- Advertisement -

Бос жатқан суармалы алқаптар игеріледі

107

- Advertisement -

Биылғы Жолдау жүктеген міндеттердің бірі – жаңа индустриялар құрумен қатар дәстүрлі базалық салалар – өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, көлік пен логистика, құрылыс секторын дамыту. Бұл тапсырма қалай жүзеге асырылады? Қандайда бір істі ілгерілету үшін оған негіз болатындай жағдай жасалуы тиіс екені белгілі. Ал аудандағы ахуал қалай? Былтыр аудандағы орта және шағын кәсіпорындар 7,6 миллиард теңгенің өнімін өндірген. Нақты көлем индексі – 116,8 пайыз. Жалпы, өндірістік құрылымда өңдеу өнеркәсібі 84 пайызды құрайтынын айта кету керек. Бөлшек тауар айналымынан түскен түсім – 1,7 миллиард теңге. Ауданда тұрғындарды қуантарлық жаңалық та бар. Биыл Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша ашылған «Оңтүстік Халал тағамдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ет комбинаты мен «КазУпакТрейд» ЖШС-ның гипс зауыты және «Aса – DAMU» ЖШС құс фабрикасы толық куатында іске қосылса, жаңадан 318 жұмыс орны ашылмақ. Ал бұл өз кезегінде өнеркәсіп өнімінің көлемін 11,8 миллиард теңгеге дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

_DSC28++36Ауыл шаруашылық саласын дамытуға да баса назар аударылуда. Былтыр осы мақсатта 800 миллион теңге субсидия бөлініп, өсімдік шаруашылығында жаңа технологиялар қолданылған. 181,8 миллион теңгеге өндірісті жетілдіру үшін жаңа құрылғылар сатып алынған. Соның нәтижесінде өнім көлемі 24,9 миллиард теңгені құрапты. Мәселен, 8,3 мың тонна ет, 39,5 мың тонна сүт, 6,4 миллион дана жұмыртқа өндірілген екен. Ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеумен 14 кәсіпорын айналысса, өндірген өнім көлемі 1,6 милиард теңгеге жеткен.
– Гидромелиоративтік жүйенің техникалық жағдайының төмендеуі мен жаңа құрылғыларды сатып алып, оны орнатудың әрі жаңа технологияларды іске қосудың кенжелеп қалғандығынан суармалы жердің өнімділігі төмендеп кетті. Ол үшін суару жүйесінің техникалық жағдайын жақсартпасақ болмайды. Оның жалғыз амалы – ағын су тапшылығы сезіле түсетін жаз айларында суармалы жерлерді ұқыпты, тиімді пайдалану мәселесін айрықша назарға алып, тиімді әдістерді дер кезінде қолдану. Осы мақсатта ылғал сақтайтын заманауи технологияны қамтамасыз етіп, гидромелиоративті жүйені қайта жасау үшін кешенді шаралар әзірленуде. Осылайша, 15,9 мың гектар жерді пайдаға асыру көзделіп отыр. Оған 6,2 миллиард теңге қаржы қарастырылып, оны кезең-кезеңімен игеру жоспарлануда. Бүгінде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 26 каналдың жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде, – дейді Мәден Тоқтарбайұлы.
Аудан әкімі жиында барлық дәстүрлі базалық салалардағы атқарылған жұмыстарды баяндап, есеп берді. Оның айтуынша, былтыр құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен бөлінген 1 миллиард 469,3 миллион теңгенің 752,1 миллион теңгесіне Жалпақтөбе ауылының ауызсу құбыры қайта жаңғыртылыпты. Бектөбе, Аса, Айша бибі ауылдарында жаңадан салынып жатқан тұрғын үй алқабының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымына 717,2 миллион теңге жұмсалған. Осы жылы қалған жұмыстарды аяқтауға 472,2 миллион теңге қаражат қарастырылыпты.
Есепті кезеңде 80 мың тұрғыны бар ауданда 32 мың шаршы метр тұрғын үй салынғаны, осы уақытқа дейін 42 елді мекеннің 24-іне газ кіргізіліп, 40 пайызы таза ауызсумен қамтамасыз етілгені, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында өткен жылы 40 нысанға ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілгені, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 28 жоба іске асырылып, автомобиль жолдарын жөндеуге және күтіп ұстауға 607,3 миллион теңге бөлініп, толық игерілгені айтылып, салық түсімі, құқық қорғау, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт саласындағы жетістіктер де кеңінен сөз болды.
Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев жыл ішінде атқарылған жұмыстарға оң бағасын берсе, Жамбыл ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Орынбай Рысбаев Шайқорық ауылы және Шайқорық стансасында, Қапал, Танты ауылдарында жер асты суының көтеріліп, қамыс басып бара жатқанын айтты. Ақбұлым ауылының тұрғыны Мараталы Төлебеков тасымалданып оқытылатын жүзден аса оқушыға бөлінген автобустың жайы сын көтермейтінін тілге тиек етіп, жаңа көлік беруді сұрады. Құмтиын ауылы Ильич орта мектебінің мұғалімі Гүлнар Әушенова аталған мектепке жөндеу жүргізу қажет екенін жеткізді.
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке аудан әкімі Мәден Мұсаевтың есебіне қанағаттанарлық деген баға беріп, ауыл әкімдеріне жекеменшік-әріптестік негізінде балабақшалардың санын көбейтуді тапсырды.

Нұрым Сырғабаев,
«Ақ жол».

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support