- Advertisement -

Өткен жылға өкпе жоқ

101

- Advertisement -

биыл межеленген міндеттер де ауқымды

IMG_7825Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен облыс әкімдігінің алқа мәжілісі өтті. Жиын өңір басшысының Қазақстанның Еңбек Ері, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры М. Ескендіровті облыстың Құрметті азаматы атануына орай құттықтап, бірқатар жаңа тағайындауларды хабарлауымен басталды. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов өңірдің 2016 жылдың қаңтар-желтоқсан айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы туралы баяндама жасады.
Оның айтуынша, есепті кезеңде облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 339,1 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, жоспарды 2015 жылмен салыстырғанда 2,4 пайызға артық орындаған. Ал кәсіпкерлікті қолдау шеңберінде өткен жылы 446 жаңа жұмыс ашылып, 10 инвестициялық жоба іске асырылыпты.
Жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 8,1 пайызға ұлғайған. Өнім өндіру мал шаруашылығында – 3,6, егін шаруашылығында 12,1 пайызға өсіп отыр. Облыста «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» несиелендіру бағдарламалары аясында 5527 ірі қара, 46296 қой, 2165 жылқы сатып алынып, жоспар артығымен орындалған. Ал масақты дақылдардың жалпы түсімі 2015 жылмен салыстырғанда 53,4 (592 мың тонна), майлы дақылдардың түсімі 6,9 (52,4 мың тонна), бақша дақылдарының түсімі 3,1 (276,3 мың тонна), көкөніс түсімі 9,3 (711,9 мың тонна), картоп түсімі 4,0 (194,1 мың тонна) пайызға артқан.

Есепті кезеңде 318,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Ал облысымызда инфляция деңгейі республикалық орташа көрсеткіштен 0,1 пайызға төмен. Өткен жылдың желтоқсанында негізгі азық-түлік бағасы – 9,1, азық-түлік емес тауарлар – 8,5, ақылы қызметтер 7,6 пайызға қымбаттағаны белгілі болып отыр.
Баяндамашы былтыр облыс бюджеті кірістер бойынша 220,5 миллиард теңгеге немесе 101,5 пайызға орындалғанын да атап өтті. Республикалық бюджет қаражаты есебінен 2 дәрігерлік амбулатория, 1 фельдшерлік-акушерлік пункт, бір медициналық пункт салынып, Шу қалалық ауруханасы қазандығына жөндеу жүргізіліп, 2 дәрігерлік амбулатория жылыту газ жүйесіне ауыстырылған.
Білім нысандарын күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен – 4,7 миллиард, мәдениет саласын қаржыландыруға 5,2 миллиард теңге бөлініп, толықтай игерілген. Спорт саласына бөлінген 6,9 миллиард теңге де мақсатты жұмсалыпты.
Басқарма басшысының айтуынша, орын алған олқылықтар да жоқ емес. Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов және Шу аудандарында мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші облыстың орташа көрсеткіші деңгейінен төмен болып отыр.
Былтыр 1387 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 210 адам көз жұмған. 2243 адам әртүрлі жарақат алыпты. 2015 жылмен салыстырғанда жол-көлік оқиғасының саны – 6,9, қаза болғандар саны – 13,6 пайызға азайса, керісінше ауыр қылмыстар саны 4,9 пайызға артқан.
Бұдан кейін өңір басшысы құрылыс, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту, білім, спорт, денсаулық сақтау басқармалары басшыларының биылғы жоспар-межелерін сұрап, нақты тапсырмалар берді.
Қордай ауданының әкімі Қайрат Досаев өз хабарламасында ауданның экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталды. Бұл ауданда былтыр негізгі қорға салынған инвестициялар көлемі 17048 миллион теңгені құраса, бағаны тұрақтандыру мақсатында 29 миллион теңгенің азық-түлік тауарлары тұрғындарға арзан бағамен өткеріліпті. Ауданда өндірілген ауыл шаруашылық өнімдері 40626,5 миллион теңгені құраса, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде 125 миллион теңгеге 24 жоба жүзеге асқан. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 510 миллион теңгеге 30 нысан енгізіліп, 111 жұмыссыз жүрген азамат жұмыспен қамтылыпты. 214 миллион теңге ауылдарға кіреберіс автожолдарды жөндеуге жұмсалған.
Қордай ауданында есепті кезеңде 1045 қылмыс тіркеліп, 2015 жылмен салыстырғанда 10 пайызға азайғанымен, аса ауыр қылмыстың өскені байқалады. Аудан басшысы алдағы уақытта барлық саланың жұмысын жетілдіруге күш салатынын айтты.
Шу ауданының әкімі Рүстем Дәулеттің айтуынша, шулықтардың да өткен жылға өкпелері жоқ. Былтыр ауданда өндірілген жалпы өнім 85 миллиард 451 миллион теңгені құрапты.
Кәрім Нәсбекұлы Қордай ауданының әкіміне облыстық жергілікті полиция қызметімен бірлесіп, жол-көлік оқиғаларын азайтуға күш салуды тапсырды. Ал Шу ауданының әкіміне Арабиядан қант қызылшасын өсіру мақсатымен келетін инвесторларға тиісті жер телімдерін дайындауды, «Тараз химиялық паркі» аумағындағы жұмыстарды қадағалауды міндеттеді.
Облыс әкімі, сондай-ақ, жақында жарияланған Елбасының Үндеуін насихаттау, Алматыдағы қысқы Универсиаданың жоғары деңгейде өтуіне үлес қосу, ЭКСПО – 2017 халықаралық көрмесіне дайындық жұмыстарын күшейту жөнінде орынбасарларына және тиісті басқармалар, Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар берді.
Жиында басқа да мәселелер қаралып, тиісінше шешімдер қабылданды.

Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support