- Advertisement -

Өндірістік тәжірибенің пайдасы көп

114

- Advertisement -

Қазір Тараздағы Тараз химия-технология колледжінде 9 мамандық бойынша 627 студент білім алуда. Биыл мемлекеттік тапсырыс бойынша 300 студент оқуға қабылданыпты. Колледж директоры Гүлнар Тұрсынбекованың айтуынша, оқу бітірген алғашқы 20 түлек «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жұмысқа орналасыпты. Жалпы, аталған оқу орны «Қазфосфат» ЖШС секілді облыстағы 12 өндіріс орнымен келісімшарт жасасқан екен. Мақсат – дуалды оқыту жүйесі бойынша студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуіне, кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен танысуына жағдай жасау. Облыстық кәсіпкерлер палатасы мен білім басқармасының «Қазфосфат» ЖШС-ның Минералды тыңайтқыш зауытында экскурсия ұйымдастыруларына да осы мәселе түрткі болды.
– Облыстық білім басқармасымен бірлесіп, өңіріміздегі коледж студенттерін ірі өндіріс орындарын аралатып, кәсіпорын жұмысымен таныстырып тұруды үрдіске айналдырдық. Өндірісте жұмыс істейтін мамандар үшін өз саласына неғұрлым ертерек етене араласу маңызды. Экскурсияға Тараз химия-технология колледжінің 32 студенті тартылды. Олар болашақ химия зертханасының зертханашылардан мен химиялық анализ жасайтын слесарь-жөндеушілері. Осы аптаның ішінде Қаратау, Жаңатас қалалары мен бірқатар аудандардағы колледж білімгерлерін сол өңірлердегі өндіріс орындарының жұмысымен таныстыру жоспарлануда. Мақсатымыз – студенттерге кәсіптік бағдар беру, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Бағила Абдуллаева.
Минералды тыңайтқыш зауытында аммофос, күкірт қышқылы және фторсыздандырылған мал азығы фосфатын өндіретін үш цех жұмыс істейді. Негізгі шикізат қоры Жаңатас, Балқаш қалаларынан тасымалданады екен. Минералды тыңайтқыш зауытының технолог шебері Болатхан Көптілеуов пен аға аппаратшы Мекенбай Сәрсенбаев студенттерге шикізатқа әртүрлі сұйықтықтар қосу арқылы оның сығындысын кептіру арқылы аммофос минералды тыңайтқышы өндірілетінін түсіндірді. Түйіршіктелген натрий триполифосфаты мен азықтық фосфор қышқылын өндіру жолдары, құрғатқыш барабан мен пештің тазарту жабдығы жайымен таныстырды.
– Бүгінде біздің колледж базасында қуатты техникалық кластер дамуда. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың еліміздегі кен өндіру кәсіпорындары мен өңдеу кәсіпорындарында да жұмыс істеуге қабілетті химик-инженер, өзге де білікті мамандар даярлау туралы тапсырмасы жүзеге асырылуда. Колледжде оқу шеберханалары мен зертхана бөлмелері, компьютер сыныптары, мультимедиа және лингафон кабинеттері, компьютер залы мен кітапхана бар. Мемлекет басшысының тапсырмасымен ашылған осы колледжде білім алып жүргеніме қуанамын. Болашақта химия өнеркәсібі саласында жұмыс істейтін боламын. Зауыт жұмысымен танысу барысында өз мамандығыма қатысты көптеген мәліметтерге қанығып, біз атқарар жұмыстың іс жүзінде қалай атқарылатынына куә болдым. Келешекте білікті маман атанып, еліміздің дамуына өз үлесімді қосу – арманым, – дейді химиялық талдау зертханасы факультетінің студенті Назерке Шаңлатпай.

Нұрым Сырғабаев,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support