- Advertisement -

Нұрғисаның көз жасы

160

- Advertisement -

Сәуірдің бірінші жұлдызында белгілі қаламгер, облыстық «Ақ жол» газетінің Директор-Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлының «Бунтарь» немесе Нұрғиса күйші мен Айша бибі» мақаласын оқып, бір оқиға ойыма оралып, соның шешімін енді тапқандай болып отырмын.
Оқиға қателеспесем, 1988 жылдың күрең күзінде болған. Ол кезде медицина институтында 5-курста оқимын және студенттік кәсіподақ комитетінің төрағасымын. Маған даңқты дирижер, әйгілі композитор Нұрғиса Тілендиевтің концертіне бару үшін облыстық кәсіподақ комитетінен 25 билет түсті. Студенттерді қинамау үшін кәсіподақтан билет құнын жабуға рұқсат алдым да, межелі күні сол кезде «Мира» аталған көшенің бойында орналасқан Жамбыл атындағы облыстық филармонияға жатақханадағы курстастарым Нұрділда Қожабаев, Кенжебек Байболовты және тағы басқаларды ертіп алып, тартып отырдым. Сонымен көптен күткен концертіміз де басталды.
Баппен басталған концерт бірте-бірте қыза түсті. Нұрғиса ағаның көңіл-күйі көтеріңкі екен. Әр орындалған нөмірден кейін залға бұрылып, толассыз қошемет көрсетіп жатқан еліне ілтипат білдіріп қояды. Өнер адамы мен залдаға жұртшылық арасындағы байланыс бірте-бірте күшейіп, жұртшылықтың Нұрағаға деген ықыласы тіптен өршелене түсті. Концерт те шарықтау шегіне жетті. Әйгілі «Ата толғауы» күйі бойымызды алаудай шарпыды. Біз де шетелдегідей орнымыздан тұрып, «Браво!» деп айқайлауға бел байладық. Кімнен кембіз? Жүректерге жеткен концерт аяқтала салысымен тік тұрып: «Браво!» деп ысқырып, айқайлай бастадық. Үлкендер жағы ала көзденіп отыр, жақтырмайтын сыңайлы. Ал қалған студенттер қолдап, соңынан залдағылар тұтастай орындарынан көтеріле бастады. Біз «браво!» деп айқайлауымызды тыяр емеспіз. «Жарайсың!» деген сөздерді де құлағымыз шалды. Нұрғиса ағамыз әуелде ризашылығын білдіріп, қайта-қайта оркестр мүшелерімен бірге иіліп, рахметін айтып жатқан. Залдағылар осы сәтте қошеметін тіпті үдете түсті. Нұрғиса аға қолына микрофон алып, залдағылардан отыруын сұрады.
Қазақ халқының өнерді сүю, бағалау мәдениеті жыл өткен сайын арта түскенін сөз еткен ол оркестрді құрғандағы арманы осы болғанын айтып, еңіреп тұрып жылады. Бастапқыда біртүрлі көрінгенімен, қуаныштың көз жасы екенін ел сезінді, түсінді. Тұтас зал тік тұрып, өнерге құрмет көрсеткен сәтін көруді көптен армандағанын айтып, ағынан жарылды. Мұндай күн сағымдай алыстан селдірегенін тіліне тиек етіп, халықтың қалаулысына айналған оркестрдің еңбегі орасан зор екеніне де тоқталды.
Жүрек толқытқан сол кездегі Нұрғиса ағаның сонша неге разы болып, көз жасына ерік бергенін түсінбей жүрген едім. Енді түсінгендей болдым. Қолдан жасалған қысастықтың құрбанына айналған екен-ау. Ұлттық өнердің өрістеуіне қарсы болған жүйенің куәгері де Нұрғиса ағамыз. Төл өнеріміздің аяғына тұсау салынған шақты көзбен көріп, жүрекпен сезініп, бастан өткеру қаншалықты азапты десеңізші. Сол концертте ол кісі осыны тұспалдап болса да жеткізіпті. Соңынан ел Нұрғиса ағамен ашық әңгімелесті. Өткір ойлар мен татымды пікірлер айтылды.
Кейіннен ол жетекшілік еткен оркестр мүшелері тарихта болмаған биіктерді бағындырып, халықтың махаббатына бөленді емес пе? Өнер корифейі Халық Қаһарманы атанды. Бүгінде қазақ өнері алыбының алғашқы қуаныштарының біріне ортақ болғанымды мақтан тұтамын.

Мұрат Бердалиев,
№1 жүйке аурулары интернат үйінің директоры.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support