- Advertisement -

Коммуналдық қызметтер қатаң қадағалауда болады

97

- Advertisement -

Өткен аптада облыс әкімі Асқар Мырзахметов қоғамдық кеңес алдында есеп берген болатын. Аталмыш жиында кеңес мүшелері өңірдегі бірқатар мәселелерді көтеріп, аймақ басшысына өз ұсыныстарын жеткізген еді.

Кеңесте сөз болған мәселелер жерде қалған жоқ. Араға көп уақыт салмай жергілікті атқарушы орган өкілдері айтылған түйткілдерге жан-жақты талдау жасап, тиісті жұмыстар қолға алынды. Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков мәлімдеп, қордаланған мәселелерді шешу бағытында атқарылатын жұмыстардың жайын баяндады.
Бекболат Серікбекұлы қазіргі уақытта өзекті болып тұрған коммуналдық қызмет жайын сөз етті. Атап айтқанда, коммуналдық қызмет құны мен есептеуіш құралдар орнату мәселесі төңірегінде туындаған жайттарға түсініктеме берді. Белгілі болғаны – облыстағы ірі газ тасымалдаушы компания «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ филиалы өткен жылы температуралық коэффициент негізінде қайта есептеу жүргізген. Нәтижесінде 52 миллион 650 мың 964 теңге тұтынушыларға кері қайтарылуы тиіс болған.
– Аталған қаражаттың ішінде 52 миллион теңгеден астамы біздің үлесімізге тиесілі. Арнайы құрылған жұмыс тобы «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-мен бірлесіп, қаржыны қайта тапсыру жұмыстарын жүргізеді. Бұл ретте айтып өтер жайт, кері қайтарылатын қаражаттың шашауын шығармай тұтынушыларға тапсыруды қадағалау керек. Жүргізілетін жұмыстардың барлығы бақылауда болады, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.
Бұдан бөлек, Бекболат Серікбекұлы облыс орталығындағы кәріз желілерінің жайын да қозғады. Мәліметке сүйенсек, Тараз қаласының кәріз жүйелері 1962 жылдан бері жұмыс істеп келеді екен. Желілердің жалпы ұзындығы 290 мың шақырымнан асады. Оның ішінде коллекторлар 52,21 шақырымды құрайды. Жалпы, желілердің 43 пайызының тозығы жеткен. Оларды жөндеуге жыл сайын 200 миллион теңге қаржы бөлінеді. Б.Орынбековтің айтуынша, қазіргі таңда облыс орталығында 5 кәріз суына арналған сорғы жұмыс істеп тұр. Мүмкіндігіне қарай сорғы стансаларында профилактикалық және жөндеу жұмыстары жүргізіліп тұрады.
Коммуналдық қызмет құнын есептейтін құрылғыларды орнату мәселесі төңірегінде де шешімін күтіп тұрған жайттар баршылық. Әсіресе олардың құнының қымбаттығы тұтынушылардың қалтасына ауыр тиіп отыр. Б. Орынбековтің келтірген мәліметтері бойынша, қазіргі уақытта 84 765 жеке есептеуіш құралы орнатылған екен. Бұл жалпы көлемнің 87 пайызын құрайды. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу керек. Ал жеке тұлғаларға 1 құралды орнату және пломбасын салу – 6 941 теңге шамасында. Десе де, бұған да кедергі келтіріп отырған жағдайлар жоқ емес.
– Аталған төлемақының ішіне есептеуіш құралдың, орнату және жөндеу жұмыстарының құны енгізілген. Алайда бұл жұмыстардың бағасы су қабылдайтын құбырдың диаметріне қарай әртүрлі болып отыр. Сондықтан бұл қызметтің құнын анықтайтын арнайы прейскурант жасалған. Барлық жұмыстар осы құжатқа сүйеніп атқарылады, – деді Бекболат Серікбекұлы.
Сонымен қатар жарық тарату жүйелерінің жағдайы да өте өзекті. Б.Орынбеков өңірдегі жарық таратушы ірі кәсіпорын «ТаразЭнергоОрталыққа» жаңғырту жұмыстары жасалуы қажет екенін айтты. Алайда тарифтік ақыдан жиналатын қаражаттың кәсіпорынға негізгі жабдықты жөндеу жұмыстарын жүргізуге ғана жетеді екен. Ал электр қуатын шығару мен жаңа жабдықты орнатып, жаңартуға қауқары жетпейді. Осы мәселені қозғаған облыс әкімінің бірінші орынбасары оны шешу жолдары қарастырылып жатқанын тілге тиек етті.
Сондай-ақ, Б.Орынбеков электр энергиясына алдын ала төлем алу тоқтатылғанын атап өтті. Бұл мәселе бойынша барлық мекемелерге ескертіліпті. Сондықтан бүгінгі таңға дейін алдын ала төлем бойынша жасалған барлық келісімшарттар қайта қаралуға жіберілген.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support