- Advertisement -

Бюллетеньшіл маскүнем

114

- Advertisement -

Бұл бас деген қатты ауырды ма,
Адамды ыңқылдатпай қоймайды екен,
Тіпті ыңқылдамайын десең де болмайды екен,
Оның үстіне қатының шаңқылдап,
Нағыз ақырзаманның өзі орнайды екен.
…Мен де бүгін, мінеки,
Басы ауырған пақырмын,
Азаннан бері ыңқылдап,
Төсек тартып жатырмын…
Тап бүйтіп ішкені де құрысын
Күйіп-піскені де құрысын,
Көңілім қатты алаң болды.
Бәрінен бұрын арақтан ауырып,
«Прогульщик» атанатыным жаман болды.
О, қу қырсық, мұндай қорлықтан
Артық еді ғой, өле кеткенім
Шараптың пұлын сырасымен қоса
Қалтамнан шығарып төлемеп пе едім?!
Өзіме де обал жоқ!
«Сатып алған ауру жаман»
Не құтылып кетер амал жоқ.
Сөйтсем…
Мәссаған!..
Құтылудың амалы бар боп шықты!
Қырсыққанда ой-өрісім
Әйелімдікінен тар боп шықты!
Қысқасы, ақырында
Көндім де әйелімнің ақылына,
Прогул болмас үшін күні ертең
Жаздырып алдым бюллетень
Сонымен бар қайғым, бар мұңым
Алақандай-ақ қағазға сыйып кетті.
Айналып кетейін дәрігер досым
Мәртебемді өстіп бір биіктетті…
Енді міне, ой-өрісім кеңейе түсті.
Кеңейе түскені осы деп,
Жұмысқа шықпай серейе түстім,
Әрине, бюллетень өткізуім көбейе түсті.
Нағашы жұртты қыдырып келдім –
Бюллетень!
Қайын жұртты да тындырып келдім –
Бюллетень!
Қалаға суыт барып келдім –
Бюллетень!
Көршімнің қашқан қызын қуып барып келдім –
Бюллетень!
Несін айта берейін, туысқан,
Дәрігер досым бір күні
Қуылды да жұмыстан
Бұл бюллетень дегенді
Шығарып алдық қой уыстан!
О, бюллетень! Бюллетень,
Керек едің күні ертең!
Енді қайтіп күнелтем?!

Алпысбай
БОРАНБАЙҰЛЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support