- Advertisement -

Бірлесіп атқарған іс берекелі

100

- Advertisement -

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Біз қайта түлеудің айрықша маңызды екі процесі-саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға алдық. Аталған екі жаңғыру процесінің де нақты мақсат-міндеттері, басымдықтары мен оған жеткізетін жолдары бар. Көздеген жұмыстарымыздың бәрі дер уақытында және барынша тиімді жүзеге асарына сенімдімін. Ойлағанымыз орындалу үшін мұның өзі жеткіліксіз. Мақсатқа жету үшін «біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни, одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс» деп атап көрсетті.
Мен кәсіпорындағы негізгі қызметінен бөлек облыстық мәслихаттың депутатымын. Маған да жүктелген жауапкершілік жоғары, атқаратын жұмыс ауқымды. Бірақ, қоғамдық жұмыстар негізгі кәсібіме қиындық туғызбайды. Керісінше, бір саламен шектеліп қалмай, еліміздің қоғамдық өміріне белсене араласып, ортақ іске өз үлесін қосу әрбір саналы азаматтың міндеті деп ойлаймын. Сонда ғана ісіміз оңға басып, еліміз өрлеп, қаламыз гүлденеді.
Депутат ретінде халықпен тығыз жұмыс істеу үшін қоғамдық қабылдау бөлмесін аштым, қазіргі кезде ол белсенді жұмыс істеуде. Ол қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайын ілгерілету, партияның сайлауалды тұғырнамасын жүзеге асыруға атсалысу, мемлекеттік және салалық бағдарламалардың тиімді орындалуын, азаматтардың өтініш-тілектері мен көтерген мәселелеріне жіті қарап, шешімін табуға ықпал ету болып табылады.
«Нұр Отан» партиясының аудандық филиалында қоғамдық қабылдау өткізгенімде сайлаушылар қала көшелерін асфальттау, шеткі көшелерге газ кіргізу, ауызсуды сервистік жүйеге көшіру, көшелердің келбетін жақсарту және жағдайы төмен азаматтардың жеке өтініштері бойынша отын, көмір түсіріп беруге көмек беру, сияқты мәселелерді қозғаған болатын. Нақты айтсақ, 13 сайлаушы сөйлеп, 16 мәселені алға тартып еді. Ол бойынша Н.Аманқұловқа қатты желден ұшып кеткен шатырын жөндеуге 7 профнастиль беріліп, Г.Климоваға 1 тонна көмір және отын түсірілді. А.Манжановтың өтініші бойынша Б.Момышұлы көшесіндегі №6 және Ә.Молдағұлова көшесіндегі №61 көп қабатты үйді кондоминимумға өткізіп, жөндеу жұмыстары толық жүргізілді. «Бәйтерек» балабақшасын және шағын спорт алаңшасын соғуға аудандық бюджеттен қаржы бөлу жөнінде аудандық мәслихаттың шешімі қабылданды. Қазіргі уақытта қала көшелерінің бойына талдар егілуде. Сонымен қатар көшелерді асфальттауға және шеткі көшелерді газдандыруға қаржы қарастырылды. Бүгінгі күні қаладағы орталық көшелер (Б.Момышұлы, Шейн, Рысқұлов, Ә.Молдағұлова, Д.Қонаев) күрделі жөндеуден өтуде. Осы аталған мәселелерді шешуге байланысты депутаттық сауалдар жолданып, олардың жауаптары алынды. Осы көтерілген мәселелерді орындау бойынша арнайы іс-шара жасалып, орындалуы бақылауға алынды. Сонымен қатар, он көше асфальттанып, жөндеуден өтті.
«Ардагерді ардақтайық!» партия жобасы аясында Ұлы Жеңістің 72 жылдығы қарсаңында ардагерлермен кездесу өткіздік. Қала орталығындағы Ауған соғысында қаза болғандарға арналған монумент ескерткіш алдында митинг ұйымдастырылып, гүл шоқтары қойылды. Қаладағы «Авангард» кинотеатрында «9 Рота», «Жау тылында» т.б. кинофильмдері көрсетілді.
Жыл басынан бері мекемелер мен кәсіпорындарға 34 депутаттық сауал жіберіліп, олардың орындалуы тұрақты назарға алынды. Соның нәтижесінде қалаға кіре берістегі М.Әуезов атындағы орта мектептің қоршауы жаңаланды. Қаладағы №3 ықшам ауданындағы №43 көп қабатты үй бойындағы жылу құбыры дер кезінде жөнделді. Өтінішпен келген 6 азамат жұмысқа орналастырылды. Депутаттардың белсенділігінің арқасында Жасыл белдеу бағдарламасына сәйкес Қаратау қаласына кіре беріске 500 түп тал отырғызылып, қоршалды. 2 ұңғы бұрғыланып, 2 шақырым су құбыры тартылды. Осы орайда «Таза қала – Қаратау» ЖШС, «Таза-Талас» ЖШС мекемелері белсенділік танытты.
«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының бекіткен кестесі бойынша 4 рет және көшпелі 3 рет қоғамдық қабылдау өтті. Сонымен бірге еңбек ұжымдарында, сайлау округі сайлаушылармен кездесуді тұрақты өткізіп тұру басты міндетімізге айналуда.
Депутат – халық қызметшісі. Сондықтан, олардың сенімін ақтауға әрқашан жауапкершілікпен қарау керек деп есептеймін.

Мұратқали Сәрсенов,
облыстық мәслихаттың депутаты, «Нұр Отан» партиясының облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының мүшесі.

Қаратау қаласы,
Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support