- Advertisement -

Галина Вишневская – чемпион!

73

- Advertisement -

Алматы қаласында өтіп жатқан бүкіләлемдік қысқы Универсиадада биатлоншы аруларымыз жарап тұр. Иә, ақ қарда шаңғымен құстай ұшып, нысана көздеуде мүлт кетпеген аруларымыз (нысана көздеуде қателіктерге бой алдырған биатлоншы айып айналымын жүгіріп өтеді) жанкүйерлерінің сенімін ақтап, қуанышқа бөлеуде. Бұған дейін газетімізде жазғанымыздай Алина Райкова алтын, Галина Вишневская күміс жүлде алған еді. Алғашқы додасында күміспен күптелген Галина енді алтын медальға да қол жеткізіп отыр.
7,5 шақырымдық спринтерлік (жылдамдық) жарысында қарсыластарынан оқ бойы озық болған Галина алтын алмай тоқтамайтынын айқын аңғартты. Жалпы, биатлонда тек жылдам болып қана қоймай, нысана көздеуде сабырлылық танытқан ләзім. Жол бойы жылдамдығын арттырумен болған қазақстандық спортшы нысана көздеуде де көңіл көншітерлік нәтиже көрсетіп, шашасына шаң жұқтырмайтын шын жүйрік екенін дәлелдей білді.
Жарыс жолындағы барлық қиындықтарға қарамастан, алдына қойған мақсатына қол жеткізген Галина бұл алтын жүлдесін ұзақ күткенін де жасырып қалған жоқ. Бұл додада украиналық спортшы Яна Бондарь қазақ биатлоншысынан 22,8 секундқа мәре сызығын кештеу кесіп, күміс жүлдені місе тұтса, ресейлік биатлоншы Анастасия Егорова 36,7 секунд кейін қалып, қола жүлдегер атанды. Өзге қазақстандық спортшылар да осы қашықтықта жақсы нәтиже көрсетуге тырысып бақты. Мәселен, Дарья Усанова Универсиада чемпионынан бір минут алты секунд артта қалып, жетінші нәтиже көрсетсе, Анна Кристова сегізінші орынға тұрақтады. Ал ел қоржынына алғашқы алтын жүлдені салған Алина Райкова бұл жолы бабында болмаған секілді. Ол небәрі 12-орынға орнықты. Сонымен қатар, Елизавета Бельченко 18-орынға табан тіресе, Анастасия Кондратьева 21-орынға жайғасқан.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support