- Advertisement -

Жуалыда жаңа жобалар жүзеге асырылады

81

- Advertisement -

Аудан әкімінің тұрғындар алдында есеп беру жиынына облыс әкімдігі аппаратының басшысы Рахматілда Рахманбердиев, аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер, мекеме, ұйым басшылары, шаруалар, аудан әкімдігінің бөлім басшылары мен аумақ тұрғындары қатысты.
Аудан басшысы Бақтияр Көпбосынов өзінің баяндамасында Елбасының билік тармақтары арасында өкілеттіліктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуі мен Жолдауынан туындайтын міндеттерді айта келе, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталды.
Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша ауданда өндірілген өнімнің көлемі 30 155 миллион теңге болса, оның ішінде ауыл шаруашылығының үлесі 20 миллиард 986,9 миллион теңгені құраған. 2015 жылмен салыстырғанда көлем индексі 3,3 пайызға артқан. Есепті мерзім ішінде егіс көлемінің өсу динамикасы сақталып, масақты дәнді дақылдар 33 470, майлы дақылдар 22 037, картоп 2150, көкөніс 649 гектарға егілген. Нәтижесінде өткен жылы ауданда 75977 тонна астық, 48590 тонна картоп, 15208 тонна көкөніс және 14324 тонна майлы дақыл өндірілген. Мал шаруашылығы бойынша «Сыбаға» бағдарламасымен 104 миллион теңгеге 645 бас ірі қара, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 44,5 миллион теңгеге 1786 бас қой және «Құлан» бағдарламасы бойынша 163,9 миллион теңгеге 397 бас жылқы сатып алынған. Нәтижесінде, қой-ешкі 169,8 мың, мүйізді ірі қара 38,6, жылқы 8,2 мың, шошқа 765, құстардың саны 72,7 мың басқа жеткен. «Гамбург» ЖШС құны 2 миллиард, 200 миллион теңге 800 басқа арналған тауарлы сүт фермасы құрылысын 2016 жылы бастаған, ағымдағы жылы аяқталады. Сондай-ақ, ауданда қосалқы және шағын шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіру жұмыстары нақты жолға қойылуда. Бүгінге дейін Ақсай ауылдық округінде 29 әлеуетті жеке азаматтар бірігіп «Ақсай – 2016», 15 шаруа қожалық бірігіп «Жуалы Алатау» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі құрылған.
Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасы аясында 2017-2018 жылдары қуаттылығы 50 МГв-ты құрайтын «Burnoe solar-2» күн электр стансасының құрылысын Ұлыбританияның «United Green» компаниясымен бірлесіп, жүзеге асыру жоспарланып отыр екен. Сонымен қоса, ауылдық округтердегі жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіріп, заманауи сүт кластерін құру, Оңтүстік кореялық компаниямен бірге жылына 40 мың тоннаға дейін құс етін өндіретін фабрика салу, сондай-ақ, Иран кәсіпкерлерінің аудан аумағынан алабалық және Билікөлден бекіре тұқымдас балық пен уылдырығын өндіретін зауыт салу секілді жобаларды іске қосу жоспарланып отыр екен. Әкімдік межелеп отырған бұл инвестициялық жобалар іске асқан жағдайда ауданға мол қаражат тартылып, қосымша 600-ге жуық жұмыс орны ашылмақ.
Бақтияр Бейсембайұлы шағын несиелендіру, еңбекке жарамды азаматтарды жұмыспен қамту, жастарға «Дипломмен ауылға» бағдарламасы, мәдениет, білім, денсаулық, дене шынықтыру және спорт салаларының жұмысы, қылмыс пен құқық бұзушылық профилактикасы және жол-көлік оқиғаларының мәселелеріне де кеңінен тоқталды.
Жарыссөзге бірінші болып Б.Момышұлы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Дәуренов шықты. Өз сөзінде еңбек ардагері ауыл әкімі жанынан құрылған қоғамдық кеңестің төрағасы ретінде атқарып отырған жұмысы, аудан орталығындағы өндіріс орындары, еңбек ұжымдарының тығыз байланыста еңбек етуі жайлы және соғыс, еңбек ардагерлеріне көрсетіліп отырған қамқорлығын тілге тиек етті. Кемелбек Дәуренұлы әкім есебіне қанағаттанарлық деген баға берді. Жарыссөзге шыққан азаматтардың өтініш-тілектері негізінен шалғай ауылдарға тұрақты жарық беру, жолдарды қардан уақтылы тазарту төңірегінде болды.
Сейтқазы Әмірұлы Бауыржан Момышұлы ауылына қарасты мазараттарды қоршау, Аманжол Дүрәліұлы ардагерлер демалысын ұйымдастыру және аудан орталығындағы базарды кеңейтуді, Алмағамбет Орымбай халыққа қызмет көрсету орталығының орталыққа жақындатылуын, балалардың денсаулықтары мықты болуы үшін шаңғылар сатып алып, қосымша үйірмелер ашу және жастарға үй салу үшін жер бөліп беру туралы мәселелерді көтерді. Аудан басшысы барлық талап-өтініштердің қаперге алынатынын және жол-көлік оқиғалары, жолды қардан тазалау жұмыстарының оң шешілетінін айтып жауапты мекеме басшыларына тапсырмалар берді.

Фариза Айтбек
«Ақ жол».

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support