлақ», «Сүйемін» атты бозбала кезінде жазған өлеңдерін жатқа оқып, залға жиналған оқырмандардың ризашылығына бөленді.
– Балалар әдебиеті – өте қиын жанр. Мен мектепте директордың орынбасары, директор қызметтерін атқарғанда, балалармен саяхатқа шығып жүрдік. Жайшылықта ашыла қоймайтын бала табиғаты жаңа кеңістікке, еркіндікке шыққанда толығымен ашылады. Сырына қанығасың. Ауылда балалар арасында түрлі қызықты оқиғалар болады. Сол себепті балалар туралы жазған маған қызық. Жеті мәрте үлкен байқаулардың лауреаты атандым. Жазушы жеңіл, балаларға ұғынықты тілде жаза білуі керек. Алғаш «Кішкентай генералдар» атты туындым жабық бәйгеде олжа салған, – деген жазушы өзге де әңгіме-повестерінің жазылу тарихы туралы әңгімелеп берді. «Үркердей болып көшкен жұрт», «Шеркешнама», «Сарысунама» секілді тарихи кітаптарының мазмұны туралы ой өрбітті.
Әдеби кеш барысында жас ақын Жұматай Көксубай қаламгерге арналған отты жырын оқыса, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың студенті Асқар Қожағұл Қадір Мырза-Әлінің жазушыға арнап жазған өлеңін оқып берді. Еркін форматта өткен сырласу кешінде жазушы-драматург, облыстың Құрметті азаматы Елен Әлімжан сөз алып, замандасының адами қасиеттері, шығармашылығы туралы ойын ортаға салды.
– Пернебаймен студент кезде көп араласпадым, сырттай жақсы таныдым, білдім. Оның суретшілер туралы жазған мақалаларын әлі күнге жаза алмаймын. Алматыда жүрген Пернебайдың Сарысуға атбасын бұруында үлкен сыр жатыр. Ол қаламгерлік қуатын арттыру үшін Алматыға емес, Алматыдан ауылына келді, – деді жазушы-драматург қаламгер туралы пікірін білдіріп. Шара барысында филология ғылымдарының докторы Сәмен Құлбарақ, ақын Ғайни Әлімбекқызы, облыстық «Балалық шақ» газетінің бас редакторы Гүлнар Есмаханова, облыстық «Aq jol» газетінің бөлім редакторлары Баймаханбет Ахмет пен Амангелді Әбіл жазушының шығармашылығы, беймәлім қырлары туралы тебірене әңгімеледі. Қаламгердің жары Зағиша апай отағасының адами қалыбы туралы ойымен бөлісті, шабыттанып ән шырқады. Кітапхана директоры Эльмира Әбдінова жазушы мен оның жарына алғысын айтып, сый-сияпат жасады.
Әсерлі әңгімелермен әдіптелген кеш соңында жазушы Пернебай Дүйсенбин залға жиналған оқырмандарға «Зертөбе», «Арайлы таң алауы» атты кітаптарын тарту етті. Жүрегіне ізгілік нұры қонақтаған адам ғана балалар әдебиетіне құлаш ұра алса керек. Біз кездесуден осындай ой түйдік, жүрегімізде ізгілік іздерін әлдилегендей болып қайттық.

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support