- Advertisement -

Ауғанстанға жеткен қазақ көші

155

- Advertisement -

Қазақ халқының диаспора тарихына зер салғанда қазақтар XIX ғасырдың екінші жартысынан Ресей патшалығы кейін от-аршыл Кеңес үкіметінің қитұрқы саяси әрекеттерінің салдарынан жер аударуға, шет елге көшуге мәжбүр болғанын байқаймыз. Оның айқын дәлелі қандастарымыз ата жұрттан Ауғанстанға үш кезеңде қоныс аударған. Бірінші кезеңнің көш тарихын бізге Саламат Адай ақсақал әңгімелеп берген еді. Ол өте бай және ауқатты болғаны үшін ел ішінде Саламатбай аталып кеткен.

Еліміз тәуелсіздігін жариялаған соң елге оралып, Түркістан шаһарына қоныстанған. Бүгінде дүние салған қарияның ұрпақтары сол киелі жерде тіршілік етуде.Ауған еліне қазақтар алғаш рет шамамен 1865 жылдары Тәжікстан арқылы көшіп барған көрінеді. Олар Адай руының Қосай, Еміл тобы екен. Аталған топ Тәжікстанның Гүлаб деген жеріне барып, сондағы таулы аймағындағы бір тесіктен өтуді ұйғарып, ойын іске асырыпты. Оларды Арқадан Кенжебек, Берістен деген кісілер бастап көшіпті. Жалпы саны 1000 қаралы шаңырақ. Ауғанстан топырағына қадам басқандаАпқол, Бағлан, Полқұмыр, Дочы атты елді мекендерге қоныс тебеді. Ол Шерхан патшаның заманы еді (Саламат ақсақалдың «Шерхан» деп отырғаны тарихта 1868-1879 жылдар аралығында Ауғанстанды илеген «Шир Әли » патша).

Сол кезде Ауғанстанның мемлекет басшыларының бірі – Сұлтан Ғалихан деген кісі қазақтардың қонысына барып, оларға қыр көрсетеді: үстемдік жасағысы келіп, үйінен кілем алдырып, үстіне қазық қағып, атын сол қазыққа арқандап: «мен қой етін жемеймін, тауық етін тауып беріңдер» деп қиқарлық мінез танытады. Бұл қорлыққа шыдай алмаған ел қайта кері көшіп Тәжік аумағында Амударияға жақын келе, бір асудан асады. Сол асу күні бүгінге дейін «Қазақ гүзәр» яғни «Қазақ асуы» деп аталады. Ел асудан асып, ірге теуіп орналаса берген сәтте Сұлтан Ғалихан қарулы әскермен соңдарынан қуа шабады. Қазақтар көшті Амудариядан өткізген соң, жау жолына керегелерді төсеп, өздері сойылмен аңдып жатады. Қарулы қол керегеге сүрініп, жығылған сәтте сойылдап, нөкерлерін өлтіріп жібереді де Сұлтан Ғалиханды ұстап алады. Ауғанстан үкіметі қазақтарға: «Қалған дүние-мүліктеріңді қайтарайық, Сұлтан Ғалиханды тірідей қайтарыңдар» деп талап етеді. Бірақ «Өліспей берісетін халықпыз ба» деп, Сұлтан Ғалиханды тірідей жерге көміп, азаптап өлтіреді.Сонымен, Ауған жерінен кері қайтқан ел Тәжікстанның Гүлапстан деген жеріне орналасады.

Олар – Тәжікстан үкіметіне талап қойып Гулапстанның шүйгінді де құнарлы мекені болып саналатын 32 бұлағының бойын иеленіп, ресми түрде өз аттарына бекіттіріп алады. Аталған аймақтың топырағы өте құнарлы болғандығынан табиғи түрде жабайы пісте қисапсыз өседі екен. Қазақтар сол пістелерді жинап, жылына бір рет арбалап базарға саудаға салады. Соның арқасында көп табысқа кенеліп, мейлінше байып алады. Осылай Тәжікстанда тыныш өмірге дағдыланып, тілі бөлек болса да діні бір, ділі бір тәжік халқымен етене-жақын бейбіт тіршілік етіп жатқан қазақтардың басына бәлшібектердің қара бұлты үйіріле бастайды. 1917 жылы Кеңес үкіметі орнағаннан кейін бұл ел басына нәубет келіп, қайта босып Ауғанстанға барлық мал-мүлкімен өтіп кетеді. Оларды Адай-қосай тайпаларынан Бүркітбай, Тоқсаба, Нұмар молда, Мұңалдан Жарған қажы, Қырықмылтықтан Қожахмет бай, Табыннан Тілеужан молда, Төлеу, Қоңыраттан Смайыл, Нұрақыл, Досан би бастап алып шығады. Бірақ, Ауғанстан жерін жерсінбеген мал түгелдей қырылып, халық ашаршылыққа ұшырайды. Жан бағуды күйттеген ел азаматтары Кеңес еліне өтіп, басмашыларға қосылып, ел тонауға кіріседі.Ол кезде Түркиядан Әнуар паша (Әнуар паша 1862 жылы Стамбулда дүниеге келіп, әскери оқу орындарын бітірген соң II Әбділхамид билік құрған заманында соғысқа қатысты. Сол кездері мемлекетте реформа жасау үшін бірнеше пікірлестерімен «Бірлік және даму» атты партия құрды. Бірінші дүниежүзілік соғыста Османлы әскерінің даңқты қолбасшысы болды. Герман мен Османлылар жеңіліске ұшыраған соң Түрік азаттық қозғалысы қатарында мемлекеттің тәуелсіздігіне орай бәлшібектермен одақтасты. Әнуар пашаның негізгі идеясы бүкіл түркілермен бірігу болғандықтан бәлшібектердің қарсылығына тап болып, олармен соғысқа кірді.

Сол мақсатта 1921 жылында Түркістанда басталған Басмашылар қозғалысына (1918-1930) қатысып, Кеңес өкіметінің өктемдігіне қарсы түркі халықтарының азаттық күресіне ат салысты. Соңында 1922 жылы шығыс Бұхара маңындағы Балжуан мекенінде қызыл әскерлерімен шайқас кезінде ерлікпен шәһид болды.) Түркістанға барғанда бүкіл түркілерді өздерінің діни және ұлттық мүдделерін жаудан қорғап қалу жолында біріктірді. Солардың қатарында Ауғанстандағы қазақтар да оның үніне үн қосып, коммунистерге қарсы шайқасқа кірісті. Түркілердің ұлт-азаттық күресін жан-тәнімен қорғап, қолдау үшін Ауғанстандағы қазақтар толассыз Кеңес жеріне өтіп, коммунистерге шабуыл жасап тұрды. Сол кездегі Ауғанстанның мемлекет басшысы Надыр шаһ (1929-1933) қазақтарды қолдап, оларға жер бөліп беріп, орналастырады. Кеңес үкіметі Надыр шаһқа: «Басмашыларыңды тый, немесе бізге ерік бер» деп талап қояды. Надыр шаһ: «Мен өзім қоныстандырдым. Енді тыя алмаймын» деген жауабымен олардың талабын орындаудан бас тартады. Надыр шаһ қазақтарға шабуыл жасауға келіспегеннен кейін, Кеңес үкіметі арнайы қарулы әскер шығарып, елді аяусыз қыра бастайды. Қызыл әскер емін-еркін сайран салып, екі айдай елді қойша қырып аттанады.

Қызылдардың қырғыны қазақтарға өліктерін көму түгілі жылауға да мұрша бермепті. Артынша Қазақтар: «Біз Ауғанстанды мұсылман ел деп паналап келсек, бізді қорғамай кәпірге қырғызды», – деп Ауған елімен соғысады. Бұл қырғын ұрыс бес жылға созылады. Екі жақ та мейлінше шығынға батады. Мұндай аласапыран ауыр кезде басының амандығын ойлаған кейбір адамдар Кеңес өкіметіне өтуге мәжбүр болады. Тағы да зұлмат түнекке аяқ басты. Жүректері оны сезіп тұрса да амалсыз тәуекелге барғандай сыңай арызданады. Ауғанстанның өкімет басшалары оларға кешірім жасайды. «Патша береді, құлы қызғанады» демекші, кіші шенеуніктер «қарызды өтеңдер, немесе жоғарғы орыннан кешірім етілген анықтама әкеліңдер» деп талаппен мазаларын алады. Әбден мазасызданған қазақтар Тоқтамысқа үкіметтен кешірім хат алып келуді сұрайды. Тоқтамыс та жұрттың дегендерін орындай-ды.

Бірақта алған кешірім хатын жоғалтып алады. Соның кесірінен қазақтардың бір бөлегін өзіне ертіп алып, кеңес еліне қашып кетеді. Сонымен, Ауғанстанда Есентемір руынан 200-дей отбасы қалады. Оларды жергілікті үкімет 3 айдай қамап, ақыры өз беттеріне жібереді. Олардан да өсіп-өрбіген ел бүгінгі күні тәуелсіз елдің азаматтары болып, ұрпақтарының келешегіне ата-баба топырағында ірге қалап жатыр. Қазақтардың Ауған еліне үшінші рет көші — екі топ-та бөлініп, екі кезеңде жүзеге асты. Бұл жайтты Ахмет Торбай бауырымыз ақсақалдардан естіп, жазып алған екен. Көштің бірінші тобы 1928 жылы Ақмешіттен жолға шығып, Қызылқұм арқылы Қарақалпақстанға барып, одан Түрікменстан жетіп, Амудария суына «Амат» (ешкі терісін тұтастай бұзбастан сиырып алады. Сосын оны сол күйі тігіп, үрлеп, ішін ауаға толтырады. Соны-мен бірге төрт ағашты бір-біріне қатарластыра байлайды. Үрленген ешкі терісінің төртеуін құрастырылған ағаштың төрт бұрышына байлап қояды. Ол су үстіне жүзетін Амат болып шығады. Оның Салдан айырмасы төрт бұрышындағы төрт ешкінің үрленген терілері.) салып, Ауған жеріне өткен. Бұл көш жол бойында аштыққа да ұшырады. Ауа райының өзгеруінен де қиналды. Сөйтіп, бірталай жаннан да айырылды.

Екінші топ 1931 жылдары көшті бастап Өзбекстанның Талдымаржан станциясына бір тоқтайды. Сосын Қаршы мен Шөпауыз елді мекендеріне қадам басып, сонда бір жыл тұрады. Сөйтіп, келесі 1932 жылы Тәжік елінің Қорған төбе мен Сим ауылдарында тағы бір жыл аялдай-ды. Өкініштіcі, Тәжікстанның сол өңіріне де аштық тажа-лы жеткен екен. Соның салдарынан жергілікті халықпен бірге көптеген қазақтар да қырылады. Талай тауқымет көрген қазақтар сол жылдың соңғы күндерінде он мыңға жуық ел болып Ауған жеріне кірді. Олар ауған топырағына қадам басқанда үкіметтің нұсқауымен Андхой деген қала маңына жиналды. Сол кездегі Ауғанстанды билеп тұрған патша қазақтарға жер беріп, азық-түлікпен қамтамасыз етіп, ақшалай да жәрдемін аямай мейлінше көмектесті. АлМұсылман елдің адами қасиеті мол деп сенген қазақтар ауғандардың кең пейілдік танытқанына риза. Өйткені дәл сол кезеңде Ауғанстан саяси тартыстың ортасында ішкі жағдайы әбден шиеленісіп тұрған заманда тұр еді. Соған қарамастан мемлекеттік саясат аясында қазақтарды Фа-райаб (Маймен), Герат, Шұбарған, Сәнгчарак, Чақнасыр Құндыз, Мазар Шәріп сынды қалаларға тарата отырып қоныстандырды. Өкініштісі Чақнасырдағы қазақтарға сол аймақтың суы жақпай, ауа райына үйренісе алмай сексен пайыз адамдары өлім құшты. Өлімдері көптеп, ір мезгілде болуы салдарынан тірілер өлгендерді жер-леуге үлгермей жатты.

Әр бір отбасында бірден, екіден, үштен өлім болуынан олар бір-біріне көңіл айтып, бірін-бірі жұбатуға да мұршалары келмей жатты. Енді есімізді жинадық-ау дегенде 1943 жылдың жұқпалы ауруы Оба мен Малерия кең таралып, қазақ бауырларды да жалмап кеткенінен көптеген қазақтар ажал құшты. Тірі қалғандары тіршілік етуге тура келгендіктен әр түрлі қара жұмыстармен айналысып жүрді. Көпшілігі мақта теру, масақ теру, жем-шөп шабу, мәсі мен кебіс тігу, кілем тоқу, шапан тігуді тіршілік көзі еткен еді. Қазақтар кейбір шеберліктерін сол жергілікті тұрғындардан үйреніп алған-ды. Тіршілікке бейімделе бастаған кезде тағы бір тосын-нан келген жайсыздық елде үрей тудырды. Ол екі қабат әйелдердің сәбилері тұрмай шетінеп кете беруі еді. Бұл апатта қазақтардың бойы жергілікті табиғатпен үндесе алғанша мазаларын алып, әжептәуір әбігерге салды.Сол кездегі Құндыз, Ханабад, Бағланда үкімет басшылары босқын қазақтарға барынша жәрдемдесіп жүрді. Бастапқы кезде қазақтар үкімет тарапынан берілетін азық-түлік, ақшалай көмектерді алып отыр-ды. Қариялардың соңғы легінің есінде қалғаны Құндыз аймағының Ғолам Хайдар деген әкімі қазақтарға көп көмек көрсеткен екен. Кейін аталған әкім көмек көлемін кеңейтіп, мемлекеттік деңгейге жеткізеді: ресми түрде көмек беруді қолға алып, ақсақалдарды шақырып алып, құжат дайындауға тапсырма бергенде қазақтар үкіметтің ресми жәрдемінен бас тартыпты. Бұның себебін сұрағанда олар: «Біз қайыршы емеспіз. Біздің алған көмектеріміз құжаттанса ертеңгі ұрпақ біз үшін ұялады» деп жауап беріпті. Қазақтардың бұл әрекеті үкімет басшыларын таң қалдырыпты. Бұл «не деген қанағатшыл, өр көкірек ел» десіпті.Осы жайында Құндыз бен Ханабадта бір қызық оқиға болыпты. Оны айтқан қарияның атына балап көпшілік «Шортан қажы Көтібардың хикаясы» депті. Шортан қажының хикаясы: «Мұхаммед Заһир шаһ (1914-1974) 1933 жылдан 1973 жылға дейін билік еткен заманда, Құндыз қаласының әкімі Шерхан мырза қазақтарды кеңсесіне шақырып алып, алдап-арбап, қояр-қоймас бір сыпыра құжаттарға аттарын жазып, бармақ бастырып алыпты. Қол қойғандар аң-таң, күдік пен үрейге булығып кете беріпті.

Арада жылдар өтеді. Бір жамандығын күткен ел бірте-бірте ұмытып кетеді. Күндердің күнінде бірнеше ауған азаматтары сол кісілерді іздеп келеді. Олар бұл жағдайға қайран болып, қорқа бастайды. «Енді не бәле бізді күтіп тұр екен» деп олардан өздерін іздеп келгендерінің себебін сұрайды. Олар болса «біз пәлен адрестегі жерді сіздерден сатып алуға келдік» дейді. Бұны естіген қазақтар «бәлеңнен аулақ, бізде ондай жер жоқ» деп ат-тондарын ала қашады. Ауғандар таңдана: «Бұл қалай? Біздің білуімізше әкімдікте ол жерлер сіздің атыңызға тіркеулі тұр» деп жауап қайырады. Екі жақ бір-бірімен тіл табыса алмаған соң әкімдікке барады. Әкімдікке барған соң әлгі әкім қазақтарға бұдан бірнеше жыл бұрын олар қол қойған құжаттарды көрсетіп, естеріне салады. Сөйтіп, жер сіздердікі деп түсіндіреді. «Енді қаласаңыз сата аласыз, қаламасаңыз өздеріңіз пайдаға жаратасыз. Ол жағын өздеріңіз шешерсіз» деп оларды шығарып салады. Содан қазақтар күтпеген жер-ден байлыққа кенелген екен» дейді.Өмірдің талай тауқыметін бастан өткерген Ауған қазақтары бір ғасырдан ұзақ жат- жұрт жерде тұрды. Әр елде саяси биліктің саяси ұстанымына орай кейде тату, кейде қату өмір кешті. Қазақ елі тәуелсіздігін жария еткенде ақ түйенің қарны жарылып, диаспора қазақтарының жүздеріне бақыт нұры жауды.

Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1991 жылдың қыркүйек айында Түркияның Стамбул қаласында шет ел қазақтарының өкілдерін қабылдаған кезде елдің өтініші бойынша та-рыдай шашылған Ауған қазақтарын Түркия, Иран, Сауд Аравия елдерінен Елге қайтуға тікелей араласып,1993 жылы елге оралуға мүмкіндік жасады. Сол жылы елге оралған ағайындардың көпшілігі қазіргі кезде Жетісай, Түркістан, Шымкент, Қызылорда, Қаскелен қалаларында тұрады. Ауған қазақтары елге оралған соң сойылған малдың терісі бұл жерде өңделмей, теріні сату тетіктерін де білмей, сапалық жағын анықтауға да тәжірибелері жеткіліксіздеу болып жүрген тәуелсіздігіміздің бастапқы кездерінде осы салада талай жергілікті қандастардың са-уатын көтеруге үлес қосты. Соның игі нәтижелері ретінде бүгіндері мал терісінің шет елдерге сатылуы мен өндіріс орындарының ашылуы жолға қойылды.

ақпарат көзі: Baq.kz

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support