- Advertisement -

Жаңғырудың жарқын қадамы

114

- Advertisement -

Арайлы азаттыққа қол жеткен сәттен бастап біз тек дамудың даңғыл жолымен жүріп келеміз. Әлбетте, ширек ғасырдан астам уақыт тарих үшін қас қағым ғана сәт екендігі ақиқат. Әйткенмен қанаты енді қатайған жас мемлекет үшін осы қысқа мерзімнің өзі үлкен бір дәуір секілді. Бүгінгі таңда жасампаз еліміз жыл өткен сайын құлпырып, өркендеуде. Осы ретте елінің замана көшіне сай дамуы үшін бар күш-жігерін сарқа жұмсап келе жатқан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігін айтпай кетуге болмас. Сарабдал саясаткер, кемеңгер Көшбасшы мемлекетіміздің мерейін әлемдік деңгейде асқақтатып жүргені сөзсіз.

Біз бүгінгі таңда жаңғыру, жаңару дәуірін бастан өткерудеміз. Тәуелсіздіктің елең-алаңында «алдымен экономика, одан кейін саясат» ұстанымын ұстансақ, бүгін, міне, рухани тұрғыдан кемелденетін кезге жеттік. Соның бір айғағы – латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі. Қарт тарих парақтарын ақтарыстырсақ, латын жазуы Алаш арыстары үшін таңсық болмағанын байқаймыз. Демек, аталмыш әліпби қазақ халқының генетикасында бар деп айтуға да болады. Жұртымыз үшін ғажап құтқа айналған азаттыққа қолымыз жеткен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін жасау мәселесі әлсін-әлсін сөз болғаны жасырын емес. Әйтсе де сол бір қиын-қыстау кезеңде Президент елінің еңсесін тіктеп алуды басты мақсат етті. Әлеуметтің әлеуеті артпайынша мұндай қадамға баруымыз, шынтуайтында да бұқара үшін оңай соқпас еді. Енді, міне, сол мәселеге қайта оралатын, реформаға белсенділікпен кірісетін кез келді.
Біз бұл мәселеге асқан байыптылықпен, салмақтылықпен келіп отырмыз. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарияланған кезден бастап, латын графикасына негізделген қазақ әліпбиіне көшу туралы келелі жиындар, түрлі деңгейдегі басқосулар барлық мекемелерде, құрылымдарда кең көлемде өткізілді. Тіпті жаңашыл бастаманы Қазақстан халқы «бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай» талқылап, ой сүзгісінен өткізді. Сан қилы мамандықтың иелері еш іркілместен өз пікірлерін ортаға салып, көзқарастарын ашық, жариялы түрде жеткізді. Мұның өзі біздің зайырлы мемлекет екенімізді айшықтай түссе керек.
Мемлекет үшін маңызды реформаға білім саласының қызметкерлері де атүсті қарамайтыны белгілі. Осы орайда қалалық білім бөлімі «Латын әріптері бойынша мемлекеттік тілдің алфавиті үшін бірыңғай стандарт енгізу туралы» қалалық желілік кестеге сәйкес бірқатар іс-шаралар өткізді. Қаладағы 21 мектепте еңбек ұжымдарының жиналысы, барлық жалпы білім беру мекемелерінде оқушылар арасында ашық сабақтар, сынып сағаттары, акциялар, шеберлік сыныптары, кездесулер және дөңгелек үстелдер мен конференциялар ұйымдастырылды. №9 орта мектепте 8-11 сынып оқушылары арасында «Латын қарпіне көшу: заманауи зерттеу әдістері» тақырыбында үздік ғылыми жоба байқауы өткізіліп, оған 16 оқушы қатысты. №53 мектеп-гимназияда 9-11 сынып оқушылары арасында «Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру: тиімді тұстары мен даму баламалары» атты ғылыми-практикалық конференцияның ұйымдастырылуына ұйытқы болдық. Шара барысында 17 білім алушының белсенділігі аңғарылды. Сондай-ақ №51 орта мектепте мұғалімдер арасында «Тәуелсіздік – дастаным, азат елім – асқарым» конференциясы, облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының «Тілдерді оқыту орталығының» ұйымдастыруымен өткен жылы Тәуелсіздік күніне орай мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлері арасында латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінде жаппай диктант жазу акциясы, қалалық білім бөлімі Тараз инновациялық-гуманитарлық университетімен бірлесіп, «Жаңа әліпбиге көшу – өркениеттік таңдау, ұлттық модернизацияның, жаңғырудың мызғымас бөлігі» атты қалалық ғылыми-тәжірибелік конференциясының өтуіне мұрындық болды. Аталған шараларға қатысқан азаматтардың баршасы бастаманың тиімділігін әңгімеге арқау етіп, мемлекетіміз үшін мерейлі міндетке қолдау білдірді.
Қалай болғанда да латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиіне көшетін уақыт таяды. Елбасы 2025 жылдан бастап реформаны нақты іске асыруды шегелеп тапсырғаны баршамызға аян. Жан-жағымызға бажайлап қарасақ, көптеген бауырлас елдердің осынау жаңа графикаға сай әліпбиге өтіп кеткенін байқаймыз. Әйткенмен аталмыш мемлекеттерде әуелде бірқатар кемшіліктер орын алғаны жұртшылыққа белгілі. Ал біз бұл іске терең зерделеу арқылы қадам басып отырмыз. Ғалымдардың зерттеулері, сараптамалары оң нәтиже беретіндігі күмән тудырмайды. Бұл – еліміздің жарқын болашағы үшін жасалып отырған игі қадам. Сол себепті Қазақстан халқы осынау бастаманы бір кісідей қолдауда.
Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі алаш жұрты үшін бөтен емес екенін жоғарыда айтып өттік. Мемлекет басшысы дер кезінде қолға алған іске біз қолдау көрсетуге қашанда әзірміз. Өйткені латын графикасы бүгінде ғылымда да, білімде де зор мүмкіндіктерге ие екендігі дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома істпеттес. Әлем елдерінің жартысынан астамы осы графиканы таңдап отырғанының өзі көп жайттан хабар берсе керек.

Мүбәрак Жинақбаева,
қала әкімдігі білім
бөлімінің басшысы

Тараз қаласы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support