- Advertisement -

«Ақ жол» – менің сыралғы дос, серігім

145

- Advertisement -

Мен газеттің байырғы оқырмандарының бірімін. Негізінен ауыл шаруашылығы саласының маманы болғаныммен, осы 80 жастық ғұмырымның ішінде «Ақ жолды» сонау «Сталиндік жол» деп аталатын кезінен бері жаздырып оқимын, жаныма жақын басылымның бірі. Әр жылдарда өзім қызмет ететін саланың түйткілді мәселелері жөніндегі ой, пікір, ұсыныстарымды жазып, жолдап газет жұмысына атсалысқан кездерім де болды. Қазір де текке қарап отырмай, көзбен көріп, көңілге түйгенімді елмен бөліскенді жаным қалайды да тұрады. Кейде газет бетінде жарияланған мазмұнды мақалалар ой салып, қолыңа еріксіз қалам алдыратыны бар. Баспасөз мыңдардың, миллиондардың мінбері ғой. Ойдан ой туып, қайсыбір салада қордаланып қалған мәселелердің түйіні шешіліп, сеңі қозғалуына септесіп жатса, ол да бір құба-құп іс қой! Бүгінде 95 жылдық белеске көтерілген, туған өлкеміздің шынайы шежірешісі «Ақ жолдың» әлі күнге, міне, осы басты миссиясынан танбай келе жатқанын атап өткім келеді.
Әсіресе, әртүрлі әлеуметтік тақырыптарды қозғап, елдің мұң-мұқтажын жеткізуімен, олардың орындалуына септесуімен «Оқырман отауы» беті айрықша оқылымға ие болуда. Меніңше, бұл бетті айына бір емес, екі мәрте шығару жөн. Сондай-ақ, арнайы беттер «Маздақ» – жастарға, «Айша бибі» – қыз-келіншектерге арналып жарық көруде. Алдағы уақытта денсаулық, білім мәселелерін тереңдеп қозғайтын қосымша беттер енгізілсе, артық болмас еді.
Өз тарапымнан қосарым, басылым Елбасының сарабдал саясатының арқасында елімізде, оның ішінде өңірімізде ауқымды инвестициялық жобалар мен мемлекеттік бағдарламалардың табысты жүзеге асуы туралы әлі де тереңдеп жаза түседі деп сенемін. Өйткені, бұл ел үшін, қоғам үшін керек іс. Мемлекет басшысының саяси және экономикалық реформаларын, биылғы Жолдауында алға қойылған Қазақстанның Үшінші жаңғыртылуын қалай, қандай ресурстар жұмылдырылуымен шешуге болатынын айқындап берген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттерді елге ежіктеп түсіндіріп, жан-жақты насихаттап отырған бірден-бір әлеуетті құрал, қоғамды бір мүдде, ортақ мақсат аясына топтастырушы, еңбекке ұйыстырушы күш те осы газет. Сондықтан «Ақ жол» газетінің таралымы жылдағы деңгейінен төмен түспеуіне, жазылым саны артуына баршамыз болып жанашырлықпен атсалысуға тиіспіз.
«Ақ жол» әр отбасының төрінде тұрса игі. Оның елдің шеті, желдің өтінде жүрген малшының да, әскерилердің де, лауазымды тұлғалар мен зиялы қауым өкілдерінің де – үлкеннің де, кішінің де серігі, сырласы, ақылшысы, «өзі бір күндік болғанмен, сөзі мың күндік» екенін ұмытпайық.
«Ақ жолыңа» жазыл, ағайын!
Тараз қаласы.

Қазбек
ӨМІРЗАҚОВ,
ауыл
шаруашылығы саласының
ардагері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support