- Advertisement -

Жеңісті жылдардың жемістері

97

- Advertisement -

Облыс әкімдігінде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жиын өтті. Салтанатты шарада облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жиынға қатысушыларды елдік мерекемен құттықтап, тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктерге шолу жасады.
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өтпелі кезеңді бастан кешірдік. Сол жылдары облыстың бюджеті бар-жоғы 5-ақ миллиард теңге болса, бүгінде бұл көрсеткіш 203 миллиард теңгеге жетті. Тоқсаныншы жылдары жарық, жол, пәтер, әлеуметтік мәселелер бастан асатын. Бүгінде бұлар шешімін тауып, ширек ғасыр ішінде айтарлықтай табыстарға қол жеткіздік. Тәуелсіздік жылдары өңірімізде 3 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды. Одан бөлек, 132 білім, 162 денсаулық сақтау, 302 спорт нысаны бой көтерді. 25 жыл бұрын небәрі 48 елді мекенде ғана газ болса, қазір 158 елді мекен «көгілдір отынмен» қамтылған. Аудан, ауылдар арасындағы жолдардың 75 пайызы жақсы және орташа жағдайды құрап отыр. Индустрияландыру бойынша да ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Міне, азаттықтың ширек ғасырында біздің облысымыз осындай жетістіктерге жете білді. Мұның барлығы да Елбасының көреген саясатының, сіздердің тынымсыз, елеулі еңбектеріңіздің арқасында болып отыр. Сол үшін де баршаңызға алғыс білдіремін, – деді өңір басшысы.
Одан әрі облыс әкімі мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар азаматтарға мемлекеттік наградалар табыстады. Әр сала бойынша белсенді азаматтардың бір тобы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен және «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерейтойлық медалімен наградталды. Марапатталғандардың қатарында мемлекеттік қызметкерлер, шығармашылық өкілдері,білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылық салаларында тер төгіп жүрген еңбек озаттары мен кәсіпкерлер және еңбек ардагерлері бар.
Облыстық мәслихат шешімімен он алты азаматқа «Жамбыл облысының Құрметті азаматы» атағы берілді. Облыстың Құрметті азаматы атанған Еңбек Ері, тоқсан сегіз жастағы даңқты еңбек ардагері Мәрзия Ибрагимова ақ батасын беріп, Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуын тіледі.
Осы күні облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов отандық заңнама жүйесін жетілдіруге бағытталған белсенді қызметі үшін бірқатар депутаттарды ҚР Парламенті Сенатының Құрмет грамотасымен марапаттады. Облыс экономикасына елеулі үлес қосып жүрген бір топ кәсіпкер мен мемлекеттік қызметкерлерге, өндіріс орындарының басшылары, қоғамдық бірлестіктердің төрағалары және ардагерлерге «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерейтойлық медалі табысталды.
* * *
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков өткізген жиын барысында облыстың құрылыс, қаржы-шаруашылық, әлеуметтік-экономикалық салаларында еңбек етіп, ел дамуына үлесін қосқан азаматтарды арнайы құттықтап, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерекелік медалін табыс етті.
Облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов әлеумет, руханият және спорт саласының бірқатар өкілдерін Елбасы Жарлығына сәйкес ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған мерекелік медальдарымен марапаттады. Марапаттау рәсімі алдында жазушы-драматург Арғынбай Бекбосын, «Днепро» украин мәдени орталығының төрағасы Федор Клименко, облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің аға жаттықтырушысы Ахмед Алиев сөз сөйлеп, Тәуелсіздігіміздің баға жетпес құндылықтарына тоқталды.
Марапатталғандардың ішінде облыс әкімдігі білім, мәдениет, әлеумет, денсаулық, спорт саласы басшылары мен өкілдері бар. Сонымен бірге, мұндай құрметке зиялы қауым өкілдері Елен Әлімжан, Арғынбай Бекбосын, Жандар Кәрібаев, Әлібек Әмзеұлы, Қасымхан Төлендиев, Бәтес Егембердиева және халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионы, Рио-де-Жанейро Олимпиадасына қатысушы Олжас Сәттібаев және басқа да азаматтар мен қыз-келіншектер ие болды.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары бұл марапаттар лайықты еңбектің жемісі екенін айтты.
Ал облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке тарапынан облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін кәсіпкерлік салада жемісті еңбек етіп жатқан бір топ кәсіпкерлер мерейтойлық медальге ие болды. Олардың қатарында «Қазфосфат» ЖШС бас директоры, Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров те бар.
Сондай-ақ, облыстық әкімдікте өткен марапаттау рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев өңірдегі ауыл шаруашылығы саласының өкілдерін еліміздің басты мерекесімен құттықтады. Ауыл шаруашылығы саласы еңбеккерлерінің бір тобына салтанатты жағдайда «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерекелік медалін табыс етті.
Облыс әкімдігі аппаратының басшысы Рахметілда Рахманбердиев бір топ еңбек ардагерлері мен бірқатар облыс әкімдігі аппаратының қызметкерлерін «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерекелік медалімен марапаттады. Сондай-ақ, бір топ қызметкерлерге облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары және Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Алғыс хаты табыс етілді.
* * *
Тараз қаласы әкімдігі мәжіліс залында марапаттау рәсімі өтті. Қала әкімі Нұржан Календеров Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық мейрамымен құттықтай келіп, қажырлы еңбегімен және өнегелі істерімен өзгелерге үлгі болып, көпшілік құрметіне бөленіп жүрген бір топ азаматтарға «Тараз қаласының Құрметті азаматы» атағының куәлігі мен төсбелгісін табыс етті.
Олардың арасында «Жамбыл-Жылу» мекемесінің директоры Жұмабек Бөлекбаев, «ТаразПассТранс» ЖШС директоры Мәмбет Күшікбаев, облыстық «Ақ жол» газетінің Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков, «Қазфосфат» ЖШС Тараз филиалы «Минералды тыңайтқыштар» зауытының директоры Төлепбек Исаев сынды азаматтар бар.
Қоғамда белсенділігін танытып жүрген бір топ азаматқа «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерекелік медалі, енді бір тобына облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаттары және Тараз қаласы әкімінің Құрмет грамотасы тапсырылды.

Жанғазы АХМЕТ,

«Ақ жол».

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support