- Advertisement -

Жаңатасқа Шаяннан газ құбыры тартылуда

83

- Advertisement -

Жаңатас қаласындағы Ы.Дүкенұлы атындағы Мәдениет орталығында қала мен аудан жұртшылығы өкілдері алдында аудан әкімі Балабек Нарбаев 2016 жылдың экономикалық-әлеуметтік дамуының қорытындылары және алдағы міндеттер туралы есеп берді. Ол өз есебін Елбасының биылғы халыққа Жолдауын өңір жұртшылығының қызу қолдап отырғанын жеткізуден бастады.
– Шын мәнісінде, – деді ол, – ауданымыз тәуелсіздігімізге қол жеткізгелі бергі ширек ғасыр уақыт ішінде әлеуеті артқан, өндірістік-аграрлық аймаққа айналды. Әсіресе, «Қаратау» тау-кен кешені мен

жанатас-3«ЕуроХим» ЖШС компаниясының іргелі жұмыстары елдің үмітін үкілеп, болашаққа деген сеніміне серпін берді.
Баяндамашы былтырғы жылы ауданның жергілікті атқарушы органдарының жұмысы негізінен Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауы және 5 институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында айтылған міндеттер мен басымдықтарды жүзеге асыруға бағытталғанын атап өтті. Соның нәтижесінде 2016 жылдың 11 айында өнеркәсiп кәсiпорындары өнімінің сомасы 13 миллиард теңгенi құраған. Жалпы, өнеркәсіп өнімдерінің 95,5 пайызы тау-кен өндіру өнеркәсібі мен карьерлерді қазу саласында өндіріліпті. Өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айларында негізгі қорға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 21,6 миллиард теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 2 есеге жуық артқан.
Ауыл шаруашылығы саласында өндiрiлген өнiм 9 миллиард 169,1 миллион теңгенi құрап, жоспар 105,2 пайызға асыра орындалған. Оның ішінде 4 миллиард 274,6 миллион теңге егін шаруашылығына тиесілі. Масақты дәнді дақылдардан жалпы түсім – 7544 тонна. Ақ егістің гектар қайтарымы 18,5 центнерден айналыпты.
Мал басы да өсуде. Бүгінгі күні аудан бойынша мүйізді ірі қара 17692, қой-ешкі 213688, жылқы 5273, түйе 1947 басқа дейін көбейіп, олардан 6659,0 тонна ет, 5736,3 тонна сүт өндірілуіне, 495,3 тонна жүн дайындалуына қол жеткізіліп отыр. Мал тұқымын асылдандыру бағытындағы іс өрістетілуде. Осы орайда әкім, әсіресе, мемлекеттік несиелеу бағдарламаларының мал басы өсуіне орасан зор көмегін тигізіп отырғанын атап өтті.
Әкім өз есебінде өткен жылы 9335 шаршы метр болатын 40 жеке тұрғын үй мен 1 көп қабатты тұрғын үйдің пайдалануға беріліп, жоспардың 101,0 пайызға орындалғанын да жеткізді. Бұл үрдіс биыл да жалғасын тауып, 120 көппәтерлі тұрғын үй жөндеумен қамтылмақ. Одан әрі қарай кезең-кезеңімен 7 көп қабатты тұрғын үйді қайта жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда екен. Кәсіпкерлік құрылымдарының саны сәйкес мерзіммен салыстырғанда 175 бірлікке немесе 9,2 пайызға өскен.
Аудан басшысы орын алған кемшіліктерді де атап көрсетіп, оларды жоюдың нақты мерзімдері белгіленіп, кешенді жоспары жасалғанын жеткізді.
Бұдан кейін сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков ауданда өткен жылы Елбасының тапсырмалары және Үкіметтік бағдарламаларды орындауда елеулі жұмыстар атқарылғанын атап өтіп, аудан басшысының есебіне оң баға берді. «Жаңатаста жақсы, жарқын істер жалғасын табуға тиіс», – деді ол. Қалада бүгінде 1614 адам үй кезегінде тұр екен. Тұрғын үй мәселесін шешу үшін «Нұрлы жер» бағдарламасын халыққа түсіндіру жұмысы жүргізілуі керек-ақ. Кондоминиум арқылы жөнделген көп қабатты үйлерден жиналатын қаржының өндірілуі әлі де болса төмен. Сондай-ақ, ұсақ шаруашылықтарды біріктіріп, ауыл кооперативтерін құру азық-түлік қауіпсіздігі нығайтылуына да мүмкіндік бермек.
Бекболат Серікбекұлы бірқатар елді мекендерді газдандыру жүзеге асырылатынын атап өтті. Оның айтуынша, биыл Әбілда, Тоғызкент, Майлыбай, Досбол елді мекендеріне «көгілдір отын» жеткізудің жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Бүгінде Шаяннан Жаңатасқа газ тарту жұмыстары жүргізілуде. Қалаға ауызсуды тәулік бойы беру үшін тиісті құрылыс компаниясына талап қойылған. Қала көшелерін асфальттау мен 2 көпірді жөндеуге де қаражат қарастырылыпты.
Жиынға қатысушылар аудан әкімінің есебін қанағаттанарлық деп бағалады.

Сәулембай Әбсадықұлы,
«Ақ жол».

Жаңатас қаласы,
Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support