- Advertisement -

Ұлы Даланың қайсар қызы

127

- Advertisement -

Жырақта жүрсе де, жиі келіп, туған өлкесін көркейтуге үлес қосқысы келетіндер бар. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көрініс тапқан «Туған жер» бағдарламасы сондай патриоттық рухы жоғары азаматтарды қанаттандыра түскен секілді. Елге келіп, жерлестерімен жиі кездесіп тұратын, сондай жиындарда жастарға ақыл-кеңесін беріп жүретін Оразкүл Асанғазы жақында облыстық қазақ драма театрында «Туған жеріме тағзым» атты шығармашылық кешін өткізді.
1952 жылы Шу ауданы, Ақтөбе ауылында дүниеге келген, бүгінде Ұлы даланың қайсар қызы атанған қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызының шығармашылық кешіне тарих ғылымының докторы, профессор, Ғылым академиясының академигі Өмірзақ Озғанбаев, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Серік Тұрғынбек, Алматы облысының Құрметті азаматы, жазушы-драматург Жұмагүл Солтиева, Л.Гумилев атындағы ұлттық Еуразия университетінің профессоры Серік Негімов қатысты. Рухани кештің шымылдығын Тараз қаласының әкімі Рүстем Дәулет сөз сөйлеп, ашып берді.
– «Туған жеріме тағзым» деп Астанадан келген жерлесіміз Оразкүл Асанғазы – еңбек жолын білім саласында бастаған ұлағатты ұстаз. Оңтүстік өңірде атқарушы органдарында табысты қызмет атқарып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосқан білікті маман. Астана қаласында тілдерді дамыту басқармасында басшылық жасаған жылдарда көпшілік сізді мемлекеттік тілдің жанашыры деп таныды. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде маңызды стратегиялық бағдарламаларға, әлеуметтік мәселелерге атқарушы биліктің назарын аудартқан табандылығыңыздың арқасында жұрттың шынайы құрметіне бөлендіңіз, – деді Тараз қаласының әкімі Рүстем Дәулет.
Иә, сонау тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Арқаның төсіндегі Астанаға қазақы леп әкеліп, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту расында да үлкен күш-жігерді қажет еткені анық. Осындай жауапты жұмыстың бел ортасында жүріп, үй-үйді аралап, қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін үздіксіз үгіт-насихат жүргізген Оразкүл Асанғазықызы өзінің күшіне толық сенетін. Оның Астана қаласындағы барлық балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары, колледждер, мекемелер және басқармаларды аралап жүріп, Астана қаласындағы 300 көше атауын бір күнде қазақыландыруы – соның дәлелі.
– Халықтың байлығы алтын да емес, күміс те емес. Халықтың байлығы кісілігімен, күресімен, ісімен және ұлтқа жанашырлығымен танылған осындай Оразкүлдей азаматтар. Кез келген нәрсенің өлшемі бар. Ал өлшеуге болмайтын бір нәрсе болса, ол – адамның ішкі әлемі. Кейде көңіл таразысына салып қарасаңыз, Оразкүлді ақылы мен парасаты, сөзі мен ісі үйлесім тапқан жан ретінде танисыз. Ол қандай жұмысты қолға алса да, нәтиже шығармайынша тынбайды.
Алып бәйтеректің тамыры тереңде жатады. Сол секілді Оразкүл өзінің алғаш тамырын жайған жерге келіп отыр, қыздарыңызды қошеметпен қарсы алып жатқандарыңызға зор алғысымды білдіремін, – деді қаламгер Жұмагүл Солтиева.
Өз кезегінде Оразкүл Асанғазы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына кеңінен тоқталып, әсерлі әңгіме өрбітті.
– Елбасының «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін», «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде» деген сөзінде үлкен мән бар. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында да ұлттық код мәселесін қозғады. Өткен ғасырда Ұлы даладағы тарихи атаулардың 20 миллионға жуығы жаңартылды. Қазір сіз болып, біз болып солардың бәрін біртіндеп қалпына келтіріп жатырмыз. Астананың көше атауларының 92 пайызы қазақша аталады. Ал қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Жамбыл жері 47 пайыз көрсеткіште қалып қойған. Бұл қалай болғаны? Астанада ең бірінші болып Кенесары ханның ескерткіші бой көтерді. Кенесары – он бір жыл бойы тең емес соғыста жауға қарсы тойтарыс берген тарихи тұлғамыз. Сондай қазақ батырының ескерткіші Астанада тұрмағанда кімнің мүсіні тұру керек деп ойлайтын шығарсыздар. Оның да астарына үңіліп көріңіздер.
Біріккен Ұлттар Ұйымында ұлттар комитеті бар. Солар әлемде қанша ұлт бар екенін санап, қай тілде сөйлейтінін қадағалап отыр. Күн сайын әлемде екі ұлт жойылып кетеді екен. Оның себебі – менің тілім нашар, көршімнің тілі жақсы деген ынжықтық. Әлемде 7 мың тіл болса, соның 5 мыңының кейбіреуінде бір адам, кейбіреуінде жеті адам ғана сөйлейді. Бір ұлттың бүкіл әдебиетін компьютерге салып есептеп отырған ғалымдар бар. Әлемдегі үш бай тілдің біріншісі – араб, екіншісі – ағылшын, үшіншісі қасиетті қазақ тілі. Елбасымыз «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша қыруар қаржы бөліп, тарихымызды түгендеді. Осы жолда қаншама ғалымдарымыз архивтерді ақтарып, сауапты жұмыс атқарды. Аталған бағдарлама бойынша жарыққа шыққан кітап серияларын тауып оқысаңыздар, Ұлттық кодымызды табудың жолы жеңілдейді, – деді мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанқазықызы.
Бұл күні келелі әңгімелер айтылып, тұшымды ойлар талқыға салынды. Бір сөзбен айтқанда, саналы жастардың тағылымы мол шарадан көкейге түйгені көп болғаны анық.

Қанат тілепберген,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support