- Advertisement -

«Қымызмұрындық» мерекесі Таразда өтетін болды

93

- Advertisement -

Өңірдің қымыз өндірушілері қымыздың «жамбылдық брендін» ойлап тауып, нарыққа шығаруды көздеп отыр. Осы мақсатта облыста «Қазақ қымызы» қауымдастығы құрылып, жұмыс істеуде. Ассоциация құрамына облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының, кәсіпкерлік палатасының, «Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» облыстық филиалының, басқа да мүдделі мекемелердің басшылары, осы салада терең зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүрген ғалымдар мен аймақтағы шағын кәсіпкерлік құрылымдарының жетекшілері кіреді.

43-010
Жуырда ТарМУ-дың ҚР Тұңғыш Президенті атындағы мәжіліс залында өткен «Қазақ қымызы» ұлттық сусын өндірушілері қоғамдық кеңесінің алғашқы отырысында ұлттық сусынды ұзаққа сақтай отырып, еліміздің түкпір-түкпіріне, Еуроодақ нарығына шығару, тіпті бүгінде осы өнімге айрықша сұраныс білдіріп отырған алыс шетелдерге де экспорттау жұмыстарын қолға алу мәселесі қаралды. Өйткені, аймақта балдай тәтті бал қымыз өндірілгенмен, оның жарамдылық мерзімі небәрі 3 күнге ғана созылуда. Аймақ ғалымдары зерттей келе, оның сақтау технологиясын 60 күнге дейін ұзарту жолдарын ойлап тапқан. Енді, бұл тәсілді кәсіпкерлерге кеңінен насихаттау жұмыстары қолға алынбақ. Сондай-ақ, аталған жиында қымыздың соңғы шыққан ұнтақталған түрін де халыққа жеткізу ісі де сөз болып, кеңес мүшелері алдағы мамыр айының соңында әлемдік «Қымызмұрындық» мерекесін Таразда өткізу жөнінде ұйғарым жасасты.
Басқосуда облыстық ардагерлер кеңесі ұйымының төрағасы Е.Солтыбаев, облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы Қ.Аралбекова, өнімді жылқы тұқымдары республикалық палатасы төрағасының орынбасары Борат Кенішбаев, тағы басқалары сапасы барлық талаптарға жауап берерліктей бал қымыз өндірісін жүйелеп, жолға қоюдың маңызы айрықша екендігі жөніндегі ой-пікірлерімен бөлісіп, қауымдастықтың қадамы құтты, бастамасы баянды бола беруіне тілектестіктерін жеткізді.
– Бізде қымыз сататын шағын шаруалар көп. Бірақ, олардың өнімі тек ауылдың, қаланың ішінде ғана сатылымда. Біз, шағын шаруашылықтарды біріктіру арқылы оның ауқымын кеңейтуге тиіспіз. Бұл мемлекет тарапынан берілетін субсидиялар мен жеңілдетілген несиелерді анағұрлым қолжетімді ете түспек, – дейді бұл тұрғыда «Заң» ЖШС директоры, осы істің басты ұйымдастырушыларының бірі Дүйсенбек Ыбыналиев.
Жаңа құрылымның 22 мүшеcіне мүшелік куәліктері осы жиын үстінде табыс етілді. Ал қымыздың ұлттық сусынымыз түрінде патенттелуі мен ғылыми негіздемесі жасалынып, құжаттары рәсімделуі ісіне жанашырлықпен атсалысып, белсенділік танытқаны үшін ТарМУ-дың ректоры Махметғали Сарыбековке «Қауымдастықтың құрметті президенті» атағы берілді.
Қауымдастық мүшелерінің келесі отырысы сәуір айында өтеді деп белгіленіп отыр.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ,
ТарМУ-дың студенті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support