- Advertisement -

Маман бар, бірақ қызығушылық төмен

119

- Advertisement -

Ақпан айындағы мәліметке сүйенсек,өңірдегі жергілікті атқарушы органдарда бос лауазымдардың саны 171 бірлікті құраған. Оның сексен пайызға жуығы аудандарда. Бұл өз кезегінде еңбек нарығында жұмыс орындарына деген сұраныс жоғары аймақта
қызметке тарту механизмдерінің жеткіліксіздігін көрсетеді. Облыстық әкімдікте өткен семинар-кеңесте Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аймақтық департаментінің мамандары осыны айтты.

Жиынға облыс әкімі аппаратының басшысы Нұржан Календеров, жергілікті атқарушы органдардың, аудан және Тараз қаласы әкімдері және аппарат басшылары, сонымен қатар персоналды басқару қызметшілері қатысты. Семинарды департамент басшысы Мақсұт Нәлібаев ашып, жүргізіп отырды.
Көпшілікті мемлекеттік қызметтің жай-күйі мен көрсетілетін қызметтердің сапасы туралы сұрақтар мазалайтыны белгілі. Жиында департамент басшысының орынбасары Нұрлан Еркебаев осы тақырыпта баяндама жасап, кадрлық саясат мәселелерін тілге тиек етті.
– Қазіргі кезек күттірмейтін мәселе – аудандардағы қызметке тарту механизмдерін дамыту. Әсіресе ауылды кадрмен қамтамасыз ету тетіктерін қарастыру қажет. Мәселен, Қордай ауданында 4 колледж, Шу ауданында 5 колледж жұмыс істейді. Бірақ аталған білім ошақтарының түлектерін мемлекеттік қызметке қызықтыру бағытындағы шаралар қарастырылмай келеді. Бұл жергілікті аймақта адами ресурсты тиімді пайдаланудың жолы әлі де жеткіліксіз екенін көрсетеді, – деген баяндамашы мансаптық ілгерілету жүйесінің әлеуетін толық пайдалану қажеттігін ескертті.
Қазір жоғары лауазымдарға меритократия қағидаты негізінде ішкі персоналдан іс-тәжірибесіне қарай ілгерілетуге басымдық берілетіні мәлім. Айталық, өткен жылы өңірімізде ішкі конкурс арқылы тағайындалған қызметкерлердің 69,7 пайызы жоғары лауазымға көтерілген. Дегенмен бұл жеткіліксіз. Бүгінгі талапқа сәйкес, көрсеткішті 80 пайызға жеткізу көзделуде.
Жиында таза ауысымдылықты төмендету, мемлекеттік қызметшілерді оқыту, аттестация шешімдерінің орындалуы секілді жайттар қозғалды. Департамент мамандары мемлекеттік қызметшілерге арналған «Pocketbook» Әдеп кодексі қалта кітапшасының ережелерін түсіндірді. Соңында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай 4 мемлекеттік органның әйел қызметшілері марапатталды.

Жанғазы АХМЕТ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support