- Advertisement -

Жерге де жақсы күтім керек

102

- Advertisement -

Облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиевтің қатысуымен өткен кеңейтілген мәжілісте облыс әкімдігі жерлерді пайдалану және қозғалуын бақылау басқармасының басшысы Серікбай Тәпеев есеп берді. Есепті жиынға Тараз қаласы және аудан әкімдерінің орынбасарлары, бірқатар басқармалардың, жер қатынастары бөлімдерінің басшылары, прокуратура мен БАҚ өкілдері қатысты.
Баяндамашы айтып өткендей, өткен жылы жер пайдалану саласында 518 тексеру жүргізіліп, 231 заң бұзушылық анықталған. 120 тұлғаға 19,7 миллион теңге көлемінде айыппұл салыныпты. Жерді ұтымды пайдалану мәселесіне бірінші кезекте жылдар бойы айналымнан шығып қалған егістік жерлерді ұқсату жұмыстарының жүзеге аспауы кедергі болуда. Мұндай жерлер Мойынқұм, Талас, Сарысу аудандарының бұрынғы суармалы егістіктерінде орын алған. Бұған алқаптарды ағын сумен қамтамасыз ету мүмкіндігінің жоқтығы басты себеп болып отыр. Қазіргі кезде ағын су жетіспеушілігінен ұсақ шаруашылықтар суармалы егістік жерін пайдалана алмай, мемлекет меншігіне өткізуге мәжбүр болуда. Бірқатар аудандарда жекелеген суармалы жерлер жайылымдықтарға айналуынан егістік жерлерінің едәуір бөлігі жоғалтылған. Атап айтқанда, Байзақ ауданы Кеңес ауылында 1500 гектар, Жамбыл ауданы Жасөркен ауылында 1 мың гектар игерілмей бос жатқан егістік жерлер бар. Талас ауданында да ұзақ жылдардан бері игерілмеген мұндай алқаптар жеткілікті. Бұл мәселені су үнемдеу технологиясын пайдалану арқылы шешуге болады. Оған республикалық, облыстық бюджеттерден қаржы қарастыру кезек күттірмейтін-ақ іс.
Облысымызда бірқатар аудандар ауыл шаруашылық жерлерін ұтымды пайдалануда. Бұған олар озық үлгідегі технологияларды пайдалану арқылы қол жеткізуде. Тамшылатып суару технологиясын ұтымды пайдаланған Қордай ауданында өнімділік еселеп артқан. Мәселен, бұл ауданда тамшылатып суару технологиясы 2013 жылы 630 гектарды құраса, 2016 жылы 2929 гектарға жетіп отыр. Бұл аудандағы 31,8 мың гектар суармалы жердің 16,2 пайызына су үнемдеу технологиялары енгізілген. Байзақ ауданында Базарбай каналы жағалауындағы тәлімі жерлер бұл күнде суармалы егістік ретінде пайдаланылуда. Сондай-ақ, іс жүзінде егістік ретінде пайдаланылып отырған жайылымдардың санатын ауыстыру мәселесі де шешімін күтуде.
Жер учаскелерін өз бетінше иелену фактілерінің алдын алу, анықтау және жою мәселелерін еліміздің Бас прокуратурасы тұрақты бақылауға алған. Облыстық прокуратураның ықпалымен заң бұзушылықтарды анықтау мобильдік топтарға жүктеліп отыр екен.
Өткен жылы басқармаға 138 арыз-шағым түсіп, қаралған. Заңға сәйкес 38 арыз басқа мекемелерге жолданып, 85 арызға түсініктеме берілген. Өзге арыздар қанағаттандырылыпты. Басқарма басшысы биылғы жылы да жұмыстарды жандандыра беретінін айтты.
Мұнан соң жиынға қатысушылар баяндаманы талқылап, ой-пікір білдірді. Есепті жиынды облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев қорытындылап, басқарма басшысының жұмысын қанағаттанарлық деп бағалады. Сондай-ақ, ол жерлердің бақылауы мен қорғалуына қатысты мәселелерді реттеу, игерілмей жатқан егістік жерлерді, жер учаскелеріндегі заңдылықты анықтау жөнінде басқарма басшысына нақты тапсырма берді.

Есет Досалы
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support