- Advertisement -

Тоқсанда толғап жыр жазған

263

- Advertisement -

Мүтәліп Ережепбайұлы ақсақалды жұртшылық кеңінен таниды. Оған қаламгердің еңбекқорлығы себеп. Жасы тоқсанды алқымдаса да, өзін сергек сезініп, жазғанын көпшілік назарына ұсынуға асығып тұратыны тағы бар. Жүзінде қарттыққа тән әжім тарамдалып тұрса да, жүрегі жас Мүкең әр редакцияға өз аяғымен барып, мақала-очерк, топтама өлеңдерін ұсынып жүретіні – шығармашылыққа жауапкершілігі болар. Қарт қаламгердің осындай қасиеттеріне тәнті боламыз.
Мүкең жайлы есімі елге елеулі жандардың жылы лебіз білдіруі бекер емес шығар. Мәселен, Халық жазушысы Шерхан Мұртаза «Мүтәліп Ережепбайұлы менен 6-7 жас үлкендігі бар қария кісі, демек менімен замандас адам. Біз екеуміз де советтік кезеңде өмір сүрдік, оның заңымен, идеологиясымен өстік. Қоғамда бәріміздің өмір салтымыз бір болды. Дегенмен, Жамбыл Жабаевты тануға қатысты біздің пікірлеріміз бірдей бола бермеуі мүмкін.
Ережепбаевтың «Жамбыл жолы» эссесі автордың өз Жамбылы жайлы шығарма. Өз тұрғысынан алғанда ХХ ғасырдың алыбы Жамбыл жайлы жазылған басқа белгілі еңбектермен салыстырғанда, бұл өзіндік реңкі бар шынайы еңбек.
Жесір ананың баласы, Халық жауы атанып, түрмеде өлген әкенің баласы Мүтәліп өзінің жазмыш-талайы бойынша ақын болып жаратылған жан болғасын, бар ақындар сияқты қазақтың 100 жасаған Жамбылын ардақтамай тұра алмаған болар. Және әділін айтайық. Мүтәліп үйішілік күйбеңге байланып қап жататын көп қазақтың басқалай шалдарының бірі сияқтанбай, ілгері бара білген көрінеді. Сонысына рахмет.
Мүтәліп Ережепбайұлы – бұрындары айтқанымдай, ақын, өзі төкпе журналист. Сондықтан, ол мына жұмысында фактілерге, деректерге, даталарға, уақыт сарынына, өмірдің қадамдарына, дәуірдің қарқынына мұқият қарай алған. М.Ережепбаевтың «Жамбыл жолы» – Ж.Жабаевты бүгінгі жастармен жалғаған көпір сияқты үлгі берерлік, танымдық дүние екен. Жастарға керек кітап. Басқаға да» деп 2012 жылдың 30 шілдесінде «Жамбыл жолы» кітабы туралы лебізінде жазған екен.
Қазақ көсемсөзінің алыбы Шерағаң осылай ағынан жарылып жатса, мұны Ережепбаевтың болмысына берілген әділ баға деп бағалаймыз.
Мүкең жастайынан өмір қиындықтарын көп көрді. Бәлкім, қиындыққа толы өткен балалығы шығармашылығына да ықпал еткен болар. Әкесі Ережепбай «Халық жауы» атанып, 8 жылға сотталып кетті. Артынша «атылды» деген суық хабар жеткен.
Анасы Бекпатша екеуі бұл қасіретке де шыдады. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда «Отанымды қорғауым керек» деген патриоттық сезім Мүтәліптің де кеудесін кернеді. Жыл сайын әскери комиссариатқа барып, өз қалауымен майдан даласына сұранып жүрді. Жасы жетпеуіне байланысты қайтарылатын. 1944 жылы жасы жетіп, әскер қатарына алынды. Аз ғана дайындықтан кейін, Прибалтика майданында Кенисберг қаласы маңындағы шайқасқа қатысты. Берлинге дейін жалғасқан соңғы шайқастарда жаудың бетін тойтаруға күш салып, Отаны үшін кеудесін оққа тосты. Сондай сұрапыл шайқастың бірінде жау жағынан атылған снаряд жарықшағы Мүкеңнің сол жақ өкшесін жұлып кетті. Мүтәліп осы жарақатымен Берлинге жетті. Барлық Кеңес жауынгерлерімен бірге «Ұлы Жеңіс!» деген зор қуанышты сөзді Берлин маңында естіді. Көзіне жас келді. Аман қалғандығы үшін емес. Әкенің үлгісін жалғар ұл болғанына тебіренген. Ары да, жаны да тазарғандай күй кешті. Ұлы Жеңістен кейін де Мүкеңдер әскер қатарында қалды. Соғыс зардабынан қираған қалалар мен елді мекендерді қалпына келтіру жұмысына қатысты. Ол да жеңіл емес. Қауіпті. Әлі де жаудың ызасы буылғып тұрған. Талай жауынгер осы қалпына келтіру жұмысында жүріп-ақ опат болды. Ал Мүкең 1946 жылдың шілде айында кеудесіне «Берлинді алғаны үшін» медалін тағып, еліне оралды.
Елге оралған соң Талас аудандық атқару комитетінде әуелі нұсқаушы, артынша кадр және бөлім меңгерушісі болды. Кеңшарда партия ұйымының жетекшісі ретінде де абыройлы еңбек етті. Аталған қызметтерін айтпағанда Мүкеңнің қызметтік өмірі аудандық «Талас тынысы» газетімен тығыз байланысты. Әуелі жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарды. Кейіннен төрт жылға жуық бас редактор ретінде тізгін ұстады. Сондағы Мүкеңнің «Жігіттер, абайлаңдар! Құнымыз бір-ақ әріп» деген сөзі бұл күнде барша облыс журналистері арасында қанатты сөзге айналып кетті.
Бұл кісі бірнеше кітап жазды. «Атақоныс», «Өлеңім – өмірім» жыр жинақтары әдемі өлеңдерімен құнды. Өңіріміздегі ірі оқиғалардың бірі Амангелді газ кен өндіріс ошағы туралы «Аңызға айналған ақиқат» поэмасында кеңінен қамтыды. Тәуелсіз еліміздің, Елбасының даналығымен қарапайым халқымыздың қол жеткізген толайым табыстарын жырлады.
2010 жылы «Оқ пен оттан оралғандар» атты очерктер жинағын жазып шығарды. Кітапта Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы, Ұлы Отан соғысының ардагерлері Сымық Бертаев, Сауытбек Рысбаев, Уәтай Әлімходжаев, Өтеулі Досыбиев, Әнуарбек Сандыбаев туралы толғайды. Бұл азаматтар майданнан аман оралып, аудан және облыстық деңгейде қызмет атқарған кісілер еді. Тоқсанға жақындаған жасында да қаламы қолынан түспеген қария 2015 жылы «Жамбыл жолы» кітабын оқырман назарына ұсынды. Бұл еңбекке Шерхан Мұртазаның өзі жақсы пікір білдіргенін жоғарыда айттық. Айта кетерлігі, Мүкеңнің «Жамбыл жолы» және «Аңызға айналған ақиқат» кітабы Астанада Президенттің мәдени орталығында сақтаулы тұр екен. Тіпті, Елбасы қарт журналист Мүтәліп Ережепбайұлына ризашылығын білдіріп, екі рет Алғыс хат жолдағанын білеміз.
Мүкең әлі де сергек. Әзілі мен қалжыңы қалмаған. Әр сөзінен жақсы қарияға тән тағылым, ұлағат байқалып тұрады. Тәуелсіз еліне жақсылық, береке тілеп отыр. Әзіл дегеннен шығады. Мүкеңнің кейде қолына домбырасын алып:
Қош келдің, үлкен ауыл тоқсан деген,
Жүріп келем жақсылар өткен жолмен.
Жамбыл жайлы бір еңбек жазып шықтым,
Үмітім бар, Жамбыл жасына жетсем деген, – деп әндететіні бар. Несі бар, ниетіне жетсін! Тоқсанға сергек жеткен кісіге жүздің де ауылы алыс емес қой.
Бүгінде ол бақытты қария. Жұбайы Тынышбала апа екеуі бірнеше ұл-қыз тәрбиелеп, олардан немере, шөбере сүйіп отыр.
– Біз өмірдің ащы-тұщысын көп көрдік. Ашаршылықты сезіндік. Ұлы Отан соғысын өткердік. Кеңес кезеңінде еңбек еттік. Міне, арайланып атқан Тәуелсіздік ауасымен тыныстағанымызға ширек ғасырдан асып барады. Ел өсті, өркендеді. Жастар, жас ұрпақ аман болсын. Білімді, зерделі, ғұмырлы болсын, – дейді тоқсан жастың төріне шыққан майдангер қарт Мүтәліп Ережепбайұлы.

Есет ДОСАЛЫ,
«Ақ жол».

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support