- Advertisement -

Бір өзінде екі алтын

80

- Advertisement -

Юлия Галышева жанкүйерлер сенімін ақтады

Жалпы, елімізде жалауы желбіреген қысқы Универсиада басталмай тұрып, мамандар ұлттық құрама сапынан «кім алтын алады?» деген сауалға ойланбай екі спортшыны атаса, соның бірі фристайл-могулшы Юлия Галышева болатын. Сондықтан еліміз үкілеп жарысқа қосқан қазақстандық саңлақтың қателесуге құқығы жоқ еді. Дегенмен, күллі Қазақстанның сенім артып отыруы – бір жағынан спортшыға қолдау болары сөзсіз.
Қалай десек те, тәжірибесі әбден толысқан Юлия Галышева сенім үдесінен шықты. Алдымен іріктеу сынында бірінші нәтиже көрсетіп, қарсыластарынан қара үзіп кетті. Кейіннен финалда да қарсыластарын қиналмай ұтып, ел қоржынына төртінші алтын жүлдені салды. Осылайша ол қысқы Универсиаданың екі дүркін чемпионы атағына қол жеткізді. Естеріңізге сала кетейік, Галышева екі жыл бұрын Испанияның Гранада қаласында өткен бәсірелі аламанда да алтыннан алқа тағынған болатын. Күміс жүлдені еншілеген ресейлік спортшы Анастасия Первушина отандасымыздан 11 (!) ұпай қалып қойғанын мақтанышпен айта аламыз. Бұл доданың қола жүлдесі австриялық Катарине Рамзауэрге бұйырды.
Расымен де елімізде өтіп жатқан дүбірлі дода барысында алтын жүлдені биатлоншылар мен фристайл спортының шеберлері қоржынымызға салудай-ақ салып жатыр. Ақ аламанның келесі күні Юлия Галышева тағы да үздік нәтиже көрсетіп, елімізде өтіп жатқан қысқы Универсиадада екінші алтынын ұтып, ел қоржынына жетінші алтынды салды. Ол енді қысқы Универсиаданың 3 дүркін чемпионы! Енді өзге де спортшылар белсенсе, жалпыкомандалық есепте екінші орын алатын мүмкіндік мол.
Жарыс аяқталған соң тілшілермен тілдескен Юлия Галышева: «Дәл қазір өте керемет сезімді бастан өткеріп тұрмын. Қуанышымды сөзбен айтып тауысу мүлде мүмкін емес. Өз Отанымда өтіп жатқан ақ аламанда алтын алғаныма ризамын, бақыттымын. Қысқы Универсиаданың Алматыда өткені ғажап болды. Біз жанкүйерлер сенімін ақтау үшін аянып қалмадық. Тек алтын медаль алуға тырыстым. Осылайша Гранадада чемпиондық атақты кездейсоқ иеленбегенімді айқындадым. Рахмет!», – деп өз ойын ортаға салды.

Табиғат АБАИЛДЕВ, «Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support