- Advertisement -

«Самолеті» бар Света сұлу

100

- Advertisement -

Нарыққа өтпелі кезеңде қоғамымызға меншік алуандығы ұғымы дендеп енгендігі белгілі. Тәуелсіздік жылдарында әркім шама-шарқына қарай жеке кәсібін ашып, қалыптастырып, дамытуға мүмкіндік алды. Көп жылдар бойы қаладағы «Алау газ» мекемесінде қызмет атқарған Светлана Меңдібаева да түптің түбінде кәсіпкерлік ісімен айналысам, жеке ұшаққа да қол жеткізем деп тіпті ойламаған. Алайда тағдыры оның еншісіне жеке компанияны басқару тізгінін қолына берік ұстау мәртебесін бұйыртыпты.

Осылайша 2002 жылы «Тараз-Фортуна» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі дүниеге келген еді. Сол тұста оның басшысы Светлана Меңдібаеваның иелігінде бар-жоғы АН-2 маркілі бір-ақ ұшақ болды.
– Өзімнің Жуалы ауданында егістік алқаптарын шегірткеге қарсы өңдеу жұмысын жүргізу бойынша тендерде жеңіп алған алғашқы тапсырысым да есімде. Міне, осымен байланысты мекемеміз алғаш рет қомақты қаражатқа қол жеткізген еді, – дейді ол.
Ал екі жыл өткеннен кейін өзінің кішкентай «кукурузнигінің» көмегімен егістік алқаптарын химиялық өңдеу жұмыстарын сапалы жүзеге асырып, жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен әріптестікті жолға қойған кәсіпкер келіншек тағы бір ұшақ сатып алады. Шаруалар да егістіктерін химиялық өңдеу бойынша тапсырыс беруді еселей түскен. Міне, сол тұста улы химикаттарды көптеп сатып алудың қажеттігі мәселесі туындапты.
– Бұл – дүкендерден қанша керек болса, сонша көлемде сатып ала қоятын өнім емес. Ал егістіктерді өз уақытында өңдей алмау болашақ өнімді жоғалтумен бірдей, – деп еске алады Светлана. – Абырой болғанда, сол бір қысылтаяң сәтте швейцариялық «Syngenta» компаниясымен ірі мөлшерде фунгицид, гербицид, десикант секілді өсімдік қорғау құралдарын сатып алу жөнінде әріптестікке қол жеткіздік. Арада екі-үш жыл өте келе аталған компания адал да тұрақты өзара әріптестігімізді лайықты бағалап, бізді өңірдегі стратегиялық серіктестігі деп таныды. Ал 2013 жылдан бастап құрылымымыз «Syngenta» фирмасының облыстағы ресми өкіліне айналды.
Оның айтуынша, мұндай жеткізушілік қызмет атқару – оңай-оспақ іс емес. Ең алдымен фирманың сеніміне ие болуың және улы химикат, басқа да өнімдерді жеткілікті көлемде тұрақты сатып алып отыруың шарт.
Айтпақшы, шаруалардың өсімдік зиянкестеріне қарсы қолданылатын дәрілік препараттар мен түрлі тыңайтқыштарды серіктестік ашқан «Агро» дүкенінен де көптеп сатып алуына мүмкіндіктері бар. «Біз өсімдік қорғау құралдарымен өңірімізді толықтай қамтамасыз етеміз әрі мемлекет қолдауына да арқа сүйейміз. Осы орайда швейцариялық «SWISSGROW» фирмасы 2017 жылы Астана қаласында былтыр ашқан тыңайтқыш өндіретін зауытты да отандық нарықты еуропалық тәсілмен, жоғары сапалы тыңайтқыштармен қамтамасыз етуде. Біз аталмыш фирманың да облыстағы ресми өкіліміз. Демек, отандық өндірісті де қолдаймыз», – дейді С.Меңдібаева.
Оның ауыл шаруашылығы авиациясы жүзеге асыратын жұмыстар тізбесіне орман қорғау мақсатында отырғызылған көшеттер алқабын өңдеу де кіреді. Шаруаларға шегірткеге қарсы күресте көрсетер көмегі өз алдына бір бөлек. Соңғы жылдары өңірімізде қайта қолға алынып, көлемі жылдан-жылға ұлғайтылу үстіндегі қант қызылшасы егістіктерін түрлі өсімдік зиянкестерінен қорғау ісіне қосар үлесі де қомақтылана түсуде.
Бүгінгі күні компания құрамында екі-екіден командир мен екінші ұшқыш, техник және ұшу қауіпсіздігі жөніндегі инженер, агроном, барлығы 10 адам қызмет етеді. Серіктестік маусымдық жұмыстар кезінде 30-дан астам жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтиды.
– Маған, әсіресе ұлым Дмитрий айрықша қолдау көрсетуде, – дейді Светлана Қапашқызы. – Ол ұшқыш. Ресейдегі ұшқыштар даярлайтын Сызрань авиациялық училищесін, Алматы азаматтық авиация академиясын бітірген. Ал қызым Анастасия Аустралиядағы Мельбурн университетінің ауыл шаруашылығы ғылымдары магистратурасын бітірген. Бүгінде ол да өзінің мал шаруашылығы бағытындағы жеке кәсіпкерлік құрылымын ашып, мал басын өз төлі есебінен көбейтуге күш салуда. Олар менің қос қанатым. Бүгінгіден де биік белестерді бірлесе бағындыратынымызға да бек сенімдімін.
Қазақтың «қанатты» аруының табыс биігінен көріне беруіне біз де тілектеспіз.

Баймаханбет АХМЕТ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support