- Advertisement -

Экологиялық таза өнімге сұраныс жоғары

300

- Advertisement -

Қай кезде де, экологиялық таза өнімге сұраныс жоғары. Бүгінде бұл мәселе өткір күйінде қалуда. Бәсекелестік жағдайында таза өнімге сұраныс күрт артады. Экологиялық таза өнім дегеніміз – астық, көкөніс, картоп, майлы дақылдар құрамында адам ағзасына зиянын тигізетін заттардың (қалдық нитраттар, ауыр металдар) болмауы. Егер өнімнің құрамында бұл зиянды қалдықтар мөлшерден тыс болса, адам ағзасына зиянын тигізеді, ауыртады. Ал енді бұл зиянды нитраттар, ауыр металл қалдықтары қайдан түзіледі?
Біріншіден, олар құнарсыз топыраққа себілген сапасыз тұқымнан, екіншіден, судың, ауаның шектен тыс ластануынан, егіндіктегі арамшөптерге басқа да зиянкес жәндіктерге қарсы улы химикаттарды және егінді қоректендіру үшін берілетін минералды тыңайтқыштарды ғылыми негізге сүйеніп пайдаланбаудан, яғни мөлшерден артық қолданудан пайда болады. Бұл өте зиян.
Ауыспалы егіс жүйесінің бұзылуы, оның көп шаруа қожалықтарында, серіктестіктерде, өндірістік кооперативтерде ұмыт қалуы, алынатын дақыл өнімділігі мен сапасына кері әсерін тигізуде. Қазіргі ұсақталып кеткен шаруа қожалықтарының ауыспалы егіс жүйесін енгізуге мүмкіндіктері жоқ. Негізінде, ауыспалы егіс жүйесін енгізу үшін, егіс көлемі 800-1000 гектардан кем болмауы қажет. Жоғарыда аталған факторлардың барлығы дақылдардың тез өнуіне, ауруға шалдықпай көктеп өсіп-жетілуіне, сондай-ақ алынатын өнімнің экологиялық тазалығына (сапасы) кері әсерін тигізетін тежегіш факторлар. Осыларды болдырмау немесе оны азайту – өзіміздің қолымызда. Ол үшін ұсақ шаруа қожалықтары іріленіп, егіс алқабына ауыспалы егіс жүйесін енгізіп, оны игеріп, ғылымның соңғы жетістіктерін пайдаланса, өздеріне де, халқымызға да пайдасы зор болар еді.
Қазір жыл өткен сайын ауа ластанып, оттегі азайып, есесіне зиянды көмірқышқыл газы көбейіп келеді. Бұл адам ағзасына, өсімдіктердің өсіп-жетілуіне (тыныс алуы қиындайды) өнім сапасына көп залалын тигізуде. Сондықтан, тек диқан қауымы ғана емес, адамзат баласының жасыл орманның қоршаған ортаға ұшан-теңіз пайда әкелетінін жете түсінетін кезі жетті. Өйткені, ағаштардың жапырақтары ауадағы зиянды көмірқышқыл газын (зауыт, фабрика, көліктердің түтіндерін) өзіне көптеп сіңіріп (фотосинтез жүреді) өзінен таза оттегі бөліп шығарады, яғни ауаны ластанудан сақтайды. Осыған орай орман маңайындағы егіндіктер таза оттегімен тыныстанса (фотосинтез жақсы жүреді) өнімі мол болып, сапасы артады. Орман көп болса, қыс айларында егістік алқаптарға қарды көп ұстап, ылғалды молайтады. Күздің, ерте көктемнің қара суығында егінді (күздік бидай) үсіп кетуден сақтап, жаздың ыстық күндерінде маңайын салқындатып тұрады. Сондықтан, орман маңайына себілген астық, тағы басқа дақылдарынан өнім мол алынып, сапасы жоғары болады.
Диқандар минералды тыңайтқыштарды дақылдарға қолданғанда, топырақтың агрохимиялық карталарын жасатып, соған сүйене отырып пайдалану қажет. Әйтпесе, неғұрлым азот, фосфор тыңайтқыштарын көп берсем, мол, сапасы жағары өнім аламын деп опық жеп қалуы мүмкін. Топырақты құнарландыратын және құнарлылығын кемі 3-4 жыл сақтайтын және өсімдікке қажетті барлық макро-микроэлементтерді (азот, фосфор, калий, бор, марганец, цинк, молибден, цинеб тағы басқа) беретін тыңайтқыш – көң-қи. Сонымен бірге көң-қи себілген егістіктің топырағы жұмсарып, жыртуға жеңіл болады.
Топырақты құнарландырудың екінші жолы – ғылыми жетістіктің соңғы жаңалығы өндірістік негізде дайындалатын биогумулятор, яғни шылаушындарды пайдалану, әрине бұл тәсіл ұсақ шаруа қожалықтарына өте қымбатқа түсуі мүмкін.
Қазір дамыған шет мемлекеттер өз халқын таза экологиялық өніммен қамтамасыз ету мақсатында улы химикаттарды қолданбайды, минералды тыңайтқыштардың өзін аз мөлшерде пайдаланады. Олардың орнына топырақты құнарландыратын биогумулятор, органикалық тыңайтқыштарды пайдаланады. Біз улы химикаттарды егіннің арамшөбін, шегіртке тағы басқа зиянкес жәндіктерді жою үшін қолданамыз. Ал оның зияны өте көп. Улы химикаттар арамшөптердің, зиянкес жәндіктердің 60-70 пайызын жойғанымен, зиянды қалдық элементтері топыраққа сіңіп, дақылдардың тамырын, сабағын, жапырағын тырыстырып, ауруға шалдықтырып, (кейбіреуі күйіп кетеді) өсуін тежеп, өнім сапасын төмендетеді. Улы химикаттарды қолданғанда өте мұқият болған жөн. Бұрын егіндіктегі арамшөптерді, көктемде шығатын шегіртке тағы басқа да зиянкес жәндіктерді жоюмен күресетін аудандық, облыстық өсімдіктерді қорғау стансасы бар еді. Олардың құрамында тәжірибелі мамандары, құрал-жабдықтары, арнайы техникалары болатын. Қазір осы мекеменің әр бөлімдері (фитосанитария, диагностика) өз алдарына бір-бір мекеме, бір-біріне бағынбайды. Қазір бетін аулақ қылсын, шегіртке, тағы басқа жәндіктер шықса, осыларға қарсы күресте жеке-жеке бөлінген мекемелер қауқарсыз, үкіметтен қомақты қаржы сұрайды, қаншама қаражат желге ұшады.
Өсімдікті қорғау мекемесінің мамандары ауылдық округтердегі ЖШС, ӨК, ірілі-ұсақты шаруа қожалығының егіндік, шабындық, мал жайылымдық жерлеріне ерте көктемнен қара күзге дейін, айына екі рет, зиянкес жәндіктердің ұя салған мекендерін анықтап, олардың өніп-өсуін бақылап, картаға түсіріп (бұрын сондай болатын) зиянкестің жұмыртқасы құртқа айналған кезде, оларды жоюға кірісу қажет, яғни көбелекке айналмай тұрғанда. Көбелек болған кезде ұшып кетіп, жою қиын болады. Зиянкестердің құрттарын (личинка) жою экологиялық таза тәсіл агротехникалық шаралар арқылы жүргізіледі, яғни шаруашылықтың егіндік, шабындық алқаптарын көктемде тырмалау, суару, ал мал жайылымдық алқаптардағы зиянкес жәндіктердің ұяларын, құрттарын мал тұяқтары таптап, құртып жібереді. Сондықтан, мал жайылымдары бос жатпау керек, әсіресе, ауылдан тыс жатқан жайылымдар (Мойынқұм, Талас, Сарысу өңірлеріндегі ұлан-ғайыр жайылымдар). Улы химикаттарды қолдануға тек аз мөлшерде, зиянкес жәндіктер шамадан тыс көбейген кезде болмаса, басқа уақыттарда қолдануға тыйым салу қажет. Себебі зияны адамға, қоршаған ортаға өте зор. Кез-келген зиянкес жәндіктер, әсіресе шегірткелердің өніп-өсуі жаңбырлы жылдары тежеледі, ал жаңбырсыз ыстық күндері көбейеді.
Арамшөп егіндікте қайдан шығады? Ол сапасыз, тазаланбаған (лас) тұқым себілген жерден, ауыспалы егіс жүйесінің (севооборот) жоқтығынан, топырақтың терең жыртылмауынан және дұрыс өңделмеуінен болады (тереңдік 22 сантиметрден кем болмау керек). Күздің бір-екі жауынынан кейін күннің қызуымен, арамшөптердің шашылған дәндері мен бидай қалдықтары өніп көктей бастайды. Сол мезетте танапты 22-24 сантиметр тереңдікте жыртып өңдесе, арамшөптердің қалдықтарын 70-80 пайызға дейін ешқандай қосымша шығын (улы химикаттар сатып алуға) шығармай-ақ жоюға болады. Өнімнің мол, сапалы болуы, тұқым сапасына тікелей байланысты. Ескірген, жыл сайынғы бір тұқымды пайдалана беру, өнімнің төмендеуіне, сапасына кері әсерін тигізеді. Мұндай өнім қара күйе, тат, тағы басқа ауруларға шалдығады. Дұрысы элиталы І-ІІ репродукциялы тұқымдарды сепкен жөн.
Сонымен бірге күздік бидай, жоңышқалықты (оңтүстік өңірде) ерте көктемде тырмалауды естен шығармаған жөн. Қыстан әлсіреп шыққан күздік бидайдың, жоңышқалықтың тамырларына ауа өте қажет. Нығыздалған топырақты қопсытып, тамыршаларға ауа кіргізетін осы – тырмалау. Оған орташа тырмалар керек, ал жоңышқалық алқаптарды тырмалауға ауыр тырмалар қажет.
Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше. Енді экологиялық таза өнімге сұраныс күрт артады. Сапасыз өнімді ешкім алмайды. Сондықтан, диқан қауымы өтімді, бәсекеге қабілетті экологиялық таза өнім өндіруге барлық күш-жігерлерін жұмылдырып, тек осы бағытта еңбектенсе, өздеріне де пайда, мемлекет те ұтар еді. Өйткені, мұны өмірдің өзі талап етіп отыр.

Қабыланбек Мейірбеков,
агроном.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support