- Advertisement -

Бірлік бар жерде, береке бар

99

- Advertisement -

Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын табысты қарсы алып, елдік мерекені жоғары деңгейде атап өттік. Аллаға сан мың шүкір. Бұл еліміз үшін зор мәртебе. Ең бастысы – азаттықты аңсаған ата-бабаларымыздың асыл арманы орындалғанын көзіміз көрді. Егемен ел атана сала Ата Заңымызды қабылдап, шекарамызды шегендедік. Біз бақытты елміз. Өйткені, біздің мемлекеттік рәміздеріміз – өз Әнұранымыз бен Туымыз, Елтаңбамыз бар. Кешегі мен бүгінгіні салыстырсақ, арасы жер мен көктей. Мемлекетіміз тәуелсіздік алған ширек ғасыр ішінде көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Талай істер тындырылды.
Бұрын туған ауылым Өрнекте 3 жылдық мектеп болатын. Балалар үш жылдан кейін көршілес Бірлес атты ауылда 8 сыныптық, Ақыртөбе ауылындағы 10 жылдық орта мектепке жаяу қатынап оқуға мәжбүр болушы еді. Ал қазір балабақша, мектеп, дәрігерлік амбулаториялық пункт, клуб, кітапхана секілді әлеуметтік, мәдени нысандар Қазақстанның кез-келген елді мекенінде бар.
1978 жылдары Жамбыл қаласындағы қазіргі Абай атындағы педагогикалық институтта білім алып жүргенімде, осы оқу орнында ағылшын тілі, орыс тілі мен әдебиеті, физика-математика секілді үш қана мамандық болатын. Мен қазақ тілі мен әдебиеті пәні болмағандықтан, физика-математика факультетін бітірдім. Қазіргі жастар бақытты. Қалаған мамандығын облыс орталығындағы жоғары оқу орындарынан ала алады. Тіпті, білімін шетелде ұштауға да мүмкіндік жасалған. Осының бәрі тәуелсіздігіміз бен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасы. Ол кісінің елге болсын деген еңбегінің арқасында су тапшылығын көріп отырған барлық елді мекендерге «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы таза ауызсу құбырлары тартылып, көптеген ауылдар газдандырылды. Ауыл көшелері мен ауыл-ауылды жалғайтын күре жолдар жөнделіп, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы салынды. Бұл ең бірінші уақыт пен артық шығынды үнемдеуге көп көмегін тигізуде. Облыста алып өндіріс орындары салынып, көптеген жұмыс орындары ашылды. Ел кәсіпкерлікке бет түзеп, өзін де, өзгені де жұмыспен қамти бастады. Бойында қабілеті бар адам қандай іспен айналысқысы келсе, соған жағдай жасалды. Ұсақ-түйек деп қарайтын үй шаруасын бұрынғының келіндері қолмен атқарса, қазір кір жуып, ас пісіру, сиыр сауу секілді машақаттан толық арылдық. Бұл еліміздің өркениетке қол жеткізуінің жемісі.
Бір жолы немереммен Астанаға қыдырып бардым. Ол жақта зейнеткерлерге жолақысы тегін екен. Алайда, кондуктор немеремнен де жолақысын алмады. Сөйтсем, үш ай бойы жаздық демалыста балалардың қоғамдық көлікте тегін жүруіне құқық берілген екен. Іштей масаттанып қалдым. Күндердің күнінде бұл жаңалық та біздің облысқа жететініне сенімдімін. Менің жасым 63-те. Сөз соңында айтарым, барды бағалай білуіміз қажет. Осы жақсылықтар мен табыстар Елбасымыз бен халқымыздың ауызбіршілігінің арқасы екенін ұмытпайық.
Бізді алдымызда әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына ену межесі күтіп тұр. «Ынтымақ бар жерде береке бар» дейді халық даналығы. Мемлекетіміздің дамуына үлкен-кіші демей, жұмыла атсалысып, Ұлт Көшбасшысының соңынан біркісідей ере білсек, біз алмайтын асу жоқ. Мен соған сенемін.

Доқтыркүл Есіркепқызы,
ҚР білім беру ісінің үздігі, ардагер ұстаз.

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support