- Advertisement -

Байтағымызды байытқан бағдарламалар, ел игілігі жолындағы инвестициялар

87

- Advertisement -

Тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде мемлекетіміздің аграрлық саясатты дәйектілікпен жүзеге асырудың нәтижесінде облыстың ауыл шаруашылығы саласы тұрақты дамып, саланың басым бағыттары белгіленді. Салаға бөлінетін қаржы көлемі ұлғайды. Мысалы, 2008 жылы ауыл шаруашылығын қолдауға барлығы – 1,9 миллиард теңге бөлінсе, оның көлемі 2016 жылы 14,1 миллиард теңгені құрады.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында «Болашақ – аграрлық секторда, әсіресе, шағын және орта бизнес түріндегі жаңа өңдеу кәсіпорындары желісін құруда», – деп атап көрсетіп, еліміздің ауыл шаруашылық өнімдерін экспорттайтын өңірлік ірі державаға айналуы қажеттігін еске салған болатын. Бұл бағытта өңірде жүйелі жұмыстар жүргізіліп, нарыққа қажетті, бәсекеге қабілетті өнімдер өндірісін дамыту жолына бет бұрдық.
Егіншілік саласын әртараптандыру мақсатында сұранысы жоғары майлы дақылдар, қант қызылшасы, көкөніс, картоп және мал азықтық дақылдарын өндіру анағұрлым ілгеріледі. Биыл 251 мың гектар масақты дәнді дақыл жиналып, әр гектардан алынған орташа өнім 23,6 центнерді құрады және 591,7 мың тонна астық бастырылды. Масақты дәнді дақылдардан жиналған биылғы өнім Тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары көрсеткіш болды. Облыста соңғы жылдары қант қызылшасын өндіру қолға алынып, үстіміздегі жылы бұл дақыл түрі 5662 гектарға орналастырылды. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 420 миллион теңге бөлініп, оның 220 миллион теңгесіне «Авантаж» сортты қант қызылша тұқымы Франциядан сатып алынды. Ал 200 миллион теңгесіне қант қызылшасы дақылының агротехникалық іс-шараларын атқаратын ауыл шаруашылығы техникалары алынды.
Өткен жылы облыста алғаш рет 123 гектарға отырғызылған үдемелі алма бағының аумағы 112 гектарға ұлғайып, үстіміздегі жылы 235 гектарды құрады. Бұл алма ағаштары биыл гектарына 4-5 тонна өнім бере бастады және алдағы жылдары гектарына 50 тоннаға дейін өнім алу жоспарлануда. Бүгінгі күні облыста жалпы аумағы 24 гектарды құрайтын 28 жылыжай жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 23 фермерлік жылыжайлардың аумағы 17,7 гектарды құраса, 4 өнеркәсіптік жылыжай 5,5 гектар алқапқа орналасқан.
Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың былтырғы Беларусь Республикасына жасаған жұмыс сапары барысында қол жеткізген келісімдерінің нәтижесінде ағымдағы жылдан бастап Шу локомотив жөндеу зауыты базасында беларусьтық «Лидагропроммаш» акционерлік қоғамының бөлшек өнімдері мен тетіктерінен «Лида-1300» астық ору комбайндары құрастырыла бастады.
Қазіргі таңда облыс көлемінде 17600 ауыл шаруашылығы құрылымы болса, оның ішінде 16000 шаруа қожалық, 20 өндірістік кооператив, 100 шақты серіктестік және 60 жеке меншік кәсіпорын жұмыс істеуде.
2014-2015 жылдары облыста 32 сүт-тауарлы фермасы пайдалануға берілсе, оның ішінде 12 ферма «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолының бойында орналасқан. Үстіміздегі жылы сүт кластерін дамыту және кооперативтерге шағын шаруашылықтарды біріктіру мақсатында жаңазеландиялық «Fonterra» және даниялық «Arla» компанияларының үлгісін негізге ала отырып, Меркі ауданында құрамына 42 шаруашылық біріккен «Меркі өнімдері» өндірістік кооперативі құрылды. Алдағы уақытта өндірістік кооператив төңірегінде 70-200 басқа дейін асыл тұқымды сауын сиыры бар тауарлы-сүт фермалары құрылатын болады. Кооператив олардың төңірегіндегі сүт өндірушілерді, мал азығын дайындаушыларды ұйымдастыра отырып, дайын өнімді өткеру жұмыстарымен айналысады. Осы жұмыстарды атқару мақсатында «Тараз-Атамекен» шағын несие ұйымы арқылы 588 миллион теңге бөлінді. Бүгінгі күнге ірі қара мал сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
Биыл Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан аграрлық өнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасы әзірленді. Жаңадан қабылданып отырған бағдарлама мал және өсімдік шаруашылығының тиімділігін арттыра отырып, тауарлы өндіріске ұсақ өндірушілерді тарту арқылы ауыл шаруашылығы кооперацияларын дамытуға бағытталған. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін барынша қамти отырып, мемлекеттік қолдаудың тиімділігін және қолжетімділігін қамтамасыз ету, экспорттық саясатты іске асыру және органикалық өнімнің қазақстандық брендін дамытуға баса мән берілген.
Облыста мал басының 85 пайызын иеленген және сүт, ет, жеміс-көкөніс өнімдерінің басым бөлігін өндіретін жеке қосалқы шаруашылықтарға баса назар аударылмақ. Бұл жұмыстарға биылғы жылы 3,2 миллиард теңге қаржы бөлінді.
Бүгінде 115 шағын отбасылық тауарлы-сүт фермаларын құруға, 542 шағын бордақылау алаңдарын салуға және 15 сүт қабылдау пункттері құрылысына барлығы 2,3 миллиард теңгеге жуық несие қаржысы аударылды. Соңғы жылдары өңіріміздің аграрлық саласында оны заман талабына сай алға жылжытатын серпінді жобалар жүзеге асырыла бастады.
2010 жылы облыстың агроөнеркәсіп кешені саласында 5 инвестициялық жоба Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енгізіліп, оның ішінде Елбасының тікелей бақылауына алынған «Фабрика ПОШ-Тараз» фабрикасының биязы жүннен топс өндіру және «Жасұлан және К» ЖШС-ның өндірістік негізде гүл өсіру кешені жобалары жүзеге асырылды.
Ал 2013 жылы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 1,2 миллиард теңгені құрайтын 2 инвестициялық жоба, атап айтқанда Шу ауданындағы жылына 900 тоннаға дейін мақсары майын өндіруші «КазИрАгро» ЖШС және Қордай ауданындағы сүт өнімдерін өндіруші «Куликов сүт өнімдері» ЖШС іске қосылды. Мұнда 245 тұрақты жұмыс орны ашылды. 2014 жылы облыстың агроөнеркәсіп кешені саласында 5 миллиард 279 миллион теңгені құрайтын үлкенді-кіші 142 жоба іске асырылды. Осы жылы «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында «Агроөнеркәсіптік кешен субъектісіне инвестициялық салынымдар кезінде жұмсаған шығыстарының бір бөлігінің орнын толтыру бойынша субсидиялау» бюджеттік бағдарламасы қабылданып, жалпы сомасы 1 253,8 миллион теңге қайтарымсыз қаржы берілді. Былтыр ауыл шаруашылығы саласында 18,6 миллиард теңгенің 155 инвестициялық жобасы іске асырылып, 765 жаңа жұмыс орны ашылса, биылғы мерекелі жылы бүгінгі күнге дейін 17 миллиард теңгені құрайтын 170-ке жуық инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 700 жаңа жұмыс орны ашылды.

Абдалы НҰРАЛИЕВ,
облыс әкімінің орынбасары.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support