- Advertisement -

Ынта болса, жұмыс жоқ емес

131

- Advertisement -

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен жиында өңірдегі жұмыспен қамту мәселелері сөз болды. Нақтырақ айтсақ, қаңтар-ақпан айларындағы өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны нақтыланып, атқарылған жұмыстар талқыланды.

Жалпы биыл облыста жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кешенді жоспарына сай 32452 адамды жұмыспен қамту межеленіп отыр. Сонымен қатар, өңірде 538 мүмкіндігі шектеулі азаматты жұмысқа орналастыру көзделген. Тиісті басқарманың мәліметіне сүйенсек, өткен 2 айда 4721 жамбылдық жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылыпты. Тек екі айдың ішінде облыста денсаулығына байланысты мүгедектік топқа шығарылған 90 жан жұмыс орнымен қамтамасыз етілген. Негізі өңірде бір жыл ішінде 5368 тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланса, қаңтар-ақпан айларында 802 тұрғын тұрақты табыс табу мүмкіндігіне ие болған.
Биыл облыста «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына» 9,9 миллиард теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтсақ, бағдарламаның 1-бағыты бойынша барлығы 4870 адамды қысқа мерзімдік оқу курстарына тарту көзделген. Осыған байланысты аудандар мен Тараз қаласындағы еңбек нарығындағы үлкен сұранысқа ие 47 мамандық анықталып, азаматтарға білім беретін оқу орындары нақтылануда.
Сондай-ақ «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша барлығы 2336 адам кәсіпкерлік негіздерін үйрететін курстарда оқытылады. Ал ауыл тұрғындарына несие беру үшін 2,6 миллиард теңге, қаладағы кәсіпкерлік нысандарын ашуды несиелендіру үшін 7,6 миллиард теңге қарастырылып отыр. Бағдарламаның 3-бағыты бойынша да жоспарлы жұмыстар жүргізіліп, 716 тұрғынды әлеуметтік жұмыс орындарына, 818 түлекті «Жастар практикасына», 1581 азаматты ақылы қоғамдық жұмысқа тарту жоспарлануда.
Өңірде «Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру» бағытындағы жұмыстар да жүйелі жүргізілуде. Осы мақсатта жыл басынан бері 10 жамбылдық отбасы Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарына қоныс аударды.
Жыл басында зейнетақы жарнасы аударылмай жұмыс істеп жатқан азаматтардың мәселесі көтерілген еді. Бұл мәселеге қатысты нақты деректер де анықталған болатын. Қазіргі кезде облыста 3782 адамның еңбек қызметі заңдастырылып отыр. Осындай тиісті шараларды қолға алудың арқасында өз бетінше нәтижесіз жұмыспен қамтылғандардың саны 5557 адамға азайған.
Жиын соңында салалық басқарма басшылары облыстағы жұмыспен қамту саласындағы жұмыстарды жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстарын жеткізді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support