- Advertisement -

Сауап алу үшін сауатты болу керек

219

- Advertisement -

Облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаровтың төрағалығымен өткен, журналистерге арналған семинарда бірқатар мәселе талқыға түсті. Әуелі басқарма басшысы өзекті жайттарға тоқталып, дін көрінгеннің қаузайтын тақырыбына айналғанына, кейбір жастардың теріс ағым жетегінде кеткеніне, расталмаған діни ақпаратты таратушылар пайда болғанына алаңдаушылық білдірді. Жалпы, басқарма елімізде дін саласы бойынша қабылданған 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдаманы және діни заңдарды басшылыққа ала отырып жұмыс жүргізеді.

Шараны ұйымдастырушылар БАҚ өкілдерін еркін әңгімеге, ой бөлісуге шақырды. Бұл ретте, Байзақ аудандық «Ауыл жаңалығы» газеті бас редакторының орынбасары Гүлшаһар Әбдіқұлова «жат ағым», «теріс ағым», «кереғар ағым» деген ұғымдардың нақты қайсысы дұрыс екендігін сұрап, ой тастаса, Шу аудандық «Шу өңірі» газеті бас редакторының орынбасары Динара Батырқайырова, Жуалы аудандық «Жаңа өмір» газетінің бөлім меңгерушісі Абылайхан Сәрсен, Жамбыл аудандық «Шұғыла-Радуга» газетінің бөлім меңгерушісі Дүйсенбек Орманов өздері еңбек ететін басылымдарда жарияланып жатқан діни тақырыптағы мақалалар туралы сөз сабақтады.
Облыс мешіттеріндегі имамдардың 13 пайызы ғана жоғары білімді, 30 пайызы медресе бітіргендер екен. Ал 47 пайызы 4-5 айлық курстан өткен кісілер. Осы орайда Жангелді Омаров бүгінге дейін имамдарға демеушілер есебінен жалақы төленіп келгенін, кейін үнемі төлеп тұруға кәсіпкер азаматтардың да мүмкіндігі болмай кеткенін, алайда қазір Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан «Уақып» қоры құрылғанын, сол арқылы облыста материалдық жағдайы төмен 20 имамға 50-55 мың теңге көлемінде жалақы төленіп жатқанын айтты. Сондай-ақ ол түрлі жат ағымдардың ықпалынан алыс болу үшін мешіт және басқа да діни орынға келуші жамағаттар сауатты болуы қажеттігін, осы тұрғыда діни орындардағы қызметкерлердің білімін көтеру жүзеге асып жатқанын, енді заңға сәйкес әр азамат алдымен өзіміздің елде 4 жыл бойы діни білім алатынын, содан кейін шетелде білімін жетілдіруге құқығы бар екенін әңгімеледі.

* * *

Облыс әкімдігі дін істері басқармасының ұйымдастыруымен дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері мен мешіт имамдарының біліктілігін арттыруға арналған облыстық оқыту семинары өтті.
Әуелі Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясының оқытушысы, Алматыдағы «Білім» мәдени-ағартушылық орталығының директоры Руслан Иржанов мемлекетіміздің тұрақтылығы, қауіпсіздігі басты мұрат екенін айтып, бұл ретте дін саласының маңызды рөліне тоқталды. Ол Дін істері комитеті жанындағы ақпараттық-түсіндіру тобының өкілі ретінде де көпшілік назарын ең қажетті мәселелерге аудара білді.
Содан кейін Алматы қаласы, Наурызбай аудандық «Әбу Бәкір» мешітінің бас имамы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі Мәди Ахметов көпшілік назарын отаншылдық сезімдерге аудара отырып, имандылықтың асыл құндылықтарынан сыр шертті. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану және Оңтүстік Азия кафедрасының меңгерушісі Рашид Мұхиддинов Азия елдері арасындағы ислам көзқарасы тұрғысындағы байланыстарға тоқталып, дін ғылымынан терең ой қозғады. Аталған оқу орнының аға оқытушысы, PһD докторы Құдайберді Бағашаров өзекті ойларын сабақтады.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support