Аутизм дерті жасөспірім балаларда кездеседі. Оның туа пайда болатын да, жүре байқалатын да түрлері бар. Аурудың 30 пайызы қан арқылы тарайды екен. Мамандардың айтуынша, мұндай санаттағы балалардың іс-әрекеті ерекше байқалады.
Бүкіләлемдік аутизм күніне орай облыс әкімдігі психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңесі және ата-аналардың бірлескен қоғамының ұйымдастыруымен балалардың көркемсурет және шығармашылық көрмесі өтті. Оған 80-ге жуық еңбек қойылған. Көрмеге жиналған көпшіліктің алдында облыс әкімінің мүгедектермен жұмыс жөніндегі кеңесшісі Руслан Төлегенов көрмеге қатысқан балалардың ізденісін жоғары бағалады. Мұнан соң консультант-психиатр Асыл Жылқайдарова сөз сөйлеп, мұндай санаттағы балаларды тәрбиелеудің маңыздылығына тоқталды.
Жиын барысында білгеніміздей, ата-аналар Рашида Каримова мен Нұргүл Үсен бірлесіп, «Мен ерекшемін» атты орталық ашыпты. Қазір мұнда аутизм белгісі бар 14 бала тәрбиеленеді. 4 маман тұрақты жұмыспен қамтылған. Дәрігер, психолог мамандар жеткілікті.
– Аутизм белгісі бұрын 10 мың баланың біреуінде кездессе, қазір 100 баланың бірінде ұшырасады. Соңғы жылдары көбейіп барады. Облыс бойынша мұндай санаттағы балалар саны – 78. Тараз қаласында 25 баланы құрайды. Бұл топтағы балалардың ешкімге зияны жоқ. Бірақ қалыпты жағдайдағы балалардай емес. Көбінесе, үй жағдайында оқытылады. Аутизмнің көбеюінің бір салдары – ата-ананың салғырттығында, дәрігерлік тексерулерге кеш келетіндігінде. Алдағы уақытта да ата-аналармен бірлесіп, мұндай санаттағы жеткіншектермен жұмысты жалғастырамыз, – дейді облыстық кеңес меңгерушісі Айгүл Медетбекова.
Е.Жаңабайұлы
Comments are closed.