- Advertisement -

Еңбек заңнамаларының орындалуына бақылау күшейтіледі

71

- Advertisement -

2016 жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылау және биылға белгіленген міндеттер бойынша облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Серғали Айдапкелов есеп берді. Есепті жиынға облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке қатысты.
Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, салада атқарылған жұмыстар аз емес. Еңбек ұжымдарында еңбек заңнамасындағы талаптардың сақталуы басты назарда болған. Жиі өткізілген «Ашық есік» күндері жұмыс беруші мен жұмысшылардың еңбек заңнамасының нормаларына қатысты өзекті мәселелерді анықтауға мүмкіндік беріпті. Басқарма өңірдегі 100 ірі және орта кәсіпорындарға 18 көрсеткіш бойынша әр тоқсан сайын мониторинг жүргізіп отырған.
Облыста өндіріс ырғағын бұзбай, еңбек құқығын қамтамасыз ету және жұмыскерлерді жұмысқа орналастыруды жүйелеу мақсатында әкімдік, жұмыс беруші және кәсіподақ арасында 67751 жұмысшыны қамтитын 2619 еңбек ұжымдарымен меморандумдар жасалып отыр. Жыл басынан бері прокуратура органдарымен бірлескен тексеру жұмыстарының нәтижесінде 14 кәсіпорын өздерінің 6145 жұмыскеріне жалақыға 686,811 миллион теңге қарыз екені анықталған. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде 6083 жұмысшының құқығы қорғалып, жалпы көлемі 669,37 миллион теңгені құрайтын жалақылары төленген.
Облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасы қызметінің басым бағыттарының бірі – азаматтардың шағымын қарау екені белгілі. Өткен жылы 1503 жеке және заңды тұлғалардан өтініш түскен. Бұл көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда 56 пайызға жоғарлаған. Өтініш санының ұлғаюы – еңбек инспекциясы басқармасына қарапайым тұрғындар сенімінің артқандығының айғағындай.
Мұнан соң баяндаманы талқылау үшін жарыссөз басталды. Т.Батуров атындағы «Жамбыл ГРЭС» акционерлік қоғамы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бөлімінің басшысы П.Сергеев өзі жұмыс істейтін ұжымда еңбек заңдылықтарының сақталуы қатаң бақылауда екенін айтса, «ЕвроХим-Удобрение» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің персоналды басқару қызметінің басшысы И.Расылхан ұжымдық шарт жасасудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Жаңа Жамбыл фосфор зауытының» кәсіподақ ұйымының төрағасы Шахтыбай Байғанов өзі еңбек ететін зауытта құрамында 35 адам бар өндірістік кеңес құрылғанын, жұмыс жағдайы, жұмысшылардың түйткілді мәселелері осы кеңесте арнайы талқыланатынын айтып, бұл жобаны өзге ұжымдарға үлгі ретінде ұсынды.
Есепті жиынды облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке қорытын­дылап, еңбек инспекциясы басқарма­сында атқарылған нақты істер аз емес екеніне тоқталып, алайда алда атқа­рар жұмыс ауқымды екенін атап өтті.

Есет ДОСАЛЫ,

«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support