- Advertisement -

Имамдар жетіспейді. Неге?

98

- Advertisement -

Облыстық дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров өткен жылы басқарма тарапынан атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы міндеттерді саралап, жылдық есебін берді. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов, облыстық ардагерлер және қоғамдық кеңестердің төрағалары, облыс әкімдігінің салалық басқарма басшылары, Тараз қаласы, аудан әкімдерінің орынбасарлары, облыстық және қалалық мешіт имамдары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жангелді Омаров баяндамасында басқарма қызметкерлері еліміздің діни негіздегі ұстанымын ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы мен Елбасының «Қазақстан-2050» атты ұзақ мерзімді даму Стратегиялық бағдарламасындағы дін саласына қатысты басымдықтармен және «Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны» басшылыққа ала отырып атқарғанын айтып өтті.
Өткен жылы облыс көлемінде діни тұрақтылықты қалыптастыру, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу және конфессияаралық келісімді нығайту бойынша бірқатар тірліктер тындырылыпты. Атап айтсақ, ҚМДБ төрағасының ұйғарымымен 6 мешіт қызметін тоқтатып, оның орнына жаңадан 5 мешіт тіркелген екен. 280 мешітте бұйрықпен 262 имам қызмет атқаратындығын, ал, қалған 18 мешітте кадр тапшылығына байланысты имамдардың жоқ екені де белгілі болды. Сондай-ақ, имамдардың діни сауаттылығына да баса назар аударылды.
Басқарма мен Дін проблемаларын зерттеу орталығының қызметкерлері Тараз қаласы мен аудандарға 171 рет іссапарға шығып, зерделеу жұмыстарын облыстағы барлық аудан орталықтары мен 156 ауылдық округте жүргізген. Жергілікті әкімдіктердің дін саласына жауапты қызметкерлеріне мемлекеттің дін саласындағы саясаты мен осы бағытта атқарылатын жұмыстар туралы жан-жақты түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырыпты. Бүгінгі таңда қырыққа жуық дінтанушы мамандар мен мешіт имамдары ғаламтор арқылы діни сенім мен нанымға қатысты түсіндірме жұмыстарын жүргізуге тартылған. Олар жат ағым зардаптарының алдын алу жұмыстарын негізге алған көрінеді.
Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Үміткен Найманова, Талас ауданы әкімінің орынбасары Қадірбек Садубаевтың басқармамен бірлесе атқарған ілкімді жұмыстары туралы баяндамалары тыңдалды.
Есепті жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов басқарманың жұмысының жүйелілігін айтып, алдағы уақытта да жұмысты әрмен қарай жандандыра түсу қажеттігін баса айтты.

Фариза АЙТБЕК,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support