- Advertisement -

ҰБТ жаңа форматта өтеді

131

- Advertisement -

Биыл ҰБТ-ның форматы өзгергені баршаға мәлім. Түлектер мектепте мемлекеттік емтихан тапсырып, аттестат алғаннан кейін жоғары оқу орнына түскісі келетіндер тест тапсырады. Тестілеуге қатысуға өтініш білдіргендер 3 міндетті және таңдаған мамандығына сәйкес екі пәннен сынақ тапсырады. Бейімдік, міндетті пәндер бойынша сұрақтар бөлек дайындалған. Олардың ерекшеліктері қандай? Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова айтып берді.
Басқарма басшысы берген мәліметке сүйенсек, облыстағы 351 жалпы орта білім беретін мектепті биыл 8826 оқушы бітіреді екен. Олар аттестат алу үшін 29 мамыр мен 9 маусым аралығында 5 пән бойынша жазбаша және ауызша емтихан тапсыруы тиіс. Ал жоғары оқу орнына түсемін деушілер ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға міндетті. Түлектердің 6611-і қазақ тілінде, 2189-ы орыс, қалғаны өзбек тілінде білім алыпты. Мектеп бітірушілердің 237-сі «Алтын белгіден», 139-ы үздік аттестаттан үміткер.
– Мектеп бітірушілердің қорытынды аттестаттауға дайындығын пысықтау үшін 11-сынып оқушыларынан мемлекеттік емтихан тапсыратын пәндерден апта сайын бақылау жұмыстары алынып, мониторинг жүргізілуде. Пән мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін көтеріп, әдістемелік көмек көрсету мақсатында 105 іс-шара өткіздік. Оған 9842 педагог тартылды. Биыл ҰБТ-ның форматы жаңарды. Форматы өзгергенмен, сынақ бұрынғыдай облыстағы 10 ұлттық бірыңғай тестілеуден өткізу пункттерінде 20 маусым мен 1 шілде аралығында өтеді.ҰБТ-ға қатысушылар 3 міндетті пәннен, 2 бейінді пәннен тест тапсырады. Тестілеуге бөлінген уақыт 3 сағат 50 минутты құрайды. Жалпы 120 сұрақ беріледі, ең жоғары көрсеткіш – 140 балл.
Ұлттық мәртебесі бар жоғары оқу орындарында оқығысы келетіндер – 65, педагогикалық, ауыл шаруашылық мамандықтарын таңдағандар – 60-тан кем емес, қалауы медицина мамандығы болса – 65, басқа жоғары оқу орындарына барғысы келсе – 50 балл жинауы керек. Биыл ҰБТ-ға 6136 мектеп бітіруші қатысады. 18 мектеп бітіруші бұған дейін халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар жарыстарында топ жарғаны үшін нақтырақ айтсақ, алдыңғы үш жылғы білім додаларының жеңімпаздары ҰБТ-дан босатылды.
ҰБТ-ға қатысатындардың 25 пайызы биология-химия, 24,7 пайызы математика-физика пәнін таңдап отыр. Биология-география пәндерін таңдағандары – 9,1 пайыз, түлектердің 8,8 пайызы математика-география пәндерін, 6,7 пайызы шет тілі-тарих пәндерін бейінді пәндер ретінде көрсеткен. Қалғаны тарих – Адам.Қоғам, құқық пәндерін, әдебиет – тарих, тарих – география, география – шет тілі, химия – физика пәндерінен тест тапсыруға дайын. 6,5 пайызы шығармашылық емтихан тапсыруға ниет білдірді, – дейді Сұлушаш Сәтбекқызы.

Нұрым Сырғабаев,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support