- Advertisement -

Жарқын болашаққа бастар жаңа қадам

180

- Advertisement -

Меруерт Көпбаева,
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ профессоры,
филология ғылым-дарының докторы.

«Латын графикасына көшу – қазақ тілін заманауи ақпарат тіліне айналдырады» – деп Елбасы латын графикасын қабылдаудың басты маңызын дөп басып, дәл айтты. Зерттеулерде атап көрсетілгендей, әлем халқының 80 пайыздан астамы латын негізді жазу түрін пайдаланады. Аталған мәселелеге осы тұрғыдан келер борлсақ, әліпбиді тұтынушы елдерде өркениет, мәдениет, ғылым мен техника, медицинасы көп жетістіктерге қол жеткізген. Демек, еліміздің әлем елдерімен бәсекеге түсуіне латын әліпбиіне негізделген қазақ жазуы аса қажет.Ұлтымыз үшін қажетті нәрсе жалпы зияткерлік пен әлемдік деңгейдегі білім. Ал осыларға бастар қадам жақын арада латын әліпбиіне көшу деп есептейміз.
Біз, екі-үш жылдың көлемінде латын әліпбиіне көшеміз. Бұл анық болатын іс. Ендігі мәселе қазірден бастап әрбір қазақстандық латын әліпбиіне көшкенде тілдің тазалығын сақтау мәселесіне алаңдауымыз тиіс.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бұрыннан айтып жүрген «Тілден артық қазына жоқ» деген аталы сөзіне «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында кеңінен тоқталған еді. Ұзақ жылдардан бері күткен мәселеге де «Біз латын әліпбиіне көше бастаймыз» деп нүкте қойған-ды. Себебі, жаңаша жаңғыруда басты мәселе – ұлттық кодты сақтау. Бұл дегеніміз – ұлттық тұрпат эволюциясындағы өткенді саралап, келешекке қажеттісін алып, орнымен қолдану және дамыту. Жаңа әліпбидің ұтымды тұстары өте көп, мәселен латын әліпбиі қазақ емлесі арқылы қабылдау шет тілден енген сөздерді ұлттық ерекшелікке икемдеуге мүмкіндік береді. Бұл дегеніміз қазақ тіліндегі қосамжар орфаграфиялық проблемаларды шешуге мүмкіндік береді. Мысалы, ҚАЗАҚСТАН сөзі. Мұнда орфаграфиялық, орфоэпиялық тұтастық орнайды бұл Қазақстанды мекендеген түрлі ұлттардың мемлекеттік тілді тез үйреніп, бір тілдің төңірегіне топтастырады. Жалпы қазақ әліпбиі халқымен бірге мың өліп, мың тірілген тарихы тағдырлы сала. Әліпби тарихының ең ауыр тұсы 30-40 жылдардағы кириллицаға көшу кезеңі болып табылады. Алаш зиялылары әрине бұл саясаттың тиімсіз екенін білді. Әйтсе де саясат солай, қабылдауға тура келді. Есесіне, қазақ тіліне еш қатысы жоқ, болмысымызға жат әріптері енді. Ал соның салдарынан орфографиялық нормалар сақталмады, сөздің жазылуы мен айтылуындағы заңдылықтарда өрескел қателерге орын берілді. Тап осындай мәселелер түркі тектес халықтардың рухани байланысына да үлкен кедергі келтірді. Мәселен, туысқан өзбек, қырғыз, башқұрт, ноғайлармен ауызекі тілде сөйлескенде жақсы түсінгенімізбен олардың жазба тілін түсіну мүмкін емес. Әрине, бұл біздің әліпби орыс әліпбиі негізінде жасалғандығының салдарынан.
Қазақ лингвистері ұзақ ізденіп, қыруар жұмыс жасады. Нәтижесінде Ә.Жүнісбеков, А.Байқадамов, Е.Тілешов сынды ғалымдардың жетекшілік етуімен бірнеше нұсқалар дайындалды. Жаңа әліпбилердің қай нұсқасының да өзіндік артықшылықтары мен қатар кемшін тұстары да жетерлік. Сондықтан бүкіл қазақ болып, игі бастама дұрыс жолын табуы үшін баршамыз жан-жақты қарап, зерттеп, зейіндеуге тиіспіз. Бұл біздің азаматтық парызымыз. Тіл – адамзатты біріктіруші басты байлық. Егер көп ұлтты еліміздегі халықтар бір әліпбиді яғни латын әліпбиін қолданса, мемлекеттік тіл жетекші күшке айналады. Латын әліпбиіне көшу – рухани жаңғырудың басы болмақ. Ол ең алдымен ұлттық тілдің тазалығын сақтауды, оқып-үйренуді жеңілдетеді. Және де жаңа әліпби бүгінде саны екі жүз миллионнан асатын түркі тектестердің басын қосатын фактор. Қазақ тілінің халықаралық деңгейге көтерілуіне мүмкіндік береді, әлемдік ақпарат кеңістігіне кіруге тиімді болады.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support