- Advertisement -

Елбасының «елге қарас» деген сөзі көкейімнен кетпейді

99

- Advertisement -

Сайрамбай Дөненбаев,
«Шәушен» шаруа қожалығының жетекшісі, «Құрмет» орденінің иегері.

Атам қазақ «Мал өсірсең қой өсір, табысы оның көл-көсір» деп баяғыда-ақ айтып кеткен. Баба аманатын басшылыққа алған біздің шаруа қожалығымыздың иелігінде қазіргі таңда 38 мың бас асыл тұқымды қой, 3500 жылқы бар. Бұл ретте мен жеке өзіме байлық жинап жатқан жоқпын. Барлығы ауыл, ел үшін.
Қазіргі таңда шаруашылығымызда 200-дей жұмысшы бар. Қайта мен солардың қызметкерімін десем болады. Туған ауылым Жарлысуда мешіт, интернат, саябақ, шопандарға 40 үй салып бергенімізден жұрт хабардар болар. Бұл арада мешіттің имамына, интернат пен саябақты күтіп-баптаушы қызметкерлерге айлықты шаруашылық есебінен өзіміз төлейтінімізді де айта кетейін. Ал өздеріне арналып соғылған үйді малшылар 8 жылдан кейін жекеменшіктеріне аударып ала алады. Олардың жалақыларына мұның еш қатысы жоқ. Яғни, шаруашылыққа еңбегі сіңген малшыларға үй тегін беріледі. Бұйырса, малшылардың балаларына арнап 100 орындық балабақша салмақшымыз. Бұл жыл сайынғы зекеттің есебінен жинақталған қаржыға салынады. Сондай-ақ, тау бөктерінен ұлттық сусынымыз – қымызбен емдейтін орталық салдық. Шаруашылық дәл қазір 250 бас бие байлап отыр. Алла қаласа, 500 бас бие байлауға да толық мүмкіндік бар. Осынау қымыз өндірісін көтеру арқылы ауылды көтеру, қазақты спиртті ішімдіктерге тәуелділіктен арылтудың амалын жасамақпыз. Ұлттық сусынымызды ұлттық идеологиямызға айналдырсақ деген ойымыз бар.
Жуырда ұмытыла бастаған «қымызмұрындық» мерекесін ұйымдастырдық. Малшылардың мерекесінде ұзын-ырғасы 40 шақты еңбек адамын 3 «Нива» жеңіл автокөлігі мен жалпы сомасы 10 миллион теңгені құрайтын қаржылай сыйақымен марапаттадық. Яғни, еңбегімен еленген, үздік көрсеткіш көрсеткен әр бес қызметкердің біреуі қомақты қаржыға ие болды.
Менің көзімді ашқан Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы дер едім. Елбасымен алғашқы кездесуім күні кеше болғандай әлі күнге есімде. Осыдан тұп-тура он алты жыл бұрын, 2005 жылдың 1 ақпанында Астанада ауыл шаруашылығы бойынша үлкен жиын өтті. Сол жиында Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің атынан мен сөйледім. Жеткен жетістігімізді айттым. Сол кездегі Елбасының «Осы ұстап отырған бағытың, істеп жатқан тірлігің дұрыс, қолдаймыз, қуаттаймыз. Бірақ, жассың ғой, байлық әлі бітеді, сондықтан тапқан ақшаңды жамбасыңа баса бермей, елге қарас. Елдің батасын алсаң, жаман болмайсың, өсесің, өнесің» деген сөзі көкейімнен кетпейді. Расында, Елбасының айтқанын екі етпей, елге көмектесудің арқасында біз жұрттың сеніміне ие болдық, көптің алғысын, батасын алдық, шаруамыз да одан ары дамып, алға басты. Осы жеткен жетістігіміз, бірінші, Алланың, екінші, Елбасымыздың елді берекелі-бірлікте басқарып отырған саясатының арқасы. Одан кейін де Елбасымен үш мәрте үлкен жиындарда кездесіп, тілдесудің сәті түсті. Әр кездесуден үлкен күш-қуат, тың идеялар аламын. Нұрсұлтан ағамен әр жүздесуім мені қатты қанаттандырады.
Елбасымен алғашқы кездесуден кейін мен өзіме елдің игілігі үшін жыл сайын әлеуметтік бір нысан салып беруді мақсат санадым. Алға қойған мақсаттарымыз орындалып жатыр. Бірақ, біз бұған тоқмейілсімей, әлі де үлкен жұмыстар жасайтын боламыз. Ауыл-ел үшін бергенімізден береріміз көп деп білемін. «Шәушен» шаруа қожалығының елге жасаған мұндай жақсылықтары жалғаса берері сөзсіз.

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support