- Advertisement -

Ақынға қара сөзден өлең оңай

410

- Advertisement -

кенен ата ұрпақтары
«Алтын домбыраға» қашан ие болады?

Текті сөзден тәлім алған, от ауыз, орақ тілді мықты айтыс ақындарының шығуы – әр өңірге мақтаныш. Сүйегіне сөз қонған таланттардың томағасын сыпырып, үлкен аламандарға қоспас бұрын қолдап, қолпаштау – ләзім.
Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев жақында ғана тұсауы кесілген Жамбыл ақын атындағы «Руханият» орталығында айтыскер ақындарды қабылдап, ашық әңгімелесті, көкейкесті мәселелеріне құлақ түрді.
Басқарма басшысы мемлекет тарапынан жасалынып жатқан қолдауды мәдениет саласы да сезініп отырғанына тоқталды. Осы салаға облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың ерекше назар аударып отырғанын, Жамбыл атындағы «Руханият» орталығы тікелей облыс басшысының қолдауымен ашылғанын айтып өтті. Облыста 546 мәдениет ошағы бар болса, оның көпшілігі күрделі және орта жөндеуден өтіп жаңғырған, жаңарған. Облыс аумағында тұратын айтыскерлердің көпшілігі сол мәдениет ошақтарында еңбек етіп жүр. Былтыр Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өңірдегі 15 айтыскерге зерлі шапан тіктірілген. Басқарма басшысы сөз соңында айтыскерлерді сырласуға, сұхбаттасуға шақырды. Өз кезегінде «Руханият» орталығының меңгерушісі Ахметжан Өзбеков жұмысты неден бастап жатқанына, мұндай мекеменің ашылуы облыс руханиятына үлкен қолдау екеніне тоқталып, оның ішінде айтыскер ақындардың да мүддесі көзделгенін қозғап өтті.
Кездесу барысында Жамбыл ауданынан Айтмұхамбет Исақов, қордайлық Күміскүл Сәрсенбаева, сарысулық Алик Бекмұсаев, шулық Бақытбек Жұмабеков секілді айтыскерлер ойларын ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Бұл суырып салма өнердің, ақындарды шыңдайтын, алға жетелейтін аудандық, облыстық айтыстар жиі өткізілсе деген тілектерін жеткізді. Өнер жүйріктері қарап жүрмей, шәкірт баптау үстінде екен. Мәселен, Айтмұхамбет ақын бірнеше жас таланттарды тәрбиелеп жатса, Бақытбек Шудағы Ақсу ауылының өзінен 6 оқушы айтыскер шығып отырғанын тілге тиек етті. Тіпті, мектеп қабырғасындағы оқушы айтыскерлер Шапағат Сәбитқызы, Әділет Медетқұл, Мехридин Өтепбаевтың арнау өлеңдері тыңдалып, аяқ алыстарына алдыңғы толқын ақындар ақ жол тіледі. Дархан Әбдіманат оқыған өлең де, Дидар Басығараев орындаған күй де көңілден шықты. Жиын барысында алдағы ақпан айында Жамбыл ауданының әкімі Мәден Мұсаевтың қолдауымен облыстық ақындар айтысы өтетіні белгілі болды.
Кездесуді қорытындылаған Дүйсенәлі Бықыбаев 2017 жылдың наурызында облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасымен бірлесіп, облыстық наурыз айтыс өткізу жоспарланғанын, облыс әкімдігі жастар мәселелері басқармасымен бірлесіп те айтыс аламанын ұйымдастыратынын, алдағы жылы кемі 3-4 рет облыстық айтыс өтетінін айтты. Облыста тұратын айтыскерлерге жағдай жасалатынын, одан оң нәтиже шығуы қажеттігін, республикалық айтыс жұлдыздарын сөзден сүріндіретін шын мықты айтыскерлер, «Алтын домбыраны» ұтып алатын жүйріктер біздің өңірден де шығуы қажеттігін сөз етті.
Ендеше, Жамбыл жерінен «Алтын домбыра» иегері шығатын күн де алыс емес тәрізді.

Есет ДОСАЛЫ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support