- Advertisement -

Жайқалтпай жалғыз шыбық қалай кетем?

398

- Advertisement -

Тараз қаласының  әкімі мен облыстық аумақтық орман және аңшылық шаруашылық инспекциясының басшысына арналған көктемгі хат

Жасыл желек –
жанға дауа

Енді шамалы күннен кейін қыс етегі қымқырылып, өлкемізге шуағын мол төгіп көптен күткен, сағындырған көктем де келеді. Бұл – табиғаттың бір ерекше керемет мезгілі. Бүкіл әлем дүр сілкініп, жасарып, жаңарып шыға келгендей сезімде боласыз. Көктем келгеннен-ақ барлық өңірде қарбалас іс басталып, қой қоздап, қорада шу көбейіп, егіс-дала жұмыстары қызып, өзен тасып, жазиралы дала жасыл кілем жамылып, бұтақтар бүршіктеп, алуан гүл шешек ата бастайды. Қалалар мен ауылдарда тазалық айлығы жарияланып, көше, аулаларды, арық-атыздарды қоқыстан арылту, көктемгі көгеріштендіру, көріктендіру науқаны белең алады.
Бұл – сөз жоқ, күні ертең жапанды жаңғыртар жасыл ормандардың негізі қаланар тұс. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Жасыл ел», яғни жас ағашты мол отырғызып, өлкелерімізді, ауыл-қалаларымызды жасыл желекке айналдыру бағдарламасы бұл күндері еліміздің әр аймағында қолдау табуда. Жас қаламыз Астананың төңірегі шамалы-ақ жылда адам танымастай өзгеріске ұшырап, әдемі көз тартатын орман-тоғай пайда болды. Оның арасына қырғауыл, елік сияқты құстар мен жануарлар жіберіліп, табиғат байи түсті. Оның одан әрі дамуын Президентіміз әрдайым қолдап, тікелей қадағалауға алып, бақылап отыр. Уақытының тығыздығына қарамай жыл сайын сол Астананың жасыл белдеулі аймақтарын аралап, пайдалы ұсыныстар беретініне бәріміз куәміз. Адамның қолымен, алақан жылуымен жасалап жатқан осындай іс-шаралар басқа да өңірлерде қолдау табуда. Тіпті, ертеде ағаш өспейді деген Атырау, Маңғыстау, Қызылорда аймақтарында жасыл-орман белдеулері, саябақтар отырғызылып, жеміс-жидек ағаштары молынан егілуде. Бірер жылдан кейін олар өз жемісін беретініне күмән жоқ.
Алматыда 1860 жылдары егілген әйгілі Баум емен тоғайы бұл күндері үлкен баққа айналды. Сексеуіл-Шалқар стансаларының арасындағы құмдауыт далада әр жерде топ-топ болып өсіп тұрған жасыл шыршалар жолаушылар назарын аудартады. Көршілес Шымқаланың дендросаябағы қандай керемет! Иә, тізе берсек, мысал көп-ақ. Аталғандардың барлығы адам қолымен, оның ыждаһаттылығымен жасалған көрікті көкжелең аймақтар…

IMG_3469- IMG_6536-А IMG_7151-А IMG_9855 IMG_9999Қазақстанда жеке өсіп тұрған немесе көп жасаған «Әулие ағаш» деп аталып жүрген ағаштар бар. Солардың бірі – Жаркент өңірінде жеті ғасырдан астам уақыт бойы жайқалумен тұрған жуандығы жеті адамның құшағына әрең сыятын алып бәйтерек. Айтушылар, кезiнде бұл жерден Құдайдың жетi сүйiктi құлы Мекке-Мединаға сапар шегiп өткен деседi. Солардың iшiнде Шамашұрып деген Алланың нұрына шомылған әулие жатар мезгiлде қолындағы аса таяғын жерге шаншып қойыпты. Әулие сахарда тұрып қараса, әлгi түнде жерге қадап қойған асасы көктеп, тамырланып кеткен екен. Жаратқанның шексiз құдiретiне таңғалып, сансыз мақтау айтып тұрған Шамашұрыптың жүрегiне «Тиме, өсе берсiн!» деген аян келiптi. Мiне, содан әлгi асатаяқ көгерiп, қанатын кеңге жайып, тамырын тереңге тартып, жайқалып өсе бередi. Мұндай аңыз-әңгімелерді әр өңірден табуға болады.
Біздің облысымызда да бірер өңір басшыларының қолдауымен аудан орталықтарында жасыл-желекті молайту жағына әжептәуір көңіл бөлініп келеді. Тек соңғы онжылдықта Сарыкемер, Құлан ауылдарының маңына дендросаябақтар ұйымдастырылып, бұл күндері оларда жас ағаштар көгеріп өсіп, желкілдеп бой түзеп келеді. Бұл жас дендросаябақтар сұлу көркімен көз тартып, көңіліңді желпінтеді. Осындай іс-шаралар басқа аймақтарда да қолдау тауып, жасыл желектер көлемі кеңейе берсе, шіркін, деп тәтті қиялға берілесің…

Көшеттерге
күтім болса

Тараз қаласында да бұл бағытта көптеген іс-шаралар атқарылып, қаламыз еліміздегі жасыл желегі мол шаһарлар шоғырынан көрінуде. Дендросаябақ дегеннен шығады, өткен жүзжылдықтың 90-жылдары облыс әкімі болып А.Тшанов қызмет еткен жылдары қаланың батыс аймағынан көлемді жер бөлініп, онда сан түрлі ағаштар көшеті отырғызылып, айналасы қоршалып дендросаябақтың қазығы қағылып еді. Өкінішке қарай, сол басталған ілкімді істің соңы келе-келе сиырқұйымшақтанып, кейінгі әкімдерден қолдау таппай жеке кәсіпкердің меншігіне ауып кетті де, барлығы көзден бұлбұл ұшты. Басталған игілікті іс қолдауын таппай, тіптен, ұмыт қалды. Бұл күндері сол қоршалған аймақтан жайқалып, жапырақ жайып көгеріп, көрік беріп тұрған ағаш көзге ілінбейді. Қазір онда не өсіп жатқаны көпшілік үшін жұмбақ… Кім білсін, қанша қаржы желге ұшты?
Тараз қаласы көшелеріне тал-теректер көшеті егілмейді демейміз. Жыл сайын бірнеше мыңдаған ағаштар егіледі. Олардың басым көпшілігі тамырланып, жасыл жапырақтары сыбдыр қағып өсіп келеді. Атшабарда, Төле би көшесінің бойында жайқалып өсіп келе жатқан тал-дарақтар ерекше көз тартады. Бірақ, солардың біразы көп уақыт өтпей, күн ыстығына шыдамай қурап қалады. Оның басты себебі – күтім жетпейді.
Қуаныштысы, Тараз қаласы жыл өткен сайын қанат жайып, өсіп-өркендеп келеді. Жаңа ғимараттар, жаңа шағын аудандар салынуда. Алдағы жылдары да бұл үрдіс жалғаса бермек.

Қаланың «өкпесі» қысылмасын

Көңілге бір кірбің түсіретіні, қала ішіндегі бұрынғы саябақтар, гүлзарлар, бала-шаға ойнайтын, бір мезгіл кешке демалып, тынығатын алаңдар көлемі қымқырылып, ағаштар қатары да селдірей түсуде. «Пайдаланусыз бос жатқан орындар» деп осындай көрікті орындарды жанармай стансаларымен, түрлі ғимарат-кешендермен, тұрғын үйлермен тығыздап, қаланың көрінеу «өкпесін» қысу белең алды. Іс бұлай жалғаса берсе, бірте-бірте саябақтарыңызда аяқ басар жер болмай қала ма деген қауіп жоқ емес. Мысалы, Ы.Сүлейменов көшесінің басындағы, орталық гастрономның маңындағы, Қазыбек би көшесінің бойындағы жасыл гүлзарлар бұл күндері көзден ғайып болды. Кәсіпкерлер «Жеңіс» саябағының ортасын ойып тұрып екі бірдей тойхана салды. Т.Рысқұлов саябағы да бөлікке түсіп, көлемі әжептәуір тарылды. Пушкин мен Абай көшесінің бойындағы А.С.Пушкин ескерткішінің маңындағы гүлзар тұсынан да жаңа көп қабатты зәулім ғимарат орын алды. №№1, 3, 4, 7- шағын аудандардағы гүлзарларға арналып жоспарланып, арнайы қалдырылған аумақтар бертін келе жеке меншік дәмханалар мен тойханаларға, дүкендер мен техника жөндеу стансаларына «пышақ үсті» үлестірілді де, қала тынысы едәуір тарылды әрі көркі бұзылды.
Иә, тізе берсек Тараз қаласының өзінен бұған ондаған мысал келтіруге болады. Әрине, қаланың өскені, көркейгені жақсы-ау, бірақ, «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» деп, тұрғындардың денсаулығына пайдалы, қалаға тыныс берер «өкпесі» деп есептелетін көкжелек аймақтары көлемін осылай орынсыз шегере беруге бола ма? Қаланың құрылысын қадағалайтын, көкжелектерді қорғайтын тиісті мекеме қызметкерлері мен қоршаған ортаның тазалығын бақылайтын экологтар қайда қарап отыр? Әлде, олар әлгі жерлерді саудаға салып отырған пысықайлар алдында шынымен де қауқарсыз ба?
Толқынды толқын, ойды ой қуады. Осыдан бірер жыл бұрын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автобанын салу кезінде жол шетіндегі ондаған жылдар бойы адам қолымен күтімге алынып, қарлығаштың қанатымен су сепкеніндей там-тұмдап суарылып, көптің ерен еңбегімен өсірілген жасыл желектер аяусыз оталды, қырқылды, түп-тамырымен қопарылып тасталды. Әрине, оған негіз бар еді. Содан кейінгі жылдары әлгі автомагистраль бойында бірде-бір ағаш-тал отырғызылғанын көзіміз шалмады. Неге? Әлде, оған арнайы қаржы бөлінбеген бе? Жол бойында жайқалған жасыл желек жердің көркі емес пе еді. Қазақтың «Бір тал кессең, он тал ек» дегені қайда қалды сонда?

Аңыз-әпсана
не дейді?

Жас кезімде көнекөз, кәрі құлақ қариялардан естіген мына бір әңгіме есіме жиі түседі.
Ертеде бір патша уәзір-нөкерлерімен аңға бара жатып, бір белі бүкірейген қарт кісінің ағаш егіп жатқанын көреді. Патша әлгі ақсақалға бұрылып келіп сәлем беріп тұрып мынадай сұрақ қояды:
– Қария, неге сонша қиналып жатырсыз? Бұл ағаш бірнеше жылдан кейін жемісін береді. Сіздің ғұмырыңыз оған дейін жетпейді ғой, – дейді. Сонда ақсақал:
– Тақсыр, мен өмірімнің жетпейтінін білемін. Бірақ, мен аталарымның еккен ағаштарының жемісін жеп жүрмін емес пе? Ертеңгі ұрпақ та менің еккен ағаштарымның жемісін жесін, – деп жауап беріпті. Патша қарияның айтқан жауабына аса риза болып, бір қалта алтын береді.
Сонда ақсақал:
– Міне, көрдіңіз бе, менің еккен ағашым казірдің өзінде жемісін бере бастады, – депті. Патша бұл сөзге де риза болып, тағы да алтын береді.
– Басқа ағаштар жылына бір рет жеміс берсе, менің еккен ағашым жылына екі рет жеміс береді, – деген екен сонда ақсақал.
Осы әпсана-аңыз әңгімені еске ала отырып қазақтың : «Әкеден мал қалғанша, тал қалсын» деп бекер айтпағанын ұғасың. Дейтұрғанмен, жалпы алғанда ағаш отырғызу, өсіру, күту тағы басқа жұмыстар біздің облысымызда тиісті деңгейде жүргізілсе екен деп ойлайсың.Тал-дарақ өсуі үшін біздің оңтүстікте мүмкіндік мол емес пе? Күн нұры десең – тәубе, ол бар. Су десең – қалауын тапсаң ол да жеткілікті. Табиғат бар мүмкіншілікті жасап отыр ғой! Тек көп адамдарда құнт жоқ, немқұрайлылық, енжарлық басым. Ауыл-аймақтар көкжелекке малынып, көрікті болып алыстан көз тартып тұрса несі артық? Тіпті, Тараз қаласының айналасына Астанадағыдай тал-дарақты көптеп егіп, «жасыл белдеу» жасап тастасақ артық болмас еді ғой. Бұл ұсынысымыз көпшіліктен қолдау тауып, іске асып жатса, қанеки!

Адам мен ағаш ежелден дос

Ойлап қарасаңыз, сол тал-дарақтардың арқасында табиғат көз тартарлық жап-жасыл. Сол тамаша табиғаттың аясында, көкжелек ағаштардың көлеңкесінде рахаттана демаласыз, мәуеcін жейсіз. Жеміс берсін-бермесін кез-келген ағаштың адамзатқа тигізер пайдасы ұшан-теңіз. Адамға тіршілік үшін ең керегі ауа болса, сол ауаны жасайтын, тазалайтын, сүзгіден өткізетін, яғни, ауадағы газдарды, түрлі кір-лас атаулыны өзіне тартып алып, орнына оттегі бөліп шығаруда ағаш орасан зор қызмет атқарады. Халқымыз: «ауа адамсыз өмір сүре алады, адам ауасыз өмір сүре алмайды» – деп бекер айтпаған. Сондықтан, ағаш отырғызып, табиғатты аялау қажет. Өйткені, ағаштардың болуы адамдарға жан-жақты пайда әкеледі.
Адамзат өз тарихында осы күнге дейін әлі ағаштан артық ауаны тазартатын бірде-бір қондырғы ойлап таба алған жоқ. Ағаштың ауаны тазартумен қатар ауаны реттеп, шудың азаюына да айтарлықтай пайда тигізетін қасиеті бар. Әсіресе, қаладағы шудың деңгейін едәуір төмендететін бірден-бір өсімдік болып табылады. Табиғи тепе-теңдікті сақтап тұрған да айналамыздағы ағаштар.
Ежелгі жазбалардың бірінде: «Адамдар мен ағаштарды ежелден достық пен туысқандық сезім байланыстырған. Майдан даласында қансырап жатқан жауынгер күш-қайратына қайта міну үшін еменге жүгінген. Әйел отбасы-ошақ қасында бақытты болуы және дүниеге дені сау ұрпақ әкелуі үшін жөке ағашына қарай жүрген. Бойжеткен, болашақ өмірі бақытты болуы үшін қайыңға қол созған» деп жазылыпты. Онысы рас та шығар. Бүгінде биофизика ғылымы шынымен де еменнің – еркекке, жөке ағашының – әйелге, қайыңның – қызға күш-жігер сыйлайтынын қуаттап отыр. Сонымен қатар, ұзақ уақыт орман ішін аралау адам ағзасына кез-келген дәріңізден де күшті әсер ететіні де дәлелденген. Көптеген халықтарда ертеде дүниеге бала келгенде дереу ағаш егетін салт болған. Ол ағаш әлгі сәбиге ғана арнап егіледі. Егер сәби науқастанса, кейін өсе келе, ауырған жағдайда да әлгі өзінің ағашына апарып, емдейтін болған.

ағаш егу – сүннет

Табиғатқа мейірімділікпен қараудың өзі Алла құзырында құлшылық һәм үлкен сауап. Алла тағала құлдарынан жер бетін абаттандыруға және оны түрлі бүлінушіліктен қорғауға шақырады. Жәбирден (р.а.) жеткен хадисте: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уәс сәләм): «Адамның отырғызған жеміс ағашынан адамдар, жан-жануарлар немесе құстар жейтін болса, әлгі мұсылманға (отырғызған ағашы қурап қалғанша) қиямет-қайымға дейін садақа есебінде сауап жазылатын болады», – делінген. «Кімде-кімнің қолында бір құрма ағашының көшеті (тал шыбығы) болса, соны қиямет-қайым басталып кетсе де дереу отырғызып үлгерсін», – деген (Бухари, Әдеп кітабы). Хадистен ағаш егудің маңызды іс екеніне көз жеткізе аламыз. Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Үш нәрсе көздің нұрлануына себеп болады: жасыл желекке, ағып жатқан суға және жарқын жүзге қарау», – деп айтқан.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) өз қолымен құрма ағашын егіп, мұсылмандарды солай істеуге шақырып: «Қандай да бір мұсылман ағаш егіп немесе егін ексе, ол егістіктен адамдар, құрт-құмырсқалар мен құстар жеп азықтанатын болса, міндетті түрде өзіне сауап ретінде кері қайтады», – деп сауапты іске ынталандырған.
Міне, көріп отырсыздар, имандылық туралы жазылған діни кітаптарда да табиғатқа ұқыптылықпен қарап, оның көркеюіне үлес қосу жайлы көптеген мәнді, ойға салар пікірлер мол екен.
Сонау ертеректе орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкин Қазақ елінің батыс аймағына сапар шеге жүріп, оның жазира кең алқаптарына, жазық далаларына көз тігіп тұрып: «Шіркін, егер мына өңірдің әрбір жаны жыл сайын бір-бірден тал егіп отырса, келе-келе осы кербез дала керемет жасыл орманға айналып кетпес пе еді», – деп тәтті қиялға берілген екен.
Ендеше, айналамыздың көркі болған жасыл желек тал-дарақтарымызды байлығымыз деп танып, оларды қорғап, әр жылдың көктемінде ағаш отырғызуға атсалысайық, ағайын! Өйткені, өзімізді қоршаған тіршілік ортасын келешек ұрпаққа бүлдірмей, ластамай, көркейтіп, көріктендіріп жеткізу – біздің басты парыздарымыздың бірі.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support