- Advertisement -

Химиялық кластерге маман даярлау – маңызды іс

163

- Advertisement -

Жанар Орынбаева,
Жамбыл политехникалық колледжінің директоры.

Қазақстан Республикасының 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасында өңдеу өнеркәсібінің 6 негізгі саласы белгіленген. Атап айтқанда, олар – металлургия, химия, мұнай химиясы, машина, материалдар жасау, тамақ өнеркәсібі салалары.
Облысымызда республика бойынша өндірілетін фосфориттің – 90, кварциттің 65 пайыз қоры орналасқан. Жер астында Менделеев кестесіндегі элементтердің көбі бар. Сондықтан аймақтағы индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы химиялық кластерді қалыптастыруға бағытталған. Оның аясында химиялық сала көшбасшысы – «Қазфосфат» кәсіпорнының қызметін жетілдіру, 2020 жылға қарай оның өндірістік қуаттылығын арттыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар Шу өңірінде «Тараз» химиялық паркі» ашылады. Онда химиялық зауыттар салып, үш мыңдай адамды жұмыспен қамту көзделуде.
Елбасы Н.Назарбаев біздің облысқа іссапарында ірі химиялық кластер құрылатын өндірістерді техникалық мамандармен қамту қажеттілігін айтты. Кластер құрамына тау-кен кәсіпорындары, шикізатпен қамту өндірістері, дайын химиялық өнімді шығару зауыттары кіреді.
«100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 77-қадамында экономиканың алты негізгі салалары үшін 10 үздік колледж бен 10 жоғары оқу орындарында білікті кадрларды даярлау, кейіннен ол тәжірибені басқа оқу орындарына тарату белгіленген.
Коммерциялық емес акционерлік қоғам «Кәсіпқор» холдингімен бірлесе экономиканың негізгі салалары негізінде, аймақтағы еңбек ресурстарына сұраныс қалыптастыратын 10 колледж анықталды. Бұл колледждер техникалық мамандар мен ҮИИДМБ-2 инновациялық жобаларының сұранысын өтеуге, сонымен қатар кейіннен өз аймағында жаңа білім беру әдістемелері бойынша кадрлар даярлау тәжірибесін таратуға тиіс. Осы колледждердің мақсатты даму бағдары, ең біріншіден, материалдық-техникалық базаны нығайту арқылы білім беру мазмұнын жаңарту, инженер-педагог қызметкерлердің кәсіби біліктілігін жоғарылату, әлем стандарттарына сәйкес оқу бағдарламаларын әзірлеу болып табылады.
811 техникалық және кәсіптік білім беру колледждері арасынан Жамбыл политехникалық колледжі КАҚ «Кәсіпқор» холдингінің 10 серіктес колледжі желісіне кірді, «Кәсіпқор» холдингімен келісімшарт жасалды. Холдингтің білім беру бағдарламаларын қолайлы енгізу бойынша ұсыныстар жасалды, оның негізінде халықаралық тәжірибе мен индустрияландыру талаптарына сәйкес білім беру бағдарламалары әзірленді.
ҮИИДМБ-2 жобалары мен маңызды салалары негізінде біздің колледжде аймақ кәсіпорындарына қажетті химиялық технология және өндіріс, ғимараттар мен үймәреттерді салу және пайдалану мамандықтары ашылды. 2016-2017 оқу жылында аталған мамандықтарда студенттер TAFE (Австралия), LD DIDACTIC (Германия) шетелдік серіктес компанияларымен әзірленген модульдік бағдарламалар негізінде білім алуда.
Жаңа білім беру бағдарламалары қазақстандық жұмыс берушілер талаптарына сәйкес модульді әдіс негізінде әзірленген. Онда әр модуль нақты жұмыс түріне арналған құзыреттілікті қалыптастыруға бағытталған. Құзыреттілік, өз кезегінде, кіріктірілген білім, ептілік, дағдыны түрлі пәндердің аралас тақырыптарын оқыту және тәжірибемен бекіту арқылы қалыптасады.
Аталған мамандарды сапалы даярлау үшін қажетті кадрлар, колледждің материалдық-техникалық базасы, «Қазфосфат» оқу орталықтарында жағдай жасалған. Қажетті мамандарды даярлау білім беру мекемелері мен химиялық кластер кәсіпорындарының ынтымақтастығын көздейді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылы «Баршаға тегін кәсіби-техникалық білім беру» жобасы басталатынын жариялады. Жоба бойынша колледжімізде химиялық кластер кәсіпорындарына қажетті химиялық талдау лаборанты, электрмонтер, дәнекерлеуші-жөндеуші, бақылау-өлшеу аспаптары бойынша дәнекерлеушілер даярлау жоспарлануда.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support