- Advertisement -

Шағын футболдағы үлкен жеңіс

151

- Advertisement -

Жамбылдық жампоз Серік Жаманқұлов
тағы да Еуропа чемпионатында ойнайды

Үлкен футболдан гөрі шағын футболымыздың дәуірлеп тұрғаны мәлім. Спорттың осы түрінен Қазақстан құрамасы талай биіктерді бағындырып келеді. Әлем және Еуропа біріншіліктерінде құрамында жамбылдық сұрмерген Серік Жаманқұлов секілді саңлақтар бар ел футболшылары ерлеп тұр.
Иә, ұлттық құрамамыз екінші рет қатарынан кәрі құрлық додасында бақ сынайды. Іріктеу сынында «F» тобына өнер көрсеткен өрендеріміз қарсыластарының бәрін жеңіп, топтан бірінші орынмен қара үзіп шықты.
Алдымен македониялық өрендерге қарсы алаңға шыққан отандастарымыз қарсыластарын 3:0 есебімен күйрете ұтты. Аталмыш кездесуде Серік Жаманқұлов дубль авторы атанып, мерейімізді тасытты. Бұдан соң Дания ұлттық құрамасы қазақстандықтарға «сынақ» тапсырды. Олар да мардымды қарсылық көрсете алмады. Ұлттық құрама оғландары дат елінің серкелерін 5:0 есебімен ойсырата ұтқан кездесуде Серік Жаманқұлов есеп ашса, Лео, Першин, Дуглас, Дінмұханбет Сүлейменов бастаған жігіттер де мергендіктерімен көзге түсті.
Қазақстан құрамасы соңғы кезеңде де ерледі. Чехия құрамасының саңлақтарымен күш сынасқан олар қарсыластарын 3:0 есебімен ойсырата ұтып, кәрі құрлық додасына берілетін жолдаманы қоржынға салды. Осылайша Еуропа біріншілігінің іріктеу кезеңінде бірде-бір гол жібермеген ұлттық құрамамыз келесі жылы өтетін құрлықтық додада жүлдеге таласады деген сенімдеміз. Соңғы Еуропа біріншілігінде қола жүлдеге қол созған сайыпқырандарымыз осы жолы чемпиондықтан үмітті екені даусыз.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support