- Advertisement -

Ұрпақ өзге ағымға ұрынбасын десек…

104

- Advertisement -

Мемлекеттің өркендеуіне, білім мен өнер саласының дамуына үлес қосып жатқан жалынды, қарымды азаматтар баршылық. Өз пікірін еркін айтатын, мақсаттары айқын ұрпақ өсіп, қалыптасып келе жатқаны қуантады. Билік тарапынан білім алуға, отбасын құрып, еңбек етуге барлық жағдай жасалған. Ең бастысы, тұрақтылық пен бейбітшілікті ту еткен тәуелсіз мемлекетіміз бар. «Еліңнің ұлы болсаң, жұртыңа жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып, көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп, еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа», деген Елбасының өсиеті жастарды ынталандырып жат көзқарастарға бой алдырмауына себеп болуы тиіс-ақ.

Әрине, жоғарыдағы айтылған мәселелер елімізде ешқандай проблема жоқ дегенді білдірмейді, әлі де болса шешімін таппай, қордаланған мәселелер баршылық. Атап айтсақ, жастар тәрбиесі, өз-өзіне қол жұмсау, қылмыстың өсуі, жұмыссыздық, сыбайлас жемқорлық, сондай-ақ дәстүрлі емес діни ағымдар жетегіне ерген жастардың легі әлі толастамай тұр. Бұл мәселелерді шешу жолында тек мемлекет қана емес, қоғам болып бірігіп күресу қажет.
Түйіні тарқамаған түйткілдердің ішінде деструктивті діни ағымдардың ықпалынан Қазақстан жастарын қорғап қалу мәселесіне кеңірек тоқталған жөн. Өйткені бұл проблема қашан да өзекті саналады. Соңғы он жылдың ішінде діни сауаты төмен қазақ жастары жат ағымдармен санасы уланған топтардың арбауына түсіп жатқаны баршаға мәлім. Олардың кейбіреулері шетелдегі саяси соғыстарға қатысып, өзге мемлекеттерге кетіп қалып жатыр. Сондай-ақ бұқара арасында діни фанатизмнің өршігені соншалық, өз елінде діни тұрғыда террористік әрекеттер жасап, жазықсыз азаматтардың өміріне қауіп төндірумен қатар он екі ғасырдан астам уақыттан бері қалыптасқан ұлттық құндылықтарға тікелей қарсы шығып, қоғамымызда діни алауыздық туғызу үдерісі де байқалуда. Өзін мұсылман деп есептеген адамдардың пікірін қолдамағандарды қазақ халқының тарихында болмаған «күпір», яғни кәпірлікпен айыптауы, дүние-мүлкін тартып алуы, қоғамнан оқшауланып, кейбір заң нормаларына қарсы шығып, мемлекетке өштесуі, әрине қасірет. Бұл мәселелер мемлекеттің тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне қатер төндіреді.
Қазақстан жастары жат діни ағымдардың ықпалына кетпесін десек, бірқатар мәселелерге назар аударғанымыз жөн. Әсіресе ата-аналар жасөспірім балаларын діни міндеттерді орындауға қызығушылығы оянған кезде қатты қадағалауы шарт. Буыны қатпаған, бұғанасы толық бекімеген бала әрқашан қолдауды, қорғауды талап етеді. Бұл – асыл парыз. Олардың сауаты толысқан, мемлекеттік тіркеуден өткен бірлестіктердің мамандарынан білім алғаны ләзім. Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының тілімен айтқанда, «Балам деген жұрт болмаса, жұртым деген бала қайдан шықсын?!» Ендеше ата-ана бала болашағы үшін жауапкершілік жүгін тереңнен сезінсе, түйсінсе дейміз. Сонымен қатар ұлттық діни сананы әрбір отбасында насихаттап, дастарқан басында өсиет етіп айту керек. Ислам дінін ұстанған ата-бабаларымыздың тарихи, әдеби шығармаларын, аңыз-дастандарын, батырлар жырын, ертегілерді, мақал-мәтелдер мен тағылымы терең Абайдың қара сөздерін бала бойына жастайынан сіңірсе, нұр үстіне нұр болар еді. Осылайша бала шынашақтай кезінен біліммен қаруланса, дәстүрлі діни санасы қалыптасып, рухани тұрғыдан кемелдене түсері анық. Нәтижесінде ондай баланың бойында радикалды, деструктивті, жат діни ағымдарға қарсы иммунитет қалыптасады.
Сүйінбай Аронұлы «Жақсы мен жаман адамның қасиеттері» атты өлеңінде:
«Жақсы жігіт ел-жұрттың қаласындай,
Жақсы әйел әмме жұрттың анасындай.
Жақсыға ешкімнің де жаттығы жоқ,
Көреді бәрін де өз баласындай.
Жаман парқы жақсымен бірдей емес,
Жақсы жігіт елінің ағасындай.
Жақсының сөзін әркім пайдаланар,
Миуалы алма, өріктің ағашындай» десе, жаман қасиеттер жайында:
«Жамандар – өтірікші, өсегі көп,
Ел-жұрттың іріткі салар арасына-ай.
Жалған сөзбен бықсытар ел арасын,
Жанбай қалған ағаштың шаласындай» деп, жақсы мен жаманның аражігін ажыратып берген. Бұдан асырып не айтуға болады?
Шынында да ұлттық тәлім-тәрбиенің негізі – ұлт әдебиетінде жатыр. Жас кезінен әдеби шығармаларды көп оқығанның тоқығаны мол болары сөзсіз. Түйіп айтқанда, жақсы болмақ адамның өзіне байланысты. Қазіргі бүлік іздейтін емес, білім іздейтін, жанып тұрған жастың өшетін емес, өсетін заманы.

Сержан ҚҰЛТАЕВ,
облыстық оңалту орталығы
басшысының орынбасары

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support