- Advertisement -

Желтоқсан – Тәуелсіздігімізді тұңғыш рет паш еткен ерекше ай

157

- Advertisement -

Тарихында мың өліп, мың тірілген қазақ халқының өміріндегі орасан зор оқиға – Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойы келіп жетті. Осы уақытта еліміз ғасырға татитын жолдан өтті. Ұлан-асыр табыстарға қол жеткізді. Арқаның төсінен еңселі Астана бой көтерді. Төрткіл дүниеге бейбітсүйгіш ел Қазақстан мемлекеті болып танылды. Осының бәрі сонау 1991 жылы 16 желтоқсан күні жарияланған Тәуелсіздіктен бастау алады. Сол тарихи сәттің куәгерлерінің бірі – Жоғарғы Кеңестің депутаты Жигули Дайрабаев еді. Ел өміріндегі зор мереке қарсаңында, бұл күнде облыстық фермерлер одағының төрағасы қызметін абыроймен атқарып жүрген Жигули ДАЙРАБАЕВПЕН сұхбаттасуды жөн көрдік.

– Сіз Жоғарғы Кеңестің қай шақырылымына депутат болып сайландыңыз?
– 1990 жылы наурыз айында Жоғарғы Кеңестің сайлауы өтті. Өздеріңіз білесіздер, бұл Горбачевтің «қайта құру» кезеңі еді. Әбден әлсіреген Кеңес одағының шаруасы шатқаяқтап, демократия белең алған кез. Сондықтан болар, бұл сайлау бұрынғыдай партияның қатаң тәртібінде емес, шын мәнінде жариялылық жағдайында өтті. Мен ол кезде Луговой ауданында (қазіргі Т.Рысқұлов ауданы) Жамбыл колхозының төрағасы едім. Бастапқыда төрт үміткер бақ сынадық. Екінші турға Сәбит Садықов екеуміз өттік. 6 сәуір күні өткен сайлауда осы ауданнан қатысқан 34 мың сайлаушының басым көпшілігі менің кандидатурамды қолдады.
Сәуір айының 22-сі күні он екінші сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің екінші сессиясы өтті. Менің депутаттық өмірім осылай басталды.
Ол жылдары Жоғарғы Кеңесте 360 депутат болды. Олардың басым көпшілігі өзге ұлт өкілдері, яғни орыстар еді. Мәскеу жақта айтыс-тартыс, өзге одақтас республикаларда буырқанып бусанған бас көтерулер жиіледі. Митинг, жұмыссыздық, берекесіздік жайлады. Осының салдары Қазақстанға да жетті. Экономиканың шайқалуы мемлекеттің берекесін кетіретінін сонда ұқтық. Қалыптасқан жағдай өте ауыр еді. Мұның аяғы неге барып соғатынын ол кезде ешкім де болжап білмеді. Жоғарғы Кеңес қандай заң қабылдарын білмей састы. Өйткені, өмір еш болжаусыз, тіпті мемлекеттің тағдыры қыл үстінде еді. Бұрынғы одақтас республикаларда президенттік билік өмірге келе бастады. 1991 жылдың 1 желтоқсанында өткен алғашқы бүкілхалықтық сайлауда қазақстандықтар өзінің тұңғыш Президенті етіп Нұрсұлтан Назарбаевты сайлады. Қазір ойлаймын, 1 желтоқсан елдің жаңа тарихының беташары болды. Өйткені, сол күні Мемлекет басшысы өзінің тарихи мәлімдемесін жасады. Елбасының: «Өз тағдырларыңызды маған бірауыздан сеніп тапсырғандарыңыз үшін сіздерге шын жүректен шыққан ризашылығымды білдіремін. Отаным үшін, халқым үшін, менің Қазақстаным үшін тарихтың кез-келген сынақтарына дайынмын. Осы жолда мен бірінші кезекте біздің дана халқымызға, оның бостандық сүйгіш және дархан болмысына, ата-бабаларының рухына арқа сүйейтін боламын. Тарих көші ұзақ. Асықсақ та аптықпайық. Қазақстанның көп ұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін», – деген сөздері санамда әлі сайрап тұр.
– Сол кезеңде, депутаттар жаңа президенттік билікті қалай қабылдады?
– Шынын айтайын, жетпіс жыл бойы Компартияның басшылығымен Бас хатшы, бірінші хатшылардың басқаруында болған империя президенттік билікке тосырқай қарады. Тіпті, Жоғарғы Кеңестің аппараты мен Президент аппаратының арасында текетірес күрес жүргені құпия емес. Алайда, «таң атпайын десе де, күн шығуын қоймайды» дегендей, жаңа дәуірдің келе жатқанын сездік. Біз Президентімізді дәл уақтысында сайлап алғанымызды ұқтық. Неге десеңіз, арада небәрі сегіз күн өткенде яғни 1991 жылдың 8 желтоқсанында Беловежье орманында славян республикалары басшыларының сепаратистік шешімдеріне жауап ретінде Орта Азия республикаларының басшылары 13 желтоқсанда Ашхабадта өзінің бірлестіктерін құру ниетімен бас қосқаны белгілі. Осылайша КСРО құрамындағы республикалардың этностық, діни, тілдік белгілері бойынша бөлінуінің нақты қатері туындады.
Осынау қиын-қыстау сәтте Қазақстан Президентінің жоғары беделі мен стратегиялық көрегендігі айқын білінді. Одақтас республикалардың басшылары алғаш рет Мәскеуге жалтақтамай-ақ Н.Назарбаевтың шақыруымен 21 желтоқсанда Алматыға жиналды. Осы күні тарихи Алматы декларациясы қабылданып, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрылды. Күні бүгінге дейін өмір сүріп келе жатқан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Назарбаевтың көреген саяси шешімінен туғанын аңғарамыз.
– 16 желтоқсанда Тәуелсіздік жарияланған сәт қалай өтті?
– Біткен іске сыншы көп. Қазір бұрынғы одақтас республикалардың ішінде Қазақстан ғана тәуелсіздігін ең соңынан жариялады деп сын тағатындар баршылық. Ал, сол кездегі жағдайды көзбен көріп, ұғынған адам олай демес еді. Жоғарыда айтып кеттім, 360 депутаттың басым көпшілігі өзге ұлт өкілдері еді. Тәуелсіздікті жария етер күннің қарсаңында екі-үш күн бойы Жоғарғы Кеңестің залында қызу айтыс-тартыс өтті. Бұра тартқандар, тіпті, «кімнен тәуелсіздік алмақшысыңдар?» деген сыңарезу шовинистік пиғылдағы депутаттардың қарасы аз болмады. Еліміздің тарихындағы ең елеулі сол күн есімде мәңгі сақталатын болады. Тәуелсіздікті жариялағанда бәріміз үнсіз толқыдық. Көбіміздің көзімізге жас келді. Өйткені, бодандықта болған елдің алдында ұлан-асыр жол жатқанын сезіндік. Тәуелсіз ел болудың жауапкершілігі ауыр болатынын білдік.
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы заңдар қалай қабылданды?
– 1993 жылға дейін осы сайланған Жоғарғы Кеңес 500-ге жуық заң қабылданды. Мемлекеттік рәміздерді бекіттік. Әлі есімде, еліміздің, оның ішінде қазақ халқының мүддесіне орай қабылдануға тиіс кейбір заңдар қатты қарсылыққа ұшырайтын. Тіпті, шовинистік «ауруға» ұшыраған депутаттардың үлкен бір тобы залды тастап, шығып кеткенін де көрдік. Өте маңызды заңдарды қабылдайтын күні залға Нұрекеңнің өзі келетін. Сонда байқайтынымыз, толып жатқан шетелдердегі сапарлардан түннің қай уақытында оралса да азанмен депутаттарға келіп, олардың айтыс-тартыстарын таразыға салып, жөнге салатын. Ол оңай тірлік емес еді. Империя күйреп, жаңа мемлекет құрылып жатқан тұста қыруар жұмыстардан шаршап-шалдықпай, сонша қажыр-қайратпен жұмыс істеу нағыз көреген көшбасшыға ғана тән қасиет еді. Сол қиындықтарды жеңді ғой. Сол кезеңде Балғабек Қыдырбекұлы, Салық Зиманов, Сауық Тәкежанов, Шерхан Мұртаза, Сұлтан Сартаев, Әбіш Кекілбаев сынды ел мүддесі үшін тер төккен қайраткер ағаларымызбен қатар жұмыс істеген күндерімді өмірімдегі ең зор бақыт деп білемін. Тәубә, Қазақстан дұрыс жолмен жүріп, өсіп-өркендеді. Халықтың әл-ауқаты артып, келешекке зор сеніммен қарайтын болды. Тәуелсіздік тойы құтты боп, ел ырысы арта берсін!
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Әділбек БАҚҚАРАҰЛЫ,
«Ақ жол».

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support