- Advertisement -

Қазақ руға бөлінбейді

166

- Advertisement -

Елімізде ең саны көп рулар белгілі болды. Жақында интернет сайттар­дың бірінде Қаныш Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ профессоры Баян Рақышев өзі жүргізген зерт­теулерінің нәтижесін жариялады, деп жазады «Айқын» газеті.

 

Ғалымның деректеріне сүйенсек, «Қазақстандағы ең саны көп Орта жүз (4 681 000 адам), екінші орын­да — Ұлы жүз (3 618 700 адам), ал үшінші орында — Кіші жүз (2 521 900 адам). Ал, ең саны көп рулардың көшін Арғын бастап тұр. Олардың саны 2 090 000 адам. Одан кейін Дулат (1 390 000) пен Байұлы (1 120 000) орналасқан. Сан жағынан әлеуетті рулардың қатарына Найман (940 000), Әлімұы (811 900), Қоңырат (690 000), Қыпшақ (640 000), Жетіру (580 000), Жалайыр (485 000), Қаңлы (380 000), Керей (341 000), Албан (325 000), Шапырашты (290 000) және Ысты (225 000) кірген. Ең саны аз рулар: Суан (165 000), Ошақты (160 000), Сіргелі (160 000), Уақ (160 000) екен.

 

Профессор Баян Рақышев қазақ руларын неге зерттеп жүр? Нақты санын қалай анықтаған? Руларды анықтау неге қажет болды? Ғалымға қойғымыз келген сауал да осы.

— Сайттардың көбі нақты ма­қаланы емес, тек кестені ғана ұсын­ған. Соған байланысты көп­шіліктің арасында түрлі пікір­лердің өрбіп жатқандығы шарт­тылық. Ол әңгімелердің шет жағасын өзім де естіп жатырмын. Жалпы, менің ғылыми мақаламда барлығы жан-жақты нақты көрсетілген. Онда рулардың саны ғана емес, қазақтың қайдан пайда болғандығы, жүздердің тарихы туралы мәліметтер бар. Жүздің аталуы себебі неде? Осының бәріне нақты жауаптар беріледі. Мақалаға пайдаланылған дерек­тердің бәрі тарихи еңбектерге негізделіп жазылды. Нақты факті­лердің қайдан алынғандығы да көрсетіліп тұр. Ешкім ойдан еш­теңе құрастыра алмайды. Ал, ру­лардың тарихына келетін болсақ, негізгі мәліметтердің дені Мұха­меджан Тынышбаевтың «Мате­риалы к истории киргизо-казах­ского народа» деген мақаласынан алынды. Ең алғашқы болып рулардың санын анықтаған Мұ­хамеджан Тынышбаев. Ол өзінің мақаласын 1925 жылы жазған.

— Тынышбаевтың мақала­сын­дағы деректердің ескі екені белгілі. Қазіргі қазақ руларының нақты санын сіз қалай анықтай алдыңыз?

— Рулардың нақты санын ешкім есептемеген. Оны санаған да емес. Бір кісі хабарласып: «Аға, сіргеліні неге азайтқансыз? Сір­гелі қазақтың үштен бірі емес пе?» деп жазыпты. Тіпті бір жігіт: «Қа­зақстанда наймандар өте көп. Сіз өзіңіз арғын шығарсыз. Ар­ғын­нан найман екі есе көп» деп айтты. Осылай айтып жатқандар өте көп.

— Руларды анықтаудағы қор­қыныш осы емес пе? Осылай санын білеміз деп, рулардың арасында жік түсіріп алмаймыз ба?

— Бұл мақалада рулардың ара­сын ушықтырып, бір-біріне қарсы қою деген дүние жоқ. Шы­нымды айтсам, мен тарихшы емеспін. Тіпті, бұған арнайы маманданған да жоқпын. Менің қызметім мүлдем бөлек. Бірақ, халықтың санын жинақтап, жиып жүретінім рас. Былайша айтқанда, бұл менің хоббиім десек те бола­ды. Қазақтардың саны туралы, демографиялық өсімі туралы ғылыми зерттеулер жүргізгенім бар. Ал, рулардың тарихын зерт­теуге себепкер болған Тыныш­баевтың еңбегі. Қазақтың рулары араласып-құраласып кеткен. Өзіңіз де білесіз, қазақтың басы­нан небір зұлматты кезеңдер өтті. Аштықты да, жоқтықты да көрді. Қиын-қыстау кезеңдерде батыс­тың қазақтары Ресейге кетті, оңтүстіктің қазақтары Ташкентте қалып қойды. Жөңкіле көшкен көш қазақтың басын әр тарапқа жіберді. «Рулардың санын қалай анықтадыңыз?» деген сауалға келсек, еліміздің әрбір аймағында тұратын халықтардың саны бел­гілі. Оның ішінде қазақтардың саны нақты берілген. Қолымда арнайы кесте де бар. Осы кесте ар­қылы облыстардағы қазақтар­дың санын руларға бөліп шықтым. Мұның бәрі нақты көрсеткіш емес. Шамалап жазып отырған дү­ние. Мәселен, Оңтүстік Қа­зақстан облысында екі миллионға жуық қазақ тұрады. Оны көпшілік жақсы біледі. Ал, енді Солтүстік Қазақстан облысын алайық. Ол жақта бар болғаны 187 мың адам тұрады. Ақмола облысында 300 мыңнан астам қазақ тұрады. Осы адам санын шамалап, руларға бөліп шықтым.

— Сіз бөлген рулардың санына қатысты түрлі пікірлер айтылуда. Тіпті, арасында келіспейтіндер де бар. «Шамамен есептеп отырмын» дейсіз. Нақты саны жазылмаған­дықтан, соңы дауға ұласып кетпей ме?

— Шамамен есептеп шығар­ғаныммен, оның бәрін ойдан қосып отырған жоқпын. Мұндай даудың болатынын өзім де алдын-ала сезгенмін. Өйткені, әрбір ру өзін «көппіз» деп біледі. Мәселен, най­мандар өздерін «көппіз» дейді. Кестеге қараңыз: Ақ­төбе облы­сында наймандар жоқ. Атырау мен Батыс Қазақстан облысында да наймандар жоқ. Маңғыстау облысынан да кез­деспейді. Шамамен есептеп қарағанда, най­мандардың кө­бірек шо­ғырланған жері — Шығыс Қазақстан мен Алматы облысы. Қалған өңірлерде аз-аздан ғана. Оның өзі аз емес. Ендеше, олар неге шошиды? Тағы да қайталап айтамын, бұл танымдық ғылыми жұмыс. Ғылыми мақалада қазақ­тың руларының орналасу тәртібін ғана беруге тырыстым. Жүздер қалай орналасты? Кейін олар қалай мидай араласып кетті? Қай ру қай аймақтарға қоныстанған деген мәселелерді ғана көтеріп отырмын.

— Сіз анықтаған сандарға қа­расақ, арасында қожа мен төрелер жоқ. Олар қазақтың санына кірмей ме?

— Олардың нақты санын есептеу мүмкін емес. Өйткені, төре мен қожа көп аймақтарда руларға сіңісіп кеткен. Арғын мен дулат ең көп ру екенін анықтап отырмын ғой. Қожа мен төрені соның ішіне қоса салғанмын. Мәселен, солтүстікте, шығыс пен батыста қожалар рудың ішіне кіріп кеткен. Олардың респуб­ли­кадағы нақты көрсеткіші екі пайызға жетер-жетпес қана. Біреу көп, біреу аз дейтін шығар. Менікі жай болжам. Жалпы, «Руды анық­тау неге керек?» деп сұра­дыңыз. Жалпы, халықтың ара­сында «пәлен ру пәленбай», «түген ру түгенбай» деген сөздер айтылып жүреді. Сондықтан, оның санын есептеп шығарғанда тұрған ештеңе жоқ. Оған дауласып та керегі жоқ. Бұл жерде мен ха­лықты руға бөлейін деп мақсат тұтып отырған жоқпын. Бұл ғы­лыми жоба ғана.

Баян Рақышев осылай дейді. Ол өзінің ешқандай рудың нақты санын анықтамағанын, тек халықтың орналасу тәртібі бойынша, руға бөліп шыққандығын айтады. Дегенмен, рулық бөліністі осылай реттегеніміз дұрыс па? Руды білген дұрыс, ал бөліну қажет пе? Руды анықтау арқылы рулық тартысты күшейтіп алмаймыз ба? Бұған белгілі тарихшы ғалымдарымыз не дейді?

 

Осы сауалды тарихшы Ахмет Тоқтабайға қойдық.

— Рулардың санын анықтауға болады. Бірақ, оның не үшін қажеті барын түсінбей­мін. Қазақстандағы қазақтың өзі әлі жетпіс пайызға жеткен жоқпыз. Бүкіл әлем бойын­ша қазақтардың саны шамамен 12 мил­лиондай ғана. Аз халықты руға, жүзге бөліп санау неге қажет болғанын түсінбеймін. Түсінгім де келмейді. Бұл бір жағынан, әлі ұлт болып ұйысып, қалыптаспағанымызды көрсетеді. Ұлттық сан жетілмей жатыр. Дамыған елдер капиталистік сатыдан өткеннен кейін ұлт болып қалыптасты. Біз тайпалық жүйеден бірден қызыл империя­ның қолына өттік. Қызыл империя бізді рулық санадан арылтқан жоқ. Тәуелсіздік алған 25 жылда да рулық сананы қайта тірілткен секілдіміз. Әр халық, әр тайпа, әр ру өзінің батырларын, билерін ардақтап, әспеттеп, оларға ескерткіш қойды. Бұл бір жағынан — дұрыс. Ал, 21 ғасырдың бірінші ширегінде отырғанда бізге рудың санын анықтаудың қажеті де жоқ.

Рулардың тарихын білген дұрыс. Бірақ, жеке рудың тарихын алып жазу мүмкін емес. Ол үшін географиялық ортамен жазуымыз қажет. Жеті ата, он екі атаны бөліп алып, бөлектеп жазғанды дұрыс деп санамаймын. Тіпті, жеті атаны білудің қажеті де шамалы. Неге десеңіз, қазір қазақ мидай араласып кетті. Мысалы, арқаның қазағы, шығыс пен батыстың қазағы араласып кеткен. Бұрын араласпаса да, 30-шы жылдардағы ашар­шылық соған мәжбүр етті. Тіпті, кейбір рулар жойылып та кетті. Колхоздастыру, коллективтендіру науқаны кезінде де, тұтасып отырған руларды шашыратып жіберді. Бұрынғыдай қазақ бір тайпа болып, бір ауыл болып тұтасып отырған жоқ. Бұрынғы заманда қан араласып кетпеуі үшін алқалы билер, ақсақалдар қадағалап отыратын. Қазір бір рудан шыққан жастар­дың кездесуінің жүзден, мыңнан бір мысалы ғана бар шығар. Онда да кездесуі мүмкін емес. Рулар өз жайлауында, өз қыстауында, өзінің атамекенінде отырған жоқ.

Кеңес үкіметі тоз-тозымызды шығарып жіберді ғой. «Жеті атасын білген дұрыс» дейтін шығар. Мәселен, менің жеті атам төрт мем­лекетте жүр. Қазақстан, Қытай, Моңғолия, Түркия. Біз қалай кездесе аламыз? Мүмкін емес. Басқа қазақтың рулары да солай. Мидай араласып, шашырап кеткен. «Жеті атаны білу — ұрпақ тазалығының кепілі» деген пікірдің заманы өтті. Ал, жоғарыдағы сауалға келсек, рулардың нақты санын анықтауға болады. Ол үшін бір руды алып, оның атамекенінен бастап, шашырап кеткен аймақтардан іздеу керек. Ол — қиямет-қайым жұмыс. Екіншіден, оның неге қажеті бар? Қазір өркениетті елдерде ұлт деген ұғым ғана бар. Елу миллион неміс өздерін «неміспіз» деп қана атайды. Бір жарым миллиард қытай «қытаймыз» деп мақтанады. Ал, біз айналдырған он миллион қазақ бөлінуге дайын тұрамыз. Осы дұрыс па? Қазір бізге рулық санадан гөрі ұлттық санаға өту керек. Ұлттық идеология болуы шарт. ХХ ғасырдың басындағы Алаш идеолог­тары не деп ұран тастады? «Ұраны­мыз — Алаш, керегеміз — ағаш, Абылайдың ақ туының астында бірігейік!» деді. Бізге де сондай ұран керек. Мәңгілік ел деп жүрміз.

Бұл — дұрыс бастама. Осы Мәңгілік елдің негізгі идеясы — ұлт болуы шарт. Осы Мәңгілік ел идеясының ішін қажетті канон­дармен толтыруымыз қажет. Сондықтан, мұндай мәселелерге байыппен қараған абзал. Жас ұрпақты рулық санамен улаудың қажеті жоқ. Бұған мүлдем қарсымын. Қазір кейбір мектептерде жеті атасы туралы шығарма жаздыртады екен. Ол неге керек? Шығарма жазуға негіз болатын басқа та­қырып бітіп қалып па? Мұғалімдер осыны ойланса деймін. Қазаққа қажеті ол емес. Біз бүкіл қазақтық, бүкіл алаштық, Мәңгілік ел идеясының астында бірігуіміз керек. Сонда ғана біз тұтас ұлт болып қалыптаса аламыз.

Ататекті, шежірені зерттеген де жөн шығар. Қазақты құрайтын рулар туралы деректерді жүйелегенде, бұл тарапта ғылыми ізденістер жасағанда ұдайы есте тұруға тиісті нәрсе бар. «Білдіреміз деп жүріп, бүлдіріп алмайық!». Ата заңымызда ру аралық кикілжіңдердің туындауына жол берілмейтіндігі тұрғысында аталы сөз айтылған. Басты таразы сол болуы тиіс. Қазақ ұлты мына жаһандану заманында бәсекеге қабілетті болуы үшін бізге бөлінуден гөрі — бірігудің маңызды фактор екенін ұмытпайық!

 

Гүлзина БЕКТАС

Ақпарат көзі :ҚазАқпарат

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support