- Advertisement -

Бағдарламаның орындалуы қалай?

73

- Advertisement -

«Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын/ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру» бағдарламасы жүзеге асып жатқанына екі жылдың жүзі болды. Алайда, облыс көлемінде бұл бағдарламаның орындалу көрсеткіші көңіл көншітпейді. Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтің қатысуымен өткен арнайы комиссия отырысында кеңінен сөз болды.

Елбасының халықтың әлеуметтік осал топтарына барынша көмек көрсету тапсырмасын орындау мақсатында жүзеге асырылып жатқан бағдарлама бойынша облыс көлемінде 130 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Аталған қаржы екінші деңгейлі 10 банк филиалына бөлініп берілген. Ол қаржы бағдарламаның талаптарына сәйкес келетін қарыз алушылардың барынша көп бөлігі үшін ипотекалық қарыздарды өтеу талаптарын жеңілдету, проблемалық несиелер деңгейін төмендету және экономиканың долларлану деңгейін төмендету үшін жұмсалып отыр.
Тұрғындардың үй алу үшін банктерден ресімдеген несиесін қайтара алмай, соның салдарынан кепілдікке қойған дүниесінен ажырап қалу оқиғасы көбейіп кеткені мәлім. Бұл – ел азаматтарын осындай тығырықтан шығарып, олардың соңғы мүлкін тартып алмау мақсатында 2015 жылдан бастап қолға алынған шара.Өкініштісі оны облыстағы банк филиалдары өз деңгейінде жүргізбей отыр.
Арнайы комиссия отырысында баяндама жасаған ҚР Ұлттық банкі облыстық филиалының директоры Айдайбек Халымбетов бағдарламаның орындалу барысына тоқталды.
– Облыс бойынша 2743 заем қайта қаржыландыруға жатады. Алайда, бүгінгі таңда оның 2170-інен ғана өтініш қабылданған. Ал қабылданған өтініштің тек 1486-сы қайта қаржыландырылған. Сондықтан, екінші деңгейлі банк қызметкерлері тарапынан қарызы бар азаматтармен жұмысты жандандыру керек. Әлбетте, тұрғындардың қажетті құжаттарды толық әзірлеу барысында да тиісті мекемелер тарапынан бірқатар кедергілер болатын шығар. Бірақ, жалпы жұмыс қарқыны қуанарлық емес. Бағдарлама осы жылдың сәуір айына дейін ғана жалғасатынын ескерсек, ертеңгі күні тұрғындар арасында түрлі түсініспеушілік жағдайлары орын алуы мүмкін. Бүгінгі басқосу сол жағдайдың алдын алып, банк өкілдеріне мәселенің қаншалықты маңызды екенін түсіндіру үшін ұйымдастырылып отыр, – деген ол екінші деңгейлі банктердің атқарған жұмыстарына жеке-жеке тоқталып, олардың жұмыстарына бағасын берді.
Ұлттық банк филиалы төрағасының сөзіне сүйенсек, банктердің арасындағы бағдарлама бойынша жұмысы ең баяу – «Казком» банкі. Аталған банкке тиесілі 1088 адамның 400-ден астамынан әлі өтінім қабылданбапты. Сондай-ақ, «АТФ» банк әуелгі бастан ақпаратты дұрыс бермеуі салдарынан бүгінде жұмыстарында олқылықтар орын алып отырған көрінеді.
Жиынға қатысқан банк басшыларының да бұл мәселеге байланысты пікірін толық тыңдап шыққан облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков: «Қалай болғанда да, біз тұрғындардың көзқарасын жақтаймыз және солардың жағындамыз. Халық болмаса билік те, банк те болмас еді. Ендеше, ең бірінші кезекте елдің жағдайын ойлау керек. Олардың ешқайсысы да бұл бағдарламаның жүріп жатқанынан хабарсыз қалмауы керек. Ал мекен-жайын өзгертіп, банк өкілдері таба алмай жүрген азаматтар болса, оларға жергілікті полиция қызметкерлері көмек көрсетсін. Бұл мемлекеттік бағдарлама, сондықтан, оның ойдағыдай орындалуына барлығымыз да мүдделіміз» деді.

Маржан РАҚАЙ,

«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support