- Advertisement -

Қозыбасыдан Ақордаға дейін

85

- Advertisement -

Ел Тәуелсіздігінің алтын діңгегі ұлттық тарихымызда жатыр. Ал ұлттық тарихымыз – халқымыздың мәңгілік бойтұмары. Негізі, бұл ұлы тойдың басы Ұлытаудағы Елбасының салиқалы сұхбатынан басталды деуге толық негіз бар. Мұндай үлкен тарихи тойдың өтуі – ең алдымен, елдегі тыныштық пен қоғамдағы түсіністіктің, барша халықты бір мұратқа жұмылдырып отырған Тұңғыш Президентіміздің еңбегі. Хандық тойы қарсаңында барша қазақстандықтар Тараздың жаңаруына өз үлестерін қосып, саябақтардың сұлуланып, гүлзарлардың гүлденуіне ықпал етті.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Тараздағы 550 жылдық тойға келу сапары «Әулиеата» халықаралық әуежайының жолаушыларға арналған жаңа терминалына барудан бастады. Бұдан кейін «Қазақ хандығы» монументінің ашылу салтанатына қатысып, барша жұртты мерекемен құттықтады. Сондағы Елбасының: «Құрметті отандастар! Қымбатты жамбылдықтар! Баршаңызды Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесімен құттықтаймын! Еңселі Елордамыз Астанадан басталып, 2000 жылдық тарихы бар Таразда жалғасып жатқан бұл мереке біздің халқымыз үшін өте керек. Біздің тарихымыз бастауын сақ, ғұн, түркілерден алып, Керей мен Жәнібек хандардың Шу алабына көшіп, Қазақ хандығының туын көтерумен жалғасады. Біз бұл мерекені тарихымыздың терең екендігін бүкіл әлемге таныту үшін, өскелең ұрпаққа жеткізу үшін өткізіп отырмыз. Мерекеге орай Тараз қаласының да келбеті жаңарды. Бұған республиканың барлық облысы атсалысты, сол үшін де алғысымды білдіремін», – дегенінде үлкен мән жатыр. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы той қарсаңында бой көтерген Көне Тараз тарихи-мәдени орталығында болып, ондағы археологиялық саябақта атқарылған жұмыстармен танысты.
Тағы бір ерекше айта кетерлік нәрсе, Ұлы Жібек жолының экономикалық белдеу жобасын қолдау және қазақ-қытай сауда-экономикалық, достық қатынастарын нығайту мақсатында Қытайдың Сиань қаласынан шыққан «Ұлы Жібек жолындағы мәдениет» керуенін салтанатты түрде қарсы алдық. Керуен өткен жылдың қыркүйек айының 26-сы күні облыстың шекарасына кіріп, Қордай ауданы Отар ауылында керуенді қарсы алу шаралары жоғары дәрежеде өтті. Іс-шара өтетін орында 6 қазақ үй, үлкен сахна, шатырлар орнатылды. Онда қазақ елінің жайлаудағы тұрмыс тіршілігі көрсетілетін ауыл көрінісі ұсынылды. Қазақ үйлердің жанында бауырсақ пісіру, ет асу, күріш басу, сондай-ақ, бас тарту, бие сауу, көген байлау, киіз басу, ұршық иіру, текемет тоқу, күбі пісу дәстүрлері, ұлттық спорт ойындары, палуандар күресі, «Алтыбақан», асық ойыны, ұсталар ауылы ұйымдастырылып, Меркі ауданының бүркітшілері, Қордай ауданының тазы иттері көрмесі ұсынылды. Қордайдың дәстүрлі әншілері, «Чунтян» дүнген ән-би ансамблі, Шу ауданының «Әсем әуен» фольклорлық ансамблінің концерттік бағдарламасы, тұсау кесу, бесікке салу көріністері көрсетілді. Іс-шараға Қордай, Шу, Меркі аудандары тартылды.
6 қазанда керуен Тараз қаласына келіп, Төрткүл керуен-сарайында үлкен іс-шара ұйымдастырылды. Мұнда облыстық қазақ драма театры «Қыз Жібек» саунд-трек қойылымын назарға ұсынып, басқармаға қарасты облыстық, Талас, Меркі, Мойынқұм аудандық музейлерінің археологиялық жәдігерлері, барлық аудандардың қолөнер шеберлерінің көрмесі, ұсталардың шеберлік-сағаты өтті.
Мерейтойдың алғашқы күні Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында «Қазақ хандығы» энциклопедиясының тұсаукесері, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Ұлы Дала Елі» республикалық тарихи-мәдени экспедициясының қорытындысын шығару бойынша халықаралық форум, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ұлы Жібек жолындағы пікірлесу: Орталық Азия: аймақ халқының ынтымақтастық тәжірибесі» халықаралық культурологиялық жобасының пленарлық мәжілісі, қалалық Мәдениет үйінде «Тарих. Әйелдер. Қазақстан» атты республикалық конференция өтті. Ал «Баласағұн» орталық концерт залында өткен «Мәңгілік Ел» республикалық ақындар айтысы ел шежіресінен сыр шертсе, театрсүйер көрермендер тарихтан сыр тартқан тартымды дүниелермен сусындады. Облыстық қазақ драма театрында театр ұжымы Қ.Ысқақовтың «Қазақтар» атты тарихи-драмалық қойылымын, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры «Ұлы арман» спектаклін сахналады. Кешқұрым орталық стадионда ашық аспан астында орын алған «Қилы жол» тарихи драмасы да талғампаз көрерменнің көңілінен шықты. Өткен жылдың қыркүйек айында Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту мақсатында жолға шыққан «Қытай-Қазақстан: Ұлы Жібек жолының шай мәдениеті» керуені алты мың шақырымды артқа тастап, Тараз қаласындағы Төрткүл керуен-сарайына атбасын тіресе, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орай жолға шығып, еліміздің бірнеше облысын аралап өткен мотошеру де мереке қарсаңында шаһарға табан тіреді. Мерейтой құрметіне қаланың бірнеше жерінде мерекелік іс-шара өтті. Тұңғыш Президент саябағындағы екі күн бойы тұрғындар мен қонақтардың назарына ұсынылған мәдени бағдарламалар мен театрландырылған қойылымдар және сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарының көрмесі, әртүрлі танымдық ойын-сауықтар көпшіліктің көңілін өсірді. Спорт жанкүйерлері үшін де бұл мереке ерекше болды. Қайта күрделі жөндеуден өткен «Атшабар» ипподромындағы «Ұлы дала ойындары» жиналған көпшіліктің делебесін қоздырса, «Тараз-Арена» спорт кешенінде өткен «Еуразия барысы» халықаралық турнирі де тартысқа толы болды. Тараз төріндегі үш күнге созылған дүбірлі думан «Тараздың нұрлы түні» атты гала-концертпен түйінделіп, ғажайып от шашуға ұласқаны қонақтар мен тұрғындардың көз алдында керемет көрініс ретінде сақталып қалғаны даусыз.
Сондай-ақ, ел біразға дейін айтып жүретін ерекше тойға дайындық барысында Тараздың қайта түлеп, түрлене түскені облыс халқы, қала жұртшылығы үшін теңдессіз тарту болды деп ойлаймыз. Осылайша, тарих тереңінен сыр шерткен ұлан-ғайыр ұҰлы даладағы айтулы шара барысында шаһарымыздың шырайы артып, ерекше шат-шадыман өлкеге айналғаны шындық. Бұл тойдан қалған тағылымның бірі деп кеудемізді мерейлі мақтаныш кернеп тұрып, айтуға тұрарлық дүние дей аламыз.

Дүйсенәлі Бықыбаев, 
облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және

құжаттама басқармасының басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support