- Advertisement -

Қатерлі қауіпке қайыспаған құтқарушылар

146

- Advertisement -

Біз білмейтін, білсек те мән бермейтін қызмет түрлері бар. Тек олар жайлы бұқаралық ақпарат құралдарында көп жазыла бермейді. Мысалы, тау-кен өндірісі шахталарындағы апатты жағдайлар жайлы естіп жатамыз. Адамның тағдыры қыл үстінде тұрғанда оларды сол тозақтан құтқару үшін бастарын бәйгеге тігіп, жер астына түсіп, зардап шеккендерді іздеп, алғашқы дәрігерлік көмек көрсетіп, жарық дүниеге алып шығатын апаттық құтқару қызметінің ерен еңбеккерлері екендігін екінің бірі біле қоймас.

– Инвестициялар және даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны өзінің тарихын 1932 жылы алғашқы тау-кен құтқару қызметінің құрылуымен бастады. – деді бізбен әңгімесінде кәсіпорынның Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы директорының шұғыл жұмыстар жөніндегі орынбасары А.Құлахметов. Кәсіпорын қауіпті өндірістік нысандарда орын алған аварияларда адамдарды құтқару үшін өндірістік кәсіпорындар салдарынан болған материалдық залалды және қоршаған ортаға келтірілген зиянды әсерді азайту мақсатында құрылды.
Жуырда Шолақтау тау-кен құтқару взводының жұмысымен танысып, оқу-жаттығуына қатысып, олардың ерекше мамандық иелері екендігіне көз жеткізудің сәті түсті. Взвод құрамында 18 құтқарушы қызмет жасайды. Олар бұл жолы да дабыл қағылысымен взвод командирі Рамазан Қуанышұлының басшылығымен «апатты жағдай» орын алған кәсіпорын алаңына арнайы автокөліктерімен бар-жоғы 12 минутта жетіп, уақыт оздырмай шахта арқылы төменге түсті. Мұндағы «Молодежный» шахтасының тереңдігі 360 метр екен. Құтқарушылар жасағы одан әрі қарай бөлме арқылы газбен уланған, топырақ үйіндісінің астында қалған кеншілерді құтқаруға қызу кірісіп кетті.
Взвод командирінің айтуына қарағанда, «Қазфосфат ЖШС-на қарасты Қаратау және Шолақтау тау-кен кешендерінде орын алған апаттық жағдайлар әзірге көп емес. Алайда 2013 жылғы 12 қаңтар күнгі сұрапыл дауылдан Қаратау қаласындағы электр желілерінің істен шығуы «Молодежный» кенішінде де апатты жағдай туындатқанын құтқарушылар әлі ұмыта қойған жоқ. Қуаттың болмауынан жер астындағы су көтеріліп, кеншілердің өміріне қауіп төнгенде осы бөлімшенің құтқарушылары жедел іске кірісіп, жер астына түсіп, биіктігі 360 метрлік саты арқылы кеншілерді біртіндеп жоғарыға шығарып қана қоймай, судың бетін жер астындағы қосымша қоймаларға бұрып, жанқиярлық ерлік көрсетіпті. Айта кету керек, олардың арнайы киім үлгілері 800 градустық оттың ортасына 20 секундқа шейін, ал 200 градустық ыстықта 1 жарым сағатқа шейін әрекет етуге арналып тігілген. Қалай дегенде де салмағы 40 килоға жететін, оның ішінде адамдардың денесіне ыстық өткізбейтін 12 қалбыр салынған формамен жұмыс істеу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық.
Аталған әскерилендірілген қызметке таңдаулылар ғана іріктеліп алынады. Жұмысқа қабылданған жас маман мен кәнігі кадрлар күнделікті оқу-жаттығу жұмыстарын да әсте үзбейді. Күнделікті ауыр жүк арқалап, бетіне тұмылдырық киіп, жоғарылы-төмен жылжу, алапат ыстыққа төзу – оңай шаруа емес.
Сол күнгі жаттығуға Әлібек Қырқымбаевтың басқаруымен Ақсай кенішінің құтқару қызметінен де мамандар келіп қатысты. Құтқарушылар Е.Табылтаев, Б.Мырзамбетов, Е.Әмірбек, М.Кашкеев, Д.Қуанышбеков, механик Ж.Айтжанов пен лаборант А.Абдуллаева жаттығу барысында жоғары кәсіби шеберліктерімен танылды. Олар белгіленген уақытта шахтаға түсіп, жараланған кеншіге алғашқы медициналық көмек көрсетіп үлгерді.

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ,
журналист

Қаратау қаласы,
Талас ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support