- Advertisement -

Отбасы жылуын сезінбеген балада мейірім болмайды

127

- Advertisement -

Мемлекетіміз әр жанұяның рухани-адамгершілік құндылықтарға бай, дәстүрге берік, адами қасиет өлшемдеріне сай болуы үшін отбасылық құндылықтарды дәріптеу мен дамытуға баса мән береді. Себебі, білімді ғана емес, рухани тұрғыда тәрбие, тағылым алған ұрпақ қана ел тірегі бола алады. Сол үшін әртүрлі жобалар аясында ауқымды шаралар ұйымдастырып, қоғамды ізгілендіруге ұмтылуда. Тараздағы Қ.Сармолдаев атындағы №1 балалар үйінде өткен «Жұлдызды отбасы» байқауының да негізгі мәні осы еді.
Байқауда жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды бауырына басқан отбасылар мен отбасы үлгісіндегі балалар үйі «Бақыт үйі» атты өз жобаларын қорғап, отбасылық шығармашылық қабілеттерін таныту, шеберлік сабақ өткізу секілді бөлімдер бойынша сынға түсті.
Балалар үйі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлзахира Мамадаева осы шараны ұйымдастыру арқылы бала асырап алушы отбасылар мен балалар үйінің арасындағы өзара байланысты нығайтып, әлеуметтік мәселеге көпшіліктің назарын аударуды мақсат тұтқандарын айтады.
– Қоғамның басты міндеті – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың отбасылық тәрбие алуына ықпал жасау. Мұндай қадамдар өз жемісін беруде. Кейінгі екі жылдың ішінде 173 тәрбиеленушінің 32-сіне патронаттық тәрбие берілуі, тағы осынша баланың өз отбасына қайтарылуы – соның дәлелі. Осы уақыт аралығында екі баланы өзге отбасылар асырап алса, 79 жеткіншек қамқоршылық пен қорғаншылыққа алынды. Отбасылық үлгідегі балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан жасөспірімдердің саны 28-ге жетті. Осыдан кейін балалар үйіндегі тәрбиеленушілер біршама азайды. Мемлекетіміз бала асырап алушылардың қатарын көбейту арқылы еліміздегі балалар үйінің санын азайтуды көздейді, – дейді ол.
Отбасылық құндылықтарды берік ұстанған жанұяны анықтап, болашақта отбасылық үлгідегі балалар үйінің көптеп ашылуына жағдай жасауды мақсат еткен байқауда қатысушылар өзара тәжірибе алмасты. Жарыста Бақтаевтар отбасы жеңімпаз атанды. Жүлделі орыннан көрінгендер арнайы дипломдармен марапатталса, өзге қатысушыларға сертификаттар табыс етіліп, сый-сияпат жасалды.
– Бір үйдің ағайынды бес баласы бүгінде біздің отбасымыздың мүшелеріне айналған. Олардың бір-біріне бауырмалдық сезімдерін арттыру үшін бір шаңырақ астында тәрбиелеп отырмыз. Өйткені, бір үйдің балалары бірге өссе, жанашыр, бауырмал болады. Балалардың білім алуына барынша жағдай жасаймыз және тәрбиесіне жауапкершілікпен қараймыз. Туған ананың аялы алақанын еш нәрсе алмастыра алмайды. Бірақ, балалар үлкендердің жылы сөзі мен мейіріміне зәру болмауы керек. Олар – біздің келешегіміз. Жеткіншектеріміздің жетімдер үйінде тасбауыр болып, отбасы құндылықтары мен ошақ жылуын сезінбей өскенінен артық қасірет жоқ. Сол үшін, бақуатты азаматтарды отбасылық үлгідегі балалар үйі санын көбейтуге атсалысуға шақырамын, – дейді Бақтаевтар отбасының отанасы Гүлсара Бақтаева.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support