- Advertisement -

Өнерлі елдің өрісі кең

128

- Advertisement -

мәдениет саласының жұмысында өсу, өркендеу байқалады

Мешін жылында облысымыздың мәдениеті мен әдебиеті, өнері қаншалықты дамудың даңғыл жолына түсті? Бұл сауалдарға облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының есебінде жауап алғандай болдық. Облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуовтың төрағалығымен өткен жылдық есеп беру жиынында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мәдиева салада 2016 жылы атқарылған жұмыстар жайында баяндама жасады.
«Мәдениет саласына бөлінген қаржы көлемі 4,7 миллиард теңгені құрап, бюджет қаражаты 100 пайызға игерілді. «Тарихи мұра – баға жетпес қазына» – дейді дана халқымыз. Сондықтан киелі мұраны сақтау, келер ұрпаққа жеткізу – біздің басты парызымыз. Қазіргі таңда облыстағы тарих және мәдениет ескерткіштерінің сандық көрсеткіші 3 365-ті құрайды. 741-і мәдени ескерткіш мемлекеттік тізімге алынған, мұның 711-і жергілікті дәрежедегі, 25-і республикалық дәрежедегі, ал 5-еуі бүкіләлемдік халықаралық дәрежедегі ескерткіштер.
Ұлы Жібек жолы бойындағы ЮНЕСКО-ның «Бүкіләлемдік Мәдени мұра» тізбесіне енген 5 нысанға (Ақтөбе (Баласағұн), Өрнек, Құлан, Қостөбе қалашықтары және Ақыртас кешені) өткен жылдың 31 қазан – 9 қараша аралығында Дүниежүзілік мұра орталығы, ИКОМОС, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі сарапшыларының қатысуымен мониторинг жүргізу жөніндегі реактивтік миссия өтіп, комиссияның қорытындысымен жергілікті маңыздағы ортағасырлық Қостөбе және Өрнек қалашықтарына республикалық дәрежедегі мәртебе берілді.
80 жылдық тарихы бар облыстық қазақ драма театрының айтулы жетістігі – Қазақстан Республика­сының мәдениет қайраткері, облыстық қазақ драма театры­ның бірінші дәрежелі актрисасы Нұрсифат Салықова «Құнанбай» кинофильміндегі Зере рөлін жоғары актерлік шеберлікпен орындағаны үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Театрдың бас суретшісі Рахат Сапаралиева халықаралық театр күніне орай, 56 театрдың ішінде «ЕҢЛІКГҮЛ-2016» Кәсіби Театр Сыйлығы» республикалық байқауының лауреаты атанып, «Жыл театр суретшісі» номинациясының жеңімпазы ретінде 1 миллион теңге арнайы сыйлыққа ие болды.
Наурыз айында облыстық орыс драма театрының ұжымы Белград қаласында (Сербия) өтетін халықаралық театр фестиваліне қатысқалы отыр. Сондай-ақ, 2-12 маусым аралығында Румыния елінде өтетін халықаралық өнер шеберлерінің байқауына облыстық қазақ драма театры шақырту алып, «Қыз Жібек» музыкалық драмасымен қатысу жоспарлануда», – деді өз баяндамасында салада атқарылған салмақты жұмыстарға шолу жасаған Сара Мәдиева.
Кейіннен облыстық мұрағаттың бас қор сақтаушысы Жібек Есентаева, Қордай аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сұлтан Омаров жарыссөзге шығып, мәдениет саласының жыл өткен сайын дамып келе жатқанын әңгімеледі. Алдағы жоспарларымен бөлісті. Жиын соңында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов: «Ең бастысы – халықтың рухани сұранысын қанағаттандыру екені мәлім. Бүгінгі таңда бұл бағытта көптеген игі тірліктер атқарылды. Оның бәрін айтып шығудың қажеті жоқ. Бәріңіз білесіздер. Сондықтан саладағы жұмысты оң бағалаймын. Ағымдағы жылы да сала қызметкерлері өңір халқының рухани тұрғыдағы сұранысын жоғары деңгейде өтейді деп сенемін. Тауық жылы табысты болсын!» деп өз ойын түйіндеді.

Табиғат АБАИЛДАЕВ,

«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support